ҰБТ тапсырушыларға калькулятор тегін беріледі

15 Маусым 2020, 15:12
1874
Бөлісу:
ҰБТ тапсырушыларға калькулятор тегін беріледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін "Желмаяда" қонақта болған ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Дидар Смағұлов мәлімдеді.

Жаһанды жайлаған коронавирус инфекциясы салдарынан дәстүрлі функциясына өзгеріс енген саланың бірі – білім, оның ішінде ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесі. Биылғы тестілеу жүйесі бұрынғыға қарағанда өзіндік ерекшелігімен өтпек. Соның бірі – ҰБТ-ға қатысуға арналған өтініштер онлайн қабылданды. Бұл туралы бүгін "Желмаяда" қонақта болған ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Дидар Смағұлов айтты.
Әуелде түлектердің құжаттарын қабылдауға қатысты 2 жол ұсындық. Бірі – дәстүрлі, екіншісі - онлайн. Бірақ пандемияға байланысты барлық құжатты онайн қабылдаймыз деп шештік. Алайда, интернет жылдамдығы нашар елді мекендердегі түлектердің құжатын онлайн қабылдау мүмкін болмады. Сондықтан 131 мың баланың 110 мыңы құжатты онлайн тапсырып, 20 мыңнан астам түлек құжатты дәстүрлі түрде тапсырды. Бұл - бірінші ерекшелік, - деді ол.
Дидар Смағұлов ҰБТ тапсыру кезінде бірнеше санитарлық шектеу енгізілетінін айтты. Оның айтуынша, бір аудиторияда бір мезетте отыратын балалар саны 50%-ға қысқарады.
Мысалы, былтыр бір аудиторияда 50 адам отырса, биыл бұл сан 25 адамға қысқарды. Сол сияқты Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетіндегі аудиторияларда бұрын 150 адам отырса, қазір 50 адам ғана отыратындай жағдай жасадық. Тағы бір айта кетерлігі, ата-аналар мен мұғалімдерге ҰБТ өткізу пунктіне келуге рұқсат жоқ. Тек оқушылар ғана келеді және кезек күту кезінде аудиторияда оқушылар арасындағы арақашықтық 2 метрден кем болмайды, - деді ол.
Орталық директорының айтуынша, қосымша тағы 5 дезинфекциялық кезең қарастырылған. Оның біріншісі – дезинфекциялық туннельден өту.
Екінші – аяқ киімді арнайы кілемшемен өңдеу. Үшінші – қолды санитайзермен өңдеу, төртінші - термобақылау, яғни, әр талапкердің дене қызуын тексеру. Бесінші – әр түлекке бірреттік маска ұсыну. Бірақ әр түлек тест өткізу пунктіне өзінің маскасымен келуі керек. Тест орталығына келгеннен кейін оған жаңа маска беріледі. Жалпы, біз әрбір талапкерді екі маскамен қамтамасыз етеміз, - деді ол.

Дидар Смағұловтың айтуынша, биылғы тест тапсыру уақыты да ұзарған.
Биыл тест тапсыру уақыты бұрынғыдай 3 сағат 50 минут емес, тұтас 4 сағатқа ұзарды. Тағы бір ерекшелік – барлық түлекке тест тапсыру барысында калькулятор қолдануға рұқсат беріп отырмыз. Бірақ калькуляторды ешкім үйінен әкелмейді, өзіміз үлестіреміз. Жалпы саны 26 мың калькулятор керек екен, бізде 30 мыңы дайын тұр. Яғни, бір оқушының калькуляторы істемей қалған жағдайда, бір аудиторияда 2-3 кезекші калькулятор болады деп жоспарлап отырмыз. Калькулятордың бір көмегі – есеп шығаруда уақытқа үнем. Мұндай тәжірибе АҚШ-та, Ресейде де бар, - деді Смағұлов.



Өзгелердің жаңалығы