Бас жаңалықтар
Бурабайда қысқы демалысты қалай өткізуге болады?
EX PHOTO
04 Ақпан 2021, 10:45 937

Бурабайда қысқы демалысты қалай өткізуге болады?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Халық арасында Бурабай «Қазақстанның Швейцариясы» деп аталып кеткен. Табиғаты әсем Бурабай өлкесінде жылдың қай мезгілінде де демалысты қызықты ұйымдастыруға болады.


Әсіресе, жазда Бурабай көліне суға түсіп, жағажайда, орман ішінде серуен құруға болады. Ал күзде түрлі түске боялған Бурабай табиғаты сұлулығымен ерекшеленетіні белгілі.


Қыстың суығына қарамастан Бурабай курортында демалушыларды кездестіруге болады. Олардың көбі сауықтыру орталықтарында, қонақ үйлерде демалыстарын өткізеді.



Біз де ауа райының қолайлы сәтін пайдаланып, 2 күндік демалысты табиғат аясында өткіздік. Табиғаттың әсем бейнесін кадрға түсіріп алдық.


Астаналықтар үшін Бурабайға жету шамамен 3-4 сағатты алады. Курортқа дейін елордадан пойызбен, жеңіл көлікпен жетіп алуға болады.



Бурабайдағы туристердің көбі елордалықтар.


Қысқы демалысты қалай өткізуге болады?! Бурабайдың қандай сұлу жерлерін аралап, уақытты қалай көңілді өткізуге болады?



Туристер үшін коньки тебу орны бар. Яғни Бурабай көлі үстінде коньки теуіп, жұмбақтас маңайына дейін мұздың үстімен жүруге болады.


Одан бөлек, отбасымен шаңғы тебумен айналысып, баллондарды жалға алып, сырғанауға болады.


Курортта жаздағыдай адам саны көп емес. Сонымен бірге, мерзім болмағандықтан, сондай-ақ карантин салдарынан курорт аймағындағы біршама дәмхана, ресторан, асханалардың жұмысы тоқтаған.



Орталықтағы Кенесары көшесі маңынан тек бірен-саран асханалардың ғана жұмыс істеп тұрғанын байқауға болады.


Бурабайға алғаш рет қыдырып барған елордалық туристің пікірін білдік.


Туып-өскен жерім Шығыс Қазақстан облысы. Бірнеше жылдан бері астанадамын. Бурабайға жолым түсіп, бүгін алғаш рет келіп тұрмын. Маған табиғаты өте қатты ұнады. Бірінші күні Бурабай көлі маңындағы орманмен жүріп, тауға шықтық. Қасымдағы құрбыларымның айтуынша, біз шыққан тау бөлек тұрғандықтан Бөлектау деп аталып кеткен екен. Тауға шығу соншалықты қиынға соқпады. Қатты аяз болмағандықтан тауға шығамын дегенше аздап терлеп те алдық. Бірақ денсаулығымызға пайдасы көп. Әсіресе артық салмақтан арылуға көмектеседі, - дейді Ботагөз Смағұлова.


Оның айтуынша, қызмет көрсету саласына әлі де көңіл бөлу керек.


Себебі сырттан келген адамдарға, туристерге ең керегі асхана мен әжетхана. Десе де маған бәрі ұнады. Енді Бурабайға жиі келіп тұруға тырысамын, - дейді елордалық турист.


Сондай-ақ, Бурабайға келушілерге немен айналысуға болатыны туралы кеңесімен бөлісті.



Қазір қыс кезі болғандықтан суға түсе алмаймыз. Сондықтан уақытта құр өткізбес үшін атқа отыруға болады. Орманның ішімен жүріп, таза ауада демалуға болады. Абылайй хан алаңына барып, хан тағын айналып, арман-тілекті айтуға болады. Одан бөлек, курорт аймағында базар жұмыс істесе, сол жерден түрлі естелік сыйлықтар алуға болады. Мен Абылай хан алаңы маңында жұмыс істейтін дүкеншіктерден достарыма сыйлық алдым, - деп айтты Смағұлова.



Одан бөлек, Бурабайда қазақтың ұлттық киімдерін киіп, бүркітпен суретке түсуге де болады. Балық аулауға болады.



Сонымен қатар, Санта резиденциясы маңында атпен серуендейтін аймақ, иттер мен бұғылар жегілген шаға отырып, серуендеп келуге болады.



Курорт орталығынан Абылай хан алаңына дейін жаяу жетуге немесе таксиге отырып жетуге болады. Такси жүргізушілері бір бағытқа шамамен 800-1000 теңге алады.


Абылай хан алаңында «Батырлар» деп аталатын сурет-мүсін композициясы қойылған.

Туристер бұл композициядан қазақ халқының біркітпен аң аулау, «Көкпар», «Қыз қуу» және «Мерген» ұлттық ойындарын байқаса, енді бір жағынан жеті батырдың бейнесін көре алады.


Бурабайдағы жануарлар бағы, музей халықтың сұранысына ие жерлердің бірі.


Ал базарларында, дүкеншіктерде қайыңнан жасалған түрлі заттарды сатып алуға болады.


Айта кетейік, Бурабай Щучинск қаласынан 25 шақырым жерде орналасқан.


Бурабай – санаторийлер, профилакторийлер, демалыс үйлері, спорт-сауықтыру лагерлері аймағы.


Бурабай көлінің жағасының маңында 1987 деп жазылған ескі ғимаратты кездестіруге болады.



Бұл Бөлектауға көтерілетін жол. Ағаштан жасалған баспалдықтың кей жерлері сынып жатыр.







Фото: автордан
Загрузка...