Бас жаңалықтар
Бүгінгі реформалар партиялық жүйені эволюциялық дамытуға арналған – сарапшы
15 Қаңтар 2021, 16:45 198

Бүгінгі реформалар партиялық жүйені эволюциялық дамытуға арналған – сарапшы

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекет басшысы бүгін Парламенттің тек заңдарды талқылап, қабылдаумен шектелмей, қоғамды толғандырып жатқан өзекті мәселелердің шешімін табатын орталыққа айналуы тиіс екенін айтты. Бұл туралы ҚР Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері Мадина Бектенова айтты. 

Оның айтуынша, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің жетінші шақырылымында Қасым-Жомарт Тоқаев саяси күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бетін ашып, осыған байланысты Парламент мүшелерінің, соның ішінде жаңа сайланып, халықтың сенім мандаттарына ие болған депуттардың алдағы белсенді жұмысы мен жауапкершілікті қызметіне деген үмітін білдірген.

Мемлекет басшысы бұл орайда Парламенттің тек заңдарды талқылап, қабылдаумен шектелмей, қоғамды толғандырып жатқан өзекті мәселелердің шешімін табатын орталыққа айналуы тиіс екенін айтты. Демек, қоғамның ахуалы, өзекті мәселелері мен негізгі талап-сұраныстары туралы депуттардың хабары болуы және бұл мәселелер ең алдымен, Парламентте талқылануы қажеттілігі алға қойылды. Елімізде Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттарға өткен сайлау қазақстандық парламентаризмнің тарихындағы жаңа кезеңін ашып қана қоймай, мемлекеттің саяси жүйесін жұмыстың жаңа режимі мен жаңа деңгейіне ілгеріледі, - дейді сарапшы.

Сарапшының пайымдауынша, жақында өткен сайлаудың өзі мемлекетімізде жүзеге асып жатқан реформалардың бірінші бөлігінің іс жүзіндегі көрінісіне айналған. 

Бүгінгі сессияда жарияланып жатқан реформалардың бірқатары Қазақстанның партиялық жүйесін ары қарай эволюциялық дамытуға арналған. Яғни, өткен сайлауда партиялар тарапынан, сайлау процесіне қатысқан мамандар, байқаушылар мен сарапшылардың тарапынан айтылып келе жатқан ұсыныстардың ескеріліп жатқаны аңғарылады. Осы орайда саяси партиялардың Мәжіліске өту шегін 7-ден 5 пайызға төмендету туралы айтылған бастама өте уақтылы, әрі париялардың алдағы сайлаулардағы мүмкіндіктерін арттырады, жаңа партиялардың құрылып, алдағы уақытта депутаттыққа сайлану үшін оларды ынталарындырады, - дейді Мадина Бектенова. 

Сонымен қатар ол жалпы реформалардың енгізілуі құқықтық, азаматтық принциптерді сақтау үшін маңызды екенін жеткізді. 

Бұл тұрғыдан азаматтардың таңдау еркіндігін барынша қамтамасыз ету маңызды. Ол, әсіресе, сайлау жүйесіне қатысты. Қазақстандық сарапшылардың пікірінше, мемлекеттік сайлау жүйесіндегі бюллетендерінде азаматтық таңдау қағидаларының аяғына дейін сақталмай жатқанның белгілері бар. Ол туралы Мемлекет басшысы да: «Баламалы пікір және бәріне қарсы дауыс беру ұғымы біз үшін де қалыпты нәрсе болуға тиіс»  деп анығын айтты. Бұл саяси реформалардың тек бір бөлігі, оның үстіне ұзақ мерзімді әлеуметтік-экономикалық реформалардың да маңызы өте үлкен. Еліміздің ұзақ мерзімді дамуы барлық салаларда дәйекті өзгерістердің болуын қажет етеді. Бүгінгі айтылған реформалар мен басымдықтардың мақсаты сол өзгерістерді заңға сәйкес, сапалы әрі тиімді өткізуге бағытталған, - дейді сарапшы.

Сонымен қатар, ол  әлеуметтік саладағы реформалар ауқымы өте үлкен және өзекті екенін жеткізді. Пандемия салдарынан халқымыздың басым бөлігі зардап шегіп отыр. 

Сол үшін, адам капиталын құрайтын барлық салалар бойынша тың әрі уақытылы өзгерістер мен шараларды енгізу бірінші қатардағы мәселе. Денсаулық, білім беру, әлеуметтік қолдау, еңбек нарығы мен зейнетақы жүйесін дамыту жөніндегі жоспарланған реформалар көп күттірмей жүзеге асуға міндетті шаруа. Бұл ретте, әсіресе, 2025 жылға дейінгі ел дамуының Ұлттық жоспары мен Әлеуметтік кодекстің өз нәтижелерін беретініне сеніп артып отырмыз. Сондай-ақ мәслихаттардың құрамы жаңарып, жаңа серпін беру арқылы  аймақтардың жағдайы, әсіресе ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына көңіл бөлінетіні қуантарлық жағдай. Біз байқап отырғанымыздай, мемлекетімізде реформаларды енгізу үдерісі байыппен, орынды әрі эволюциялық сипатта болып жатыр. Реформаларды сапалы заңдар арқылы жүргізу – ұзақ мерзімді жетістікке жетудің басты шарты болғандықтан, жаңа Парламент оларды табысты жүзеге асыруға бар ынтасы мен білімін  салатынына сенімдіміз, - дейді ол.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...