Тоқаев: Бүгін – бүкіл еліміз үшін айтулы күн

19 Ақпан 2021, 11:31
4387
Бөлісу:
Тоқаев: Бүгін – бүкіл еліміз үшін айтулы күн

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін қазақтан шыққан тұңғыш заң ғылымдарының докторы, профессор, академик Салық Зимановтың туғанына 100 жыл. Осыған орай Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп жатыр.

Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.

Бүгін аса көрнекті ғалым, академик Салық Зимановтың туғанына 100 жыл толды. Заң ғылымы ғана емес, бүкіл еліміз үшін айтулы күн. Салық Зиманұлы тәуелсіз Қазақстанның құқықтық негіздерін қалыптастыруға орасан зор еңбек сіңірді. Ол мемлекеттік, егемендік туралы декларацияны, Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы конституиялық заңды – алғашқы Ата-заңымызды әзірлеуге атсалысты. Сондай-ақ Қазақстандағы парламентаризм институтын дамытуға барынша үлес қосты, - делінген Президенттің құттықтау хатында. 

Мемлекет басшысы ғалымның құқық саласының қыр-сырына терең бойлап, тағылымды еңбектер жазып қалдырғанын атап өткен.

Әсіресе, еліміздің саяси және құқықтық даум тарихы, билер институты сияқты үлкен тақырыптарды терең зерттеді. Оның мол мұрасы алдағы уақытта да ел игілігіне айнала беретіні анық. Салық Зиманұлы ұлағатты ұстаз ретінде көптеген білікті заңгер тәрбиелеп өсірді. Оның шәкірттері ел экономикасының түрлі саласында табысты еңбек етіп жүр. Биылғы мерейтойы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр, мұның символдық мәні зор. Туған еліне қалтқысыз қызмет еткен Салық Зимановтың ғибратты ғұмыры жас ұрпаққа әрдайым үлгі-өнеге, - делінген Тоқаевтың құттықтау хатында.

Айта кетейік, Салық Зиманов 1921 жылы Атырау қаласында туған. Бүкілодақтық заң институтын бітірген. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан.

Өнегелі өмірінде академик 200-ге жуық ғылыми еңбек жазып, заң ғылымдарының өркендеуіне сүбелі үлес қосты.

Ұмсындық НАУРЫЗБАЕВА
Өзгелердің жаңалығы