БҚО-да ауруханаға тегін берілген дәрілік препараттар ұрланған

7 Тамыз 2020, 09:30
1728
Бөлісу:
БҚО-да ауруханаға тегін берілген дәрілік препараттар ұрланған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы құқық қорғау және мемлекеттік органдармен бірге дәрі-дәрмек алыпсатарларын анықтау және оларды жауапкершілікке тарту бойынша жұмыс істеп жатыр. 

Прокуратураның үйлестіруімен дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды қолдану және фармацевтикалық қызмет саласындағы ережелерді бұзудың 45 фактісі анықталған, деп хабарлады өңірлік коммуникациялар қызметі.

Облыстық прокуратураның хабарлауынша, жалпы 11 млн теңге сомаға 38 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Атап айтқанда 6 029 орама, 31 615 ампула, 5 құты дәрілік заттар және 2 600 медициналық бұйымдар тәркіленген. Дәрілік заттарды ұрлау фактілері бойынша 2 қылмыстық іс тіркелді.

Мониторинг кезінде Сырым ауданының ауылдық амбулатория жұмысшысы дәрілік заттарды сатқаны анықталды. Оның үйінен 50 бірлік дәрілік препарат алынды. 

Бұдан басқа, Бәйтерек аудандық прокуратурасымен Ізгiлiк көмек көрсету шеңберінде бөлінген дәрілік препараттарды ұрлау фактісі анықталды. Дәрілік препараттарды волонтерлер мен әкімдік қызметкерлері аудандық ауруханаға берген. Нәтижесінде 91 дәрілік зат орамасының жетіспеушілігі табылды. Қазіргі кезде ол фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулер жүргізілуде. Кінәлі тұлғалардың жазадан жалтармауын қамтамасыз ету үшін қылмыстық істердің тергелуі және әкімшілік материалдарды қарау барысы прокуратураның бақылауында, - деп жазылған хабарламада.

Мұнан өзге маска режимін бұзғаны үшін облыс бойынша жауапкершілікке 304 тұлға тартылған. Соның бір мысалы ретінде, көлікті маскасыз басқарғаны үшін Орал қаласының №2 қоғамдық көлік жүргізушісіне айыппұл салынған.

Өзгелердің жаңалығы