Берік Оспанов: Бұл қаланың тарихы Тұңғыш Президентпен тығыз байланысты

23 Наурыз 2019, 11:39
2140
Бөлісу:
Берік Оспанов: Бұл қаланың тарихы Тұңғыш Президентпен тығыз байланысты

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіндегі "Nur Otan" партиясы Фракциясының мүшесі Берік Оспанов, Астана қаласының «Нұр-Сұлтан» атауына ие болуы тарихи тұрғыдан әділ екенін айтады. Оның ойынша бұл қаланың құрылу тарихы Тұңғыш Президентпен тығыз байланысты.

«Елбасы рөлінің еліміздің экономикалық, саяси, әлеуметтік дамуында өте маңызды екені бәрімізге белгілі. Бірінші кезекте Астана қаласының құрылуында, оның заманауи зәулім қалаға айналуында Нұрсұлтан Әбішұлының еңбегі зор. Осы себепті оның есімінің еліміздің бас қаласына берілуі тарихи әділдік деп ойлаймын», - деді Берік Серікұлы.

Мұның Елбасының еңбегін танып, есімін құрметтеу екенін алға тартқан Мәжіліс депутаты қаланың «Нұр-Сұлтан» атауына ие болуы еліміздің халықаралық аренадағы беделін одан әрі арттыра түсетініне сенімді.

«Барша қазақстандықтар осы бастаманы қолдайды деп ойлаймын. Астанамызға Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімі өте лайық. Сондықтан барлығымыз «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығара отырып осы іске бір адамдай атсалысқанымыз жөн. Елордамызды одан әрі гүлдендіріп, атына заты сай етіп ұстау бүгінгі біздің ертеңгі келер ұрпаққа деген үлкен аманатымыз болмақ», - деп қосты Берік Оспанов.

Өзгелердің жаңалығы