БҚО-да қуаңшылық салдарынан мал азығы жетіспей жатыр

30 Қыркүйек 2020, 01:35
2124
Бөлісу:
БҚО-да қуаңшылық салдарынан мал азығы жетіспей жатыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Батыс Қазақстан облысының шаруалары малға қысқы азық таппай тарығып отыр. Өйткені биыл жарытып шөп шықпаған. Осыдан болар, бар азықтың бағасы жылдағыдан еселепті. Жауапты мамандар биыл өңірдегі өзен-көлдерге су жеткілікті деңгейде келмеді әрі жарытып жаңбыр да жаумады деп отыр.

«Астана» арнасының хабарлауынша, жағдай аймақтағы Қазталов, Ақжайық және Жаңақала аудандарында ұшығып тұр. Кейбір қожалық қысқы мал азығын қазір басқа аудандардан тасып жүр. Шаш-етектен шығынға батса да, қолдағы малды сақтап қалудың жалғыз амалы – осы. Ал жағдайы жетпегендер қамыс пен қоғаны шауып жатыр. Бірақ қыстан қиналмай шығуға бұл да жеткіліксіз екенін мойындайды.

Екі жылдан бері су жоқ. Судың жағдайы мынау – көкпеңбек балшық. Малымыз батады. Малға бір апталық су қалды деуге болады. Соңғы екі жылдан бері көріп келе жатқанымыз – осы. Жылда су болмайды, - дейді ауыл тұрғыны Жеңісбек Ахметов.

Өңірде биыл жауын аз жауған. Сырттан келетін тіршілік көзінің мөлшері де азайған. Осылай деген жергілікті атқамінерлер қуаңшылық мал азығының қымбаттауына түрткі болды дейді. Қазір бір бума шөп 9 мың теңгеге дейін саудалануда.

Қазір облыстың үш ауданындағы шаруа қожалықтары көрші аудандардағы әріптестерімен келісім жасап, артылған шөпті тасып жатыр. Осы келісімге сай, 30 мың тоннаға тарта шөп жеткізілді. Қазір аудандардағы бір бума шөптің бағасы – 4000-9000 теңге аралығында. Бірақ біз бағаны реттемейміз. Оған құзырымыз жоқ, - дейді БҚО ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Жақсығали Жамбаев.

Ал аудан әкімі шөп басқа аудандардан жеткізіліп жатқан соң, әрине, қымбат болады деп отыр.

Бізде бес ауылдық округте мал азығын жеңілдету бағытында аудандық бюджеттің төтенше жағдайлар резервінен жанар-жағармай бөлу арқылы жұмыстар жүргізілуде. Бұл аз қамтылған отбасыларға ғана қаралып отыр, - дейді Жаңақала ауданының әкімі Наурызбай Қарағойшин.

Ауыл шаруашылығы басқармасының дерегінше, өңірде қысқы мал азығын дайындау жоспары 96 пайызға орындалыпты. Дегенмен, шаруалар қағаздағы деректің малға азық болмайтынын жақсы біледі. Олар енді төрт түліктің санын азайтып, мал басын ықшамдауға кіріскен.

Өзгелердің жаңалығы