Бас жаңалықтар
Бүгінгі басқосу – жас буын арасындағы байланысты нығайтудың жаңа түрі
22 Маусым 2021, 20:36 4008

Бүгінгі басқосу – жас буын арасындағы байланысты нығайтудың жаңа түрі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Түркістандағы түркі жастарының халықаралық форумына орай фейсбуктегі парақшасында өзінің пікірін білдірді.

Ол қасиетті Түркістан жерінде бастау алған түбі бір түркі жұртының көш бастар белсенді жастары жиналған іс-шараға онлайн режимде қатысқанын айтты.

Жалпы, түркітілдес елдердің ынтымақтастығы қашанда өзекті мәселелердің бірі. Оның ішінде жастардың өзара қарым-қатынасын арттырудың маңызы зор. Осы тұрғыдан келгенде, бүгінгі басқосуды жас буын арасындағы байланысты нығайтудың жаңа форматы деуге болады.

Жиынның Түркістан төрінде өтуі де кездейсоқтық емес. Себебі, бұл шаһар – тұтас түркі дүниесі үшін қасиетті орын, қастерлі мекен.

Қазіргі таңда Түркістанның ХХІ ғасырдағы жаңа бейнесі қалыптасуда. Бұл – Елбасымыздың жасампаз және тарихи шешімінің нәтижесі екені сөзсіз. Қайта түлеген қаланы одан әрі дамыту Президентіміздің де басты назарында. Көктемде өткен Түркітілдес мемлекеттер басшыларының саммитінде Түркістанның «Түркі әлемінің рухани астанасы» болып жариялануы соның жарқын көрінісі, - деді Сенат төрағасы.

Сондай-ақ Әшімбаев алдағы уақытта түркітілдес елдердің өзара байланысын жаңа белеске шығару қажеттігіне тоқталды. 

Осы үрдістен жастарымыз қалыс қалмауға тиіс. Себебі, болашақ жастардың қолында. Алдағы қарым-қатынасымыздың күн тәртібін айқындауда жас буын ерекше рөл атқарады.

Түркі халықтарының әлемдік өркениетке үлкен үлес қосқаны тарихтан белгілі. Орта ғасырлардағы түркі ғалымдары ғылымның сан саласын дамытуға өлшеусіз үлес қосты. Бабаларымыз медицина, астрономия, музыка, алгебра, физика, география, геология салаларында жаһандық деңгейдегі жаңалықтар ашты.

XI ғасырда араб ғалымдары араб тілінде жазатын «дәуір мақтаныштарының» тізімін жасаған. Сол тізімге енген ғалымдардың үштен бірі, яғни 415-і Орталық Азиядан шыққан екен. Сондай-ақ, Тұран топырағынан тамаша сәулетшілер, ақындар, суретшілер, музыканттар да көп шықты. Түркітілдес елдердегі бүгінгі жастар осындай алып өркениеттің ұрпақтары және өкілдері.

ХХІ ғасыр ғылым мен білімнің ғасыры. Қазіргі таңда ғылым мен технология мемлекеттердің дамуындағы негізгі көрсеткішке айналды. Түркі жастары осы үрдістен қалыс қалмай, бабаларымыздан мұра болған бай ғылыми дәстүрді және білім мен мәдениет орталықтарын қайта жаңғыртулары қажет. Сол арқылы түркі халықтарының әлемдік өркениетке қосқан үлесі одан әрі арта түсетіні сөзсіз, - деді Әшімбаев.

Сондай-ақ ол бүгінгі жиында осы бағытта ұтымды ойлар мен маңызды пікірлер айтылғанын атап өтті. 

Ауқымды іс-шараны ұйымдастырып, жоғары деңгейде өткізген Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне және түркі халықтарының игілігі үшін еңбек етіп келе жатқан халықаралық ұйымдар мен азаматтарға алғысымызды білдіреміз.

Форумның алдағы жұмысы табысты болсын! - деп түйіндеді Сенат төрағасы. 


--

Фото: ашық дереккөз
Загрузка...