Бас жаңалықтар
Бүгін Түркістанда Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің саммиті өтеді
31 Наурыз 2021, 10:44 252

Бүгін Түркістанда Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің саммиті өтеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Түркістанда Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммиті өтеді. 

Бейресми саммитті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ашып, жүргізеді. Жиынға Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов, Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбан, Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бас хатшысы Бағдад Әміреев қатысады.

Жиын барысында бауырлас мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық салалар бойынша ынтымақтастық және оны одан әрі дамыту мәселелері талқыланады. Саммит қорытындысы бойынша түркі елдерінің мәдени құндылықтарына және Кеңестің мәртебесіне қатысты Декларация қабылданады деп жоспарланып отыр.

Айта кетейік, 2009 жылғы 3 қазанда Нахчыван қаласында (Әзербайжан) өткен Түркі тілдес мемлекеттер басшыларының IX саммитінде Қазақстан Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы құру туралы келісімге қол қойылды. Осылайша биыл Нахчыван келісімінің 12 жылдығы атап өтілмек. 2011 жылға дейін түркітілдес мемлекеттер басшыларының саммиттері форумдар форматында өтті. Елбасына  өмір бойы Түркі кеңесіне құрметті төраға мәртебесі берілген болатын.

Түркі кеңесінің құрамына Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркия кіреді. 2019 жылы Өзбекстан Түркі кеңесіне қосылу туралы шешім қабылдады. Түркі кеңесі саммиттерін қоса алғанда, ұйым шеңберіндегі түрлі іс-шараларға Түрікменстан да қатысады. 2018 жылдан бастап Мажарстан бақылаушы ел болып табылады.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...