ҰБТ: Есіктен кіргізетіндерді қылмыстық жауапкершілікке тарту қажет – Аятжан Ахметжан

24 Маусым 2020, 09:13
2036
Бөлісу:
ҰБТ: Есіктен кіргізетіндерді қылмыстық жауапкершілікке тарту қажет  – Аятжан Ахметжан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Респубилкалық "QAZBILIM" орталығының директоры, химия пәнінің ұстазы Аятжан Ахметжанұлы биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеудің ерекшіліктеріне тоқталды.

Шыны керек, былтыр маусым айында Білім және ғылым министрі болып Асхат Аймағамбетов тағайындалғанда қабылдауында болғанбыз. Сол кезде осы мәселені көтергенбіз. Себебі, 10 жылдан бері ҰБТ-ға бала дайындап келемін. Соңғы 5-6 жыл көлемінде мектепте 2-ге оқығанына қарамастан 130 балдан артық жинап жүргендер көп. Өйткені, телефон кіргізу көбейді. Бәрін көріп жүрміз. Бұл мәселе министрлік пен тестілеу орталығында жиі талқыланды. Жалпы, Ұлттық тестілеу орталығының биылғы жұмысы өте дұрыс қадам, - дейді Аятжан Ахметжанұлы.
Оның айтуынша, 11 жыл нашар оқып, бірақ ҰБТ-да телефон және басқа да қосымша көмектермен жолы болып кеткендер көбейген.
Ал соның салдарынан оқыған балалар оқуға түсе алмай қалып жатады. Жастайынан әділетсіздік көріп өскен балада отаншылдық сезімі қалыптаспайды. Сондықтан тәртіп пен әділеттілікті орнату қажет. Өкінішке қарай, қазір біздің кейбір психологтар мен ата-аналар, тіпті өздерін демократпыз деп жүргендер заңсыздықты қорғап әлек. Дамыған елдерде бұдан күрделі өтеді. Тіпті, Жапонияда қарапайым адамдар кірмейді, 100 пайыз әскерилер қарап тұрады. Оның қасында біздің елдегі ҰБТ ойыншық, қатты қысым жоқ. Ұйымдастыру шаралары қарапайым, жеңіл. Бұрын телефон әкелген бала ұсталып қалса, тартып алынып, әрі қарай жалғастыра беретін. Биыл бұл жүйе қатаңдатылды. Телефон алып кірген және ниеттенген бала аудиториядан шығарылады, нәтижесі жойылады. Сонымен қатар, бір жыл оқуға түсу құқығынан айырылды. Бұл - бірінші ерекшілігі, - дейді "QAZBILIM" орталығының директоры.
Оның айтуынша, ҰБТ-ның өзге ерекшеліктері ретінде балаларға калькуляторға рұқсат беру және карантинге байланысты 11-сыныптың 4-тоқсанындағы тақырыптарға байланысты сұрақтардың алынып тасталуын айтуға болады.

Аятжан жауапкершілікті арттыру мәселесін оқушылардан емес, ҰБТ өткен жерлерде асиссент болғандардан бастау керек деп отыр.
Биыл тұңғыш рет жұмысына салғырт қарағанда асиссенттерді жұмыстан босату сияқты жауапкершілік артып, үшжақты келісімшартқа қол қойған. Соның арқасында біраз тәртіп орнап жатыр. Бірақ соған қарамастан әлі де асиссенттер мен есіктен кіргізетіндер былықтырып жатқан жағдайлар көп. Бұларға қылмыстық жауапкершілік қарастыратын жағдайға баруымыз керек. ҰБТ - өздеріңіз білесіздер, Ұлттық қауіпсіздік қызметі тарапынан қорғалады. Сондықтан ұлттық деңгейдегі тестілеудің ережесін бұзғандар жазасын алуы керек, - деп санайды химия пәнінің ұстазы.

Ол осы тәртіпті екі-үш жүйелі тұрақты түрде ұстай алсақ, халық үйренеді, қалыпты жайтқа айналады деп санайды.
Біз ойбай, анау-мынау болады дей бермеуіміз керек. Баланың психологиясы тәртіпті сақтағаннан бұзылмайды. Әділетсіздіктен бұзылады, әділетсіздік орнағанда күйінеді, - дейді Аятжан Ахметжан.
Бұған дейін Ұлттық тестілеу орталығы мамандары тест нәтижелері 25 тамызға дейін талданатынын айтқан еді. Яғни тыйым салынған заттарды қолданған фактілер болса, тестіленушілердің балдары жойылады. Тіпті,  білім беру грантын тағайындау конкурсының нәтижелері де жойылуы мүмкІн.
Талапкер ҰБТ-дан кейін құжаттарын жоғары оқу орындарына тапсырып, гранттық конкурстың құжаттарын береді. Егер 25 тамызға дейін телефон пайдаланғаны анықталған болса, грантынан айырылады, - дейді ол.


Өзгелердің жаңалығы