Бас жаңалықтар
Бұл ойланбай қабылданған шешім емес. «Елбасы Арена» туралы ұсыныс жасаған Нұғымаров пікір білдірді
18 Наурыз 2021, 21:05 6950

Бұл ойланбай қабылданған шешім емес. «Елбасы Арена» туралы ұсыныс жасаған Нұғымаров пікір білдірді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ.Қазақ күресінен «Қазақстан барысы» жобасының жеңімпазы, Семей қаласының депутаты Айбек Нұғымаров Семейдегі спорт кешенге «Елбасы Арена» деген атау берейік деген ұсынысына қатысты пікір білдірді.

Биылғы жыл тарих тұрғысынан ел тәуелсіздігінің 30-жылдық мерейтойымен аса маңызды. Осынау атаулы датаны лайықты атап өту мақсатымен,  Шығыс Қазақстан облысының тағдыр тоғыстырған түрлі сала мамандары, мәдениет пен өнер, ғылым-білім, кәсіпкерлік пен бизнес, БАҚ пен спорт, үкіметтік емес ұйымдар мен волонтерлық қызмет өкілдері, түрлі пікірлер мен ойларымызды саралап, сабақтай келе Семей қаласы үшін ғана емес, бүкіл еліміз үшін аса маңызды, жауапты әрі уақтылы шешімге келіп қаланың «Қарағайлы» деп аталатын заманауи тұрғын ауданындағы мәдени-спорттық кешен, «Назарбаев зияткерлік мектебі», бала-бақша мен тұрғын үйлерді қосып тұрған даңғылға Елбасы – Нұрсұлтан Назарбаевтың атын беруге ұсыныс жасадық,- дейді Айбек Нұғымаров.

Ол бұл аяқ асты, ойланбастан, жүрдім-бардым қаралып, туа салған мәселе емес. Осыны дұрыс түсіну керек деп отыр.

Ел егемендік алып, қолымыз аузымызға жете бастаған шақта, Абай айтқан «ел бағу» ісін мойнына алған жалғыз адам – Елбасы болды. Еш қантөгіссіз шегара шегенделді, төл рәміздеріміз бен ұлттық теңгеміз, Ата-заңымыз қабылданды. Ең бастысы, өзім туып-өскен аймақта полигон үнін мәңгі тоқтады. Отыз жыл өткен соң, бұны біреу білсе, енді бірі ұмытып, не болмаса, қаперіне алмай жүр. Ал бұл жерде, қырық жыл атом азабын тартқан халықтың обалы барын неге ұмытамыз?! Осы үшін ғана, Тұңғыш Президентімізге ризашылығымызды білдіруіміз керек деп ойлаймын,- дейді Семей қалалық мәслихат депутаты.

Ол бұл ұсыныс екенін, қабылдау, қабылдамау – биліктің еншісі екенін айтты.

Кешегі посткеңестік кезеңнен кейін, қираған экономиканы қайта құру керек болып жатқанда, кейбір ағаларымыз атасына ауыл, көкесіне көше бергенді де көріп өспедік пе?! Осыны неге айтпаймыз. Тіпті, таптаурын, жадымызға жатық көшелердің өзі ауыспап па еді?! Ал Қарағайлыдағы даңғыл атаусыз. Жаңа. Тыңнан салынған. Ешкімнің атына таласы жоқ, бос тұрған көше. Олай болса бастамадан ілік іздеп, дүрбелең шығарудың жөні де, жолы да жоқ. Аренаның да, осы уақытқа дейін атауы жоқ,- дейді А.Нұғымаров.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...