Бүгін әлемнің көптеген елінде ӘКЕ күні

21 Маусым 2020, 19:05
4401
Бөлісу:
Бүгін әлемнің көптеген елінде ӘКЕ күні

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алаштың алтын діңгегі әкелер аман болсын, деп жазды ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-тегі парақшасында.

Бүгін әлемнің көптеген елінде ӘКЕ күні. АҚШ, Мексика, Канада, Ресей, Украина т.б мемлекеттер бұл мерекені ресми түрде атап өтеді. Көптеген ел отбасы институтындағы әкенің маңызын түсіне бастағандай. Біздің елімізде де ӘКЕЛЕРІМІЗГЕ арналған атаулы күн болғаны жөн деп ойлаймын.
Себебі, дәстүрлі қазақ қоғамында ӘКЕ иниститутының орыны ерекше болған. Ұлттық тәрбиенің қайнар көзінен қуат алған қазақ баласы үшін шын мәнінде "Әке – асқар тау, ана – мөлдір бұлақ, бала – жағасындағы құрақ", - деді Берік Уәли.

Оның айтуынша, жиырмасыншы ғасыр басында көтерілген "әйел теңдігі" мәселесі демократия үшін көп игіліктер әкелгенімен, оның дәстүрлі ұлттық таным мен түсінікке, қазақы тәрбие негізінінің бүлінуіне әкеп соқты. 

Совет идеологиясы әке мен ананы қоса әспеттеудің орнына, әке институтын ығыстырып шығарды. Бірақ, қазақтың ұлттық иммунитеті оған сырттай келіскенімен, іштей жол бермеді. Біз әкелерімізді ардақтап өстік. Өзім де Аллаға шүкір, көпбалалы әкемін. "Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер", "Жақсы әкенің аты жаман балаға қырық жыл азық", "Әкеден ұл туса игі, әке жолын қуса игі, өзіне келер ұятты, өзі біліп тұрса игі" деген мақалдар тегін шықпаса керек. "Ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің". Әкелерімізді ардақтағаннан жаман болмаспыз. Бұл әкенің де ұрпақ пен ел алдындағы жауапкершілігін әрі абыройын арттырады деп ойлаймын. Алаштың алтын діңгегі әкелер аман болсын!, - деп жылы лебізін білдірді Президенттің баспасөз хатшысы.

Өзгелердің жаңалығы