Қызылжарда «Ботай» ойынынан сайыс ұйымдастырылды

1 Мамыр 2019, 20:52
2497
Бөлісу:
Қызылжарда «Ботай» ойынынан сайыс ұйымдастырылды
Фото: автордан

Солтүстік Қазақстан, BAQ.KZ тілшісі. Петропавлда  ашық аспан астында «Ботай» ойынынан жарыс ұйымдастырылды. Орталық алаңда өткен сайысқа қатысуға ниет білдіргендердің қатары көп болды.


«Ботай» - қазақ халқының ұмыт болған ойындарының негізінде пайда болған. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің оқытушысы, «Жастар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ерлім Мұхамеджанов бірер жылдан бері көне ойынды жаңғыртып, көпшілікке насихаттауды қолға алған. Тіпті арнайы ереже де жазылыпты. Ендігі мақсат – «Ботай» ойынын дамытып, шама келсе  мектеп бағдарламасына да енгізу.  «Ботайдың» негізі қазақтың «Сақасынан» алынған. Бұл Солтүстік Қазақстан өңіріне ғана тән ойын. Оның бірнеше ерекшелігі бар. Атап өтсем, ойында жылқының сүйегі пайдаланылады. Яғни, жылқының бақай сүйегі мен қара малдың сақасы. Барша солтүстікқазақстандықтардың мақтанышына айналған тарихи орын «Ботай» тұрағында қазба жұмыстарын жүргізу кезінде осындай сүйектер мыңдап табылған. Бұл – ойынның Қызылжар өңірінде пайда болғанын және оның өте көне екенін дәлелдейді. Сондықтан біз ойынды «Ботай» деп атап, облысымыздың брендіне айналдыруды мақсат етіп отырмыз», - дейді ол.

Қызылжарда «Ботай» ойынынан сайыс ұйымдастырылды
«Ботай» ойыны – балаларды ептілікке, мергендікке, қырағылыққа тәрбиелейді. Ойыншылар үнемі қозғалыста болады. Сондықтан, баланың физикалық дамуына да тигізер пайдасы зор. Сайысты ұйымдастырушылар көпшілік тарапынан ойынға қызығушылық жоғары екенін айтады. 

«Ботай» ойынынан мектеп оқушылары арасында сайыс ұйымдастырдық. Ережесіне аздап өзгеріс те енгізіп жатырмыз. Ол ойынды қызықты ете түседі. Жарыста уақытқа шектеу бар. Ал бүгін халық көрсін, үйренсін деген ниетпен уақыт есепке алынып жатқан жоқ», - дейді «Асық ату» федерациясының СҚО филиалының төрағасы Қуат Хайруллин.
Қызылжарда «Ботай» ойынынан сайыс ұйымдастырылды
«Мен бүгін бірінші рет «Ботай» ойынын көрдім. Өте қызық екен. Қазір балалар гаджеттерге әуес болып кетті. Теледидар, компъютер алдында телпіріп отырғанша, осындай қимылды, белсенділікті қажет ететін ойындарды ойнау – балаларымыз үшін әлдеқайда пайдалы болар еді. Қыста жылқы мен қара малдың сүйегі – әр үйден табылады. Тек біз оны қоқысқа лақтырамыз. Сүйекті де экологиялық таза ойыншыққа айналдыруға болады. Осының бәрін ертеде-ақ білген ата-бабаларымыздың ақылына таң қаламын», - дейді Петропавл қаласының тұрғыны Берік Жүсіпов.

Ұйымдастырушылар болашақта «Ботай» ойынынан облыстық деңгейде жарыс өткізбек. Мақсат -  халқымыздың ұмыт болып бара жатқан осы бір құндылығын жаңғыртып, келешек ұрпаққа аманаттау.
Өзгелердің жаңалығы