Бүгін – Жеңіс күні

9 Мамыр 2022, 09:36
1564
Бөлісу:
Бүгін – Жеңіс күні

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін, 9 мамыр күні Қазақстанда және ТМД-ға мүше өзге елдерде Жеңіс күні атап өтіледі. Адамзаттың басына төнген алапат соғыстың аяқталғанына бүгін тура 77 жыл толып отыр.

Неміс әскерінің Совет Одағына шабуылы 1941 жылдың 22 маусымында таңсәріде басталды. Бірінші Дүниежүзілік соғыста оңбай жеңілген Германия әскері араға ширек ғасыр салып есін жиып, қайта әлемге айбар шеккен қатерлі күшке айналады. Фашистер 1939 жылы қол қойылған кеңес-герман шартын бұзып, СССР шекарасына лап берген еді. А дегенде айтарлықтай кері шегінген Совет Одағы жүздеген ұлттан құралған жауынгер әскерінің арқасында жерін қорғап қалды. Жеңісті жақындатуға Қазақ КСР-ның зор үлесі барын атап өткен жөн.

Соңғы деректер бойынша Қазақстаннан майданға аттанған 1 млн 200 мың жауынгердің 600 мыңы соғыстан қайтып оралмады. Жалпы, бұрынғы Кеңес Одағының 27 миллионға жуық адамын жалмаған қанды қырғында елімізден аттанған 500-ден астам жауынгер 1934 жылы бекітілген ең жоғарғы Кеңес Одағының Батыры атанған болатын, оның 100-ден астамы - қазақтар. Соғыс аяқталғаннан кейінгі жылдары нақты айтқанда, 1946 жылы Құдайберген Сұрағанов, 1965 жылы генерал Сабыр Рахымов, ал 1990 жылы Бауыржан Момышұлы алды. Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атағын Талғат Бигелдинов, Леонид Беда, Иван Павлов, Сергей Луганский, ал Шымкентте орналасқан Чугуев әскери авиация училищесі түлегі И.Н.Кожедуб үш мәрте Кеңес Одағының Батыры атағын иеленді. Шығыстан шыққан қос жұлдыз пулеметші Мәншүк Мәметова мен мерген Әлия Молдағұловалар да осы жоғары атаққа лайықты деп танылды. Сонымен қатар 142 қазақстандық Даңқ орденінің толық иегері атанса, Кеңес Одағының орден, медальдарымен марапатталған қазақстандықтар саны 100 мыңға жуықтайды.

Әскери еңбегі үшін мыңдаған қазақстандық ордендермен және төсбелгілермен марапатталды. 500-ге жуық адам "Кеңес одағының батыры" атағын иеленді. Олардың ішінде 4 қазақстандық екі мәрте "Кеңес одағының батыры" атағы берілді. 110 майдангер 3 дәрежелі данқ орденімен марапатталды. Қолына қару алған әрбір екінші қазақстандық жеңіс үшін басын құрбандыққа тікті. 630 мың адам ұрыста қаза тапты, жараланып, аурудан қайтыс болды.

Биыл Президент Қасым-Жомар Тоқаевтың жарлығымен Екінші дүниежүзілік соғыста ерлік көрсеткен үш майдангер "Халық қаһарманы" атанды.

Әбдібеков Төлеуғали Насырханұлы (марқұм) – 8-ші гвардиялық Қызылтулы атқыштар дивизиясы 302-ші гвардия атқыштар полкі 2-ші атқыштар ротасының мергені;

Несмиянов Александр Александрович (марқұм) – 126-шы Горловка Қызылтулы атқыштар дивизиясы 690-шы атқыштар полкі 1-ші атқыштар батальонының командирі;

Сүлейменов Ыбырайым (марқұм) – 100-ші бөлек атқыштар бригадасы атқыштар батальоны 2-ші бөлімшесінің мерген-бақылаушысы.

Бүгін республика бойынша ардагерлер үшін көшпелі концерттер өткізу жоспарланып отыр. Мереке қарсаңында соғыс ардагерлеріне  1-2 млн теңгеден (әр өңір бойынша әртүрлі) қаржылай қолдау көрсетілді.

Өзгелердің жаңалығы