Бас жаңалықтар
Бұлбұл Кәпқызы: Кез келген жеріне ою салынса болды, ұлттық киім дейтіндер бар
09 Қаңтар 2019, 13:21 845

Бұлбұл Кәпқызы: Кез келген жеріне ою салынса болды, ұлттық киім дейтіндер бар

Астана, BAQ.KZ тілшісі. «Nomad» этноорталығының этнографы, қолөнер шебері Бұлбұл Кәпқызымен қазақтың ерекше өнері – терме теру мен ою ою туралы әңгімелескен едік. «Қазіргі кезде қызға тән оюды жігітке, жігітке тән оюды сырмаққа сала беретін болды» - дейді шебер.

- Жалпы ою-өрнектің қазақтың дүниетанымында алар орыны жайлы айтсаңыз?

- Қазақ халқы ою-өрнек салып, өз ойын ою-өрнек тілімен жеткізіп отырған. Дүниеге көз қарасын, дүниетанымын, айтқысы келген ойын ою-өрнекпен жеткізген.

Жалпы қазақ халқының ою-өрнегі – ежелден жалғасып келе жатқан өзіне тән дәстүрлі ою-өнегі және басқа ұлттардан ауысқан ою-өрнектер деп бөлінеді. Әрбір ою-өрнек мағынасына, бедерінің үйлесімділігіне сай қолданылады. Мысалы қыз баланың көйлегіне құстың қанаты іспетті, ал бөркіне, сәукелесіне құс тұмсық тәрізді оюларды бейнелейді. Себебі ұзатылған қыз жат жұртта құстай еркін болсын деген мағына береді. Жалпы қыздардың киіміне еркіндіктің символы болатын оюларды салып отырған. Ал ұл балалардың киіміне, әсіресе бас киіміне тау тектес оюларды салған. Себебі еркін даланың ерке ұлдары әрқашан биік, асқақ болсын деген ұғым бар. Сонымен қатар, далада жүргенде аман жүрсін деген тілек осы ою арқылы берілген. Қос мүйіз, ай мүйіз, қошқар мүйіз оюларын киіз үйдің туырлығына, сырмаққа салатын болған. Себебі қорам қойға толсын, өрісім малға толсын деген ұғым береді.

- Иә, осы ою-өрнектің өз атаулары барын білеміз. Сол атауларына, олардың мағынасына, қай оюды қайда қолдану керектігіне тоқталсаңыз..

- Әуелі ою-өрнек деген қатар қолданылатын, тұтас ұғым болғанымен ою – бір заттың қиындысын не ойындысын екінші бір соған сәйкес келетін затқа орналастыру немесе қиюластыру. Сол арқылы ол ою деп аталған. Ал өрнек дегеніміз – сол оюдан бастап, түрлі заттардың бетіне салынған әшекей, бедерлер. Осыдан барып «ою-өрнек» деген біртұтас ұғым пайда болады. 

Осы орайда ою-өрнектің мән-маңызына тоқталар болсақ; қазақ халқы ежелден осы ою-өрнек тілімен сөйлей білген. Сол арқылы оюдың астарына айрықша ұғымдарды жасыра білген. Мысал, ай мүйіз, қос мүйіз, арқар мүйіз қатарлы оюлар – асқақтықтың, байлық пен мырзалықтың белгісін білдіреді. Сондықтан да, қораң қойға толсын, өрісің малға толсын деген ишарамен қонағының астына төсейтін төсеніштеріне, сырмақтарға, текеметтерге осы оюларды салатын болған.

Сонымен қатар, бұл оюларды туырлық қасқа, түндіктің пұшпағына салған. Ол – берекені, байлық пен асқақтықты білдіреді деген ұғым болған халық санасында.

Басқа заттарға өрнек салғысы келсе, су бейнелі, екі түрлі жіппен кестеленетін алақұрт секілді оюларды салатын болған. Оның да өзіндік сыры бар. Мысалы алақұрт оюы ақ пен қара жіптің астасуы арқылы тоқылады. Бұл – ақ пен қара алмасқан өмірдің нышаны.

Дегенмен қазіргі таңда оюдың, өрнектің мән-мағынасына көңіл аударып жатқан ешкім жоқ. Базарға барып бір шапан алайын десең, өнебойы толған өрнек, алабажақ әшекейге толып тұр. Шын мәнінде шапанның құны салынған ою-өрнегімен өлшенетіні анық, бірақ ол жыпырлатып өрнектей беру керек деген сөз емес қой. Себебі қазақ ою салғанның жөні осы екен деп барлық нәрсені шыбарлай бермеген. Әр оюдың өз орны бар, мәні мен мағынасы бар, жасап жатқан затына тән ерекшелігі бар сол арқылы ғана ол құнды болған. Мысалы ерте кездегі киімнің бәрі оюлы болмаған. Киімнің құнын арттырып, жарасымды көрсетудің бір сыры - тігуі, стилі, матасы және сәнімен, мағынасымен, мәнімен басылған оюы. Ер адамдардың қатипамен, жакартпен, барқытпен тігілген сырттықтарына, қоқан тондарға, тері киімдерге көбінде ою-өрнек салмаған.

Ал тұтыну бұйымдарына, сырмаққа, тұскиізге басылған оюлардың да өзіне тән ерекшеліктері бар.

- Қазіргі таңда ою-өрнекті келсін-келмесін шұбарлап баса беру немесе тұскиізді еденге төсеп, сырмақты қабырғаға ілетін болды. Бұған не айтсыз?

- Қазақтың қолынан шыққан әрбір жәдігері әрі құнды, әрі киелі. Және сол жасалған заттың өзіндік орны бар. Мысалы еденге төсеу үшін кілем, алаша, сырмақ, текеметтер жасалады. Мұның барлығы тек жерге төсеуге арналған. Ал тұскиіз, тұскесте қатарлы қабырғаға немесе керегеге ілуге арналған бұйымдар бар. Бұлардың орнын алмастырып пайдалану – шалбарыңды жейде, жейдеңді шалбар ретінде киюмен бірдей. Тұскиізді алып қарайық. Оның өзіндік міндеті, маңызы, мәні, сәні бар. Және оған тоқылатын өзіне тән ою-өрнектері бар. Тұскиіз тоқыған кезде, екі жанын және басын көмкереді де, етегін, яғни төмен қарайтын жағын ашық қалдырады. Себебі, өмірдің басы бар, соңына ешкім жетпейді, яғни ұрпағы жалғасады дегенді білдіреді. Мұның сыртында жолымыз ашық болсын деген де ниет жатыр астарында.

Сол секілді сырмақтың да, алашаның да төрт жағы жадағай, көмкерусіз болады. Бұның да сыры бар. Сырмақ, алашалар үнемі жерге төселетін бұйым болғандықтан ол әуелі адамның отыруына жайлы болуы керек, екіншіден қонақжайлылықты білдіреді.

Осы орайда жақында ғана көзге қораш, көңілге кірбің ұялатқан бір жайды айта кетейін. Жаңа жыл қарсаңында телеарналардың бірінен Алматыдағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрында өткен айтысты берді. Сол кезде тұскиізді ақындардың астына төсеп беріпті. Өзі «Дәстүрлі» деген ат иеленіп отыр театр, оның сыртында өтіп жатқан шара да қазақ халқының ерекше өнері – ақындар айтысы. Сол жерде театр ұжымы, ұйымдастырушылар, тіпті жюри мүшелерінде отырған үлкен ақсақал ағаларымыз, зиялы қауым неге ескертпеді екен деген ой келді. Жарайды, еденге төсегені ештеңе емес десек те, тұскиіздің басын аяғына, аяғын басына қаратып қойыпты. Көрген көзге ерсі екен. Өз басым рухани жаңғырамыз деп жатқан кезде ұлттық құндылығымызды олай қорлауға болмайды деп ойлаймын. Әр затты өзінің орнымен, атқаратын міндетіне сай, құндылығымен қолданған дұрыс.

- Жаңа бір сөзіңізде, қыздардың немесе ер адмдардың киіміне басылатын ою-өрнек бір біріне ұқсамайтынын айтып қалдыңыз. Ал енді, осы төсеніштерімізге, не төсекаяқ, тұскиіз, жүкаяқтарға басылатын оюларда, өрнектерде өзгешелік бар ма? Мысалы, мынау тұскиіздің өрнегі, мұны сырмаққа басуға болмайды дегендей.

- Оюдың негізі қос мүйіз, қошқар мүйізден басталады. Бірақ, «мынау сырмаққа салуға тиіс ою, мынау тұскиізге салуға тиіс ою» деп бөлінген ою жоқ. Тұскиіз қабырғада немесе керегеде ілініп тұратындықтан оған көбінде дөңгелек ою салып, ішіне сәйкесінше түрлі өрнек тоқып, дөңгелектің сыртын бітпеспен шеңберлейді. Ал сырмаққа салатын ою кесек, ірі-ірі болып келеді. Жүкаяқтар, төсекаяқ, аяққап секілді тұтыну бұйымдарына гүлді өрнектер, тұмаршалар, жұлдызшалар т.б. қатарлы өрнектер салған. Негізінен әр заттың қолданысына, атқаратын міндетіне қарай үйлесіммен өрнектеген.

Біз қазір осы әр заттың міндеті мен өрнектің үйлесімінен ажырап қалдық. Қарап отырсаңыз сырмаққа салатын қошқармүйіз, сыңармүйіздерді шапанға салып алдық. Онымен қоймай, асқақтықты, биіктікті білдіретін оюларды етегімізге, жеңімізге, шалбардың балағына кестелеп жүрміз. Бұның өзі сол оюдың түпкі мағынасын түсінбеуден туындаған кемістік. Ал етекке салатын қолтырмаш, бітпес, су, т.б. оюларды киімнің басқа жерлеріне жапсырып жүрміз. Сонымен қатар, ерлер мен әйелдердің киіміне салынатын ою екі түрлі, әйелдердің киіміне салынатын ою-өрнектер нәзіктікті, сұлулықты, сыршылдықты білдірсе, ерлердің киіміне көбіне батырлықты, ерлікті, төзімділікті танытатын оюлар тоқылған. Мысалы ер адамның шалбарының екі балағына, шапанының арқасына дөңгелек шеңбер салып, оның ішіне түрлі гүлді оюларды салатын болған.

Шын мәнісінде, жаңа жоғарыда да айтып жатырмыз, ежелден әр затқа салатын ою-өрнек үйлесімділігіне қарай бөлініп, ерекшеленген. Осы үйлесімнен ажырағалы бері біз ұлттық киімімізді киюді де сиреттік. Тек той-томалақта ғана бір бірімізге сый ретінде беріп қоямыз, басқа уақытта, күнделікті өмірде киіп жүру деген жоқ. Себебі көшеге киіп жүруге келмейді, кім үсті-басын алабажақ-алабажақ етіп жүргісі келеді дейсіз?

Ал ежелгі қазақтың шапаны ең құнды дүниесі болған. Кез келген қылмыста, кінәлі болып қалғанда ат-шапан айып төлеген. Яғни, кішігірім құн төлеуге дейін жетіп тұрған шапанның қандай шапан болғанын ойлап көріңіз енді. Мұндай шапандар киюге де лайық болған. Қазіргі біздердікі секілді бір тойдан бір тойға сыйлық ретінде ғана жүретін алабажақ шапандардан гөрі, құндылығы да осында болса керек.

Қазіргі кезде қазақ шапаны екенін таныту үшін ою салсақ болды деген түсінік бар. Содан да әлеміштеп кез келген жеріне ою сала береді. Оның матасына, сәніне, құнына ешкім көңіл аударып жатқан жоқ. Онымен қоса, қазіргі тігіліп жатқан киімнің көбі салтанатты жиындарға, театрларға, сыйға беруге арналған. Ешкім де күнделікті киіп жүру үшін ұлттық киім тігіп жатқан жоқ. Ал қазақ халқы ежелден мерекеге, жай күндерге, қаралы жиынға, салтанатты кездесулерге деп жеке-жеке дәстүрлі киім тігіп киген. Мысалы ер адамдардың пұшпақ тымағы бар. Ол көбінде салтанатқа, серілікке киілсе, түлкінің терісінен, қозының елтірісінен тігілген қауқар тымақ – күнделікті тұрмыста киілетін бас киім. Бұл тымақтарға ою-өрнек салғанын көрмеппін өз басым.

- Осы салаға ерекше тер төгіп жүрген шеберсіз. Жалпы қазақта оюдың қанша түрі бар?

- Қазақ халқының қолөнерін, тіпті күллі өмірін оюсыз елестетуге болмайды. Дегенмен ою әркімнің өз қолданысына қарай ерекшеленеді. Себебі әркім әр түрлі қиялдайды, әркім әр түрлі елестетеді. Тіпті кейбір шеберлердің өздеріне тән, өз қолтаңбасы танылып тұратын оюлары болады. Мысалы мен омыртқа тәріздес қошқар мүйізді көп қолданамын.

Ал оюдың түріне келер болсақ, мен оның атауы мен түрін сипаттап бере аламын, бірақ қазақта осынша ою бар деп санап бере алмаймын. Себебі бұл ұттың қазынасы. «Ел іші – өнер кеніші» дейді, мен білмеген, мен көрмеген ою түрлері, атаулары болуы заңдылық. Халық қиялынан туған, жадында жатталған қазына шексіз. Ежелден бері ел көңілінде жатталып, халықтың мол мұрасына айналған ою түрлері әрбір заттың бейнесіне, қимылына ұқсастырылып жасалған. Мысалы, ырғақ, толқын секілді қимылға қатысты ою-өрнектер болса, геометриялық фигураларға ұқсаған құсмұрын, бұрыштық, тұмарша қатарлы оюлар кезедеседі. Бұлардан бөлек алақан, жүрекше, шұғыла, жұлдыз, ай, шытыра, көбелекше, бунақ, бастырма, балдақ, сағатбау т.б. өрнек бедерлер жетіп артылады.

Өз басым таңдай тектес сынық мүйізді көбірек қолданамын. Бұл оюлар терме тоқуға қолайлы. Одан бөлек, қазіргі тоқып жатқан термемде «самауырын» деп аталатын ою түрі бар.

Осы орайда өз басымнан бір жайды айта кетейін. Осы тоқымашылық, қолөнермен айналысуды қолға алған кезде жеке кәсіпкерлігімді «Сыңар мүйіз» деп атадым. Оның да өзіндік сыры бар. Бұл істі жолдасым өмірден өткен соң, жаныма жұбаныш ретінде қолға алған едім. Сондықтан да жеке кәсіпкерлігімді мен сыңармын, жалғызілікпін деген мағынада «Сыңар мүйіз» деп атадым. Алайда, ағайын-туғаным, бала-шағам бар, неге мен сыңар боламын деген ой келді.

Осы секілді ою ойғанда, өрнек тоқығанда әркім өзінің фантазиясы жеткенше, ой-өрісінің қалауынша атайды. Сондықтан да, қазақ оюы ең бай, ең көп таралған және саны да шексіз деген ойдамын.

- Терме тоқуға тереңірек тоқталып өтсеңіз...

- Терме тоқу немесе терме теру көбінде киізүйдің жабдықтарын түгендеуге арналған. Себебі киізүйге жабылатын үзік, туырлық баулары, түндіктің кіндік бауы, шаңырақтың желбауы, басқұр қатарлы бұйымдардың барлығына термебау пайдаланылады. Бұл біріншіден сәндік үшін болса екіншіден термебау берік әрі басқа арқан-жіптер секілді киізді не уық-керегені қажамайды. Сонымен қатар термебауды төсекаяққа, кермеге, т.б. киізүйге тұтатын сәндік бұйымдарға да қолдануға болады.

Ал терме теруге келер болсақ, оның өзі бірнеше түрге бөлінеді. Тақыр тоқу, түкті тоқу, қалдыбау, термебау, терме алаша қатарлы түрлері бар.

Өзім тақыр тоқу мен термелеп тоқу деген екі үлгісін қолданамын. Ара-арасында қалдыбау тоқу арқылы да терме теремін. Жақында мен тоқыған терме ЮНЕСКО-дан сапа белгісін ұтып алды.

Терме теруде де қазақтың оюлары көп пайдаланылады. Әсіресе геометриялық фигуралар негізіндегі өрнектер қолданылады. Жаңа жоғарыда терменің түрлерін айттым, ал термені тоқудың да өзіндік түрлері бар. Мысалы, екі жүз теру, бидай теру, кежім теру, бұқар теру қатарлы түрлері бар. Осының ішінде кежім теру мен бұқар теру Батыс Қазақстан өңірінде көбірек қолданылады. Кежім теру – аттың кежімін бүтіндей термелеп тоқудан шықса, бұқар теру – Бұхара жағының кілем тоқуы негізінде пайда болған атау болуы мүмкін.

Осы орайда бір мәселеге тоқталғым келеді. Қазір біреудің жасаған дүниесіне сын айтатын кез емес. Дегенмен, осы тоқымашылық, ою ою бағытында барлығын өз қолыммен жасап, осы саланың қазанында қайнап жүргендіктен, кейбір кемшіліктерді байқаймын. Мысалы, терме тоқу, ою-өрнек жасау тақырыбындағы кітаптардың көбінде жалпылама айтылады да, осыны жасау технологиясы көрсетілмеген. Терме теру үшін қанша жіп керек, оны қалай құрып, қалай теру керек, оны қандай мақсатта қолданылады дегенді ешкім ашып жазбайды. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін терме терудің, ою ойып, тұскиіз тоқудың технологиясын құрастырып, кітап етіп, баспаға дайындап қойдым. Алла жазса, алдағы уақытта оқырманның қолына тиіп қалады деген үміттемін.

Бұдан бөлек, барлық бау-шуымен, киіз-кепшігімен, үйағашымен қазақтың ұлттық киізүйін жасап бітуге таяп қалдым.

- Ісіңізге береке тілей отырып соңғы сұрағымды сұрасам. Киізүйді сәндеудің жөні осы екен деп, келсін келмесін айқыш-ұйқыш терме баумен шандып тастайтын болдық. Осыған не айтасыз?

- Ол рас. Қазіргі кездегі мерекелерге ғана тігілетін, елімізде киізүйді мерекелерде ғана көреміз ғой онсызда, киізүйлерді нақты жағдайда ешуақытта қолданылмайтын қалың шым-шытырық, алабажақ термебаулармен шырмап тастайтын болдық. Бір ғана мысал, Астанаға барған бір сапарымда Ұлттық музейде тігулі тұрған киізүйді көрдім. Іші айқыш-ұйқыш баудан көрінбейді.

Біріншіден киізүйдегі баулардың әрқайсысының өзіндік атқаратын міндеті болса, екіншіден - ол үйдің сәні. Мысалы 2 үзікте алты-алтыдан 12 бау бар, оның 4-і үйдің ішіндегі адамға көрініп тұрады. 4 туырлықтың екі-екіден 8 бауы бар, оның барлығы үйдің ішінен көрініп тұрады. Түндіктің кіндік бауы ғана іштен көрінеді, және шаңырақтың екі жел бауы мен бір үйге 4 жерден уықбау салақтатылады. Бұл уықты топтастырып жинаған кезде байлауға арналған бау, сондықтан оны сәндеп, ұшына шашақ тағып шаңырақтың арысына жақын, уықтың қаламұшынан салақтата салады. Міне, киіз үйдің ішінен қарағандағы негізгі баудың саны осы ғана. Ал басқұр мен шалмажіп те үйдің ішінен көрінеді, бірақ шалмажіп уықтың бауырын шалғанда білінбей қалады немесе тұскиіз тұтқанда тұскиіздің бауының астында қалады. Ал басқұр уықтың аяғы, керегенің басында тұтылатындықтан бұл үйдің сүйегі мен кигіздің арасында қалады. Осындай өз міндетін атқарып тұрған бауларды халқымыз сәндік, әдемілік үшін термелеп тоқыған. Қазіргі киізүйлердегі шырмауықтай шұбатылған жөн-жосықсыз шандыған баулардың қандай міндет, қандай сәндік атқарып тұрғанын ешкім түсінбейді.

Айта берсек әңгіме көп. Осы өнердің, осы саланың басы-қасында жүрген соң әр нәрсенің өз орнымен, мән-мағынасымен қолданылса екен деген жанашырлықпен айтып жатырмын. Ертең ұрпағымыздың алдына ұлттық дүниетанымымыз орнықты, ұлттық құндылығымыз түгел жетсе деген ой.

- Әңгімеңізге рахмет!

Ержан Жаубай

Сізден жаңалық