Бұл уақыт күттірмейтін мәселе. Мәди Ахметов жас ұрпақтың денсаулығына алаңдады

3 Қараша 2021, 13:33
954
Бөлісу:
Бұл уақыт күттірмейтін мәселе. Мәди Ахметов жас ұрпақтың денсаулығына алаңдады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілістің жалпы отырысында жас депутат Мәди Ахметов Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжановқа сауал жолдады.

Оның айтуынша, еліміз пандемиямен арпалысып жүргенде, жасөспірімдер арасында бір реттік вейп «эпидемиясы» белең алып барады. Бүгінде оң-солын танымаған жас ұрпақтың санасын көк түтінмен улаған бір реттік электронды шылымның дәурені жүріп тұр.

Жастар арасында вейп таңсық дүние емес, бірақ соңғы уақытта бір реттік түрі пайда болғалы жағдай күрт өзгерді. Сөрелерден шылым кетіп, орнын арнайы сұйықтықты толтыруды, қайта қуаттандыруды қажет етпейтін құрамында никотині темекіден 2,5 есе жоғары, бір реттік вейп алмастырды. Нәтижесінде осы уақытқа дейін мемлекет тарапынан никотинді шектеуге бағытталған ауқымды жұмысты жоққа шығарып отыр, - деді ол.

Мемлекет басшысы қол қойған «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің 110-бабына сәйкес, 21 жасқа толмаған тұлғаларға ішінде сұйықтығы бар шегуге арналған электронды құрылғыны өнім сапасын растайтын тиісті құжаттарсыз, акцизді маркасыз сатуға тыйым салынған. Сонымен қатар оларды білім ошақтарының маныңда ашық сөрелерде сатуға рұқсат етілмейді, яғни олар кез келген сауда нүктелерінде жабық перделердің артында, сөрелердің астында болуы керек.

Әйтсе де, кез келген дүкен сөресінде толып тұрған түрлі-түсті мұқабалы, сан түрлі дәмі бар бір реттік вейптен көз сүрінеді. Құны 2 мың теңгеден басталатын арзан «у» кәмелетке толмаған жеткіншіктерге емін-еркін сатылып жатыр. Дүкен былай тұрсын, әлеуметтік желіні ашсаңыз, никотинді тауарды тәулік бойы үйіңізге тегін жеткізіп беретін пабликтерде, анонимді телеграм каналдарда жүздеген жарнама самсып тұр, - деп айтты Ахметов Мәжілісте.

Оның айтуынша, тапсырыс берушінің жасын сұрап, бас қатырып жатқан ешкім жоқ. Осының салдарынан оқу жылының басынан оқушылар арасында түтіні будақтаған зиянды шылымға сұраныс еселеп артқан. Тіпті кейбір мектептерде жоғарғы сынып оқушылары бастауыш сыныптарға бір реттік темекінің құнына ақша қосып сатып, әуестендіріп жүр.

Еліміздің ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының соңғы 2019 жылғы зерттеулерінің мәліметіне сүйенсек, 11 жастан 15 жасқа дейінгі электронды темекі шегетін жасөспірімдердің саны 3 есеге, ал қыздар арасында 2 есеге өскен. Көш басында 3,9 пайыз көрсеткішпен алматылық жасөспірімдер тұр. Аталған зерттеу соңғы екі жыл жүргізілмегендіктен, қазіргі жағдай мүлде белгісіз.

Әлемнің 35 елі тыйым салған, 65 мемлекет арнайы шара қабылдаған элетронды және бір реттік темекілер бізге Қытайдан ешқандай сертификатсыз, шектеусіз мөлшерде ағылып келіп жатыр. Бір қарыс құралдың құрамы әлі күнге дейін анықталмаған, нақты зерттеу жоқ, никотин дозасын да ешкім бақыламайды. Мамандардың айтуынша, бұл өнімдердің құрамындағы химиялық заттар, ауыр металдар мен никотин жасөспірімдердің ағзасын біртіндеп улап, өкпені қабындырып, кейін бауыр, бүйрек пек асқазанды зақымдайды. Сондай-ақ ағзасы толық жетіліп болмаған балалардың жүйке жүйесіне кері əсерін тигізеді, - деп айтты депутат.

Ол бұл мәселеге бейжай қарауды сұрады.

Қалыптасқан жағдайды ауыздықтап нақты әрекетке көшу қажет, бұл уақыт күттірмейтін мәселе. Көзді жұмып, қол қусырып қарап отыруға болмайды. Ұлт болашағының қамын қазір ойламасақ, ертең кеш болары анық, - деп түсіндірді Мәди Ахметов депутаттық сауалында.

Ол отандық нарыққа тұрақты түрде кеден арқылы заңға қарсы, бірде-бір техникалық регламетке сай келмейтін бір реттік вейптер әлі күнге дейін тонналап қалай кіргізіліп жатқанын сұрады.

Бұл процесске тікелей жауапты құзыретті органдар қайда қарап отыр? Орын алған жағдайдың анық-қанығын зерделеп, кінәлі тұлғаларды жауапқа тартуды сұраймыз. Бұл – біріншіден. Екіншіден, шұғыл түрде бір реттік вейптерді зерттеп, құрамын бұқараға жария етіп, мәселенің мән-жайы анықталғанша, құзыретті мекемелерден бір реттік шылымды сатылымнан алып тастауды, конфескілеуді сұраймыз. Мектеп маңындағы дүкендерге қоғамдық бақылау ұйымдастырып, заңды белшесінен басқандарға қатаң шара қолдану керек, - деп айтты депутат.

Сондай-ақ Мәди Ахметов мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылып отыраған Жастар денсаулық және ресурстық орталықтарының, мектептегі әлеуметтік педагогтардың потенциалын кешенді түрде жасөспірімдер мен ата-аналар арасында жүйелі ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізуге бағыттау қажеттігін айтты.

Өзгелердің жаңалығы