Болат Бақауовқа қатысты сот үкімі шықты: Түрмеде отырмайды

27 Мамыр 2020, 13:13
1545
Бөлісу:
Болат Бақауовқа қатысты сот үкімі шықты: Түрмеде отырмайды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі.Павлодар облысының экс-әкімі Болат Бақауовқа қатысты сот шешімі шықты.

Бүгін,27 мамырда Павлодар қаласының қылмыстық істер бойынша №2 сотында облыстың экс-әкімі Болат Бақауовқа қатысты сот отырысы өтті. Оған 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Яғни түрмеде отырмайды.
Сотталушы ҚР қылмыстық кодекстің 361-бабы, 4-бөлімінің 3-тармағы бойынша "қылмыстық құқық бұзушылық жасаудың ауыр зардаптарына әкеп соққан лауазымдық өкілеттігін теріс пайдалану" бойынша қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды.  Сот үкімі бойынша оған 3,5 жылға бас бостандығынан шектеу, өмір бойы мемлекеттік қызметте лауазымдар атқару құқығынан айыру жазасы тағайындалды,  - деді Павлодар қаласының қылмыстық істер бойынша №2 соты Нұрлан Қайырбеков.

Сот оны ойын-сауық орындарына бармауға, тұрғылықты жерінен шықпауға, пробация қызметіне келуге тыйым салған. Сонымен қатар, Бақауов 100 сағат бойы әлеуметтік жұмыспен айналысуға міндеттелді. 

Сондай-ақ сот Бакауовқа заттай айғақтар ретінде сақталған 10 мың долларды қайтару туралы шешім қабылдады.

Айта кетейік,  Ұлттық қауіпсіздік комитеті 2020 жылғы 15 қаңтарында Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовқа қатысты лауазымдық уәкілеттігін асыра пайдалану фактісі бойынша ұстаған еді. 17 қаңтарда Павлодардың тергеу соты маңызды істің мән-жайын жариялады.

2019 жылдың қыркүйегінде Павлодар облыстық мемлекеттік кірістер департаменті "AksuTransLogistic" ЖШС-де салыққа қатысты кешенді тексеріс жүргізген. Аталған "AksuTransLogistic" ЖШС-нің жалғыз құрылтайшысы экс-облыс әкімі Болат Бақауовтың туысы Бақауов Р.Д дейтін адам болған.

Тергеу мәліметтері бойынша, Бақауов облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлерінен қосымша ақылар сомасын 3-5 миллион теңгеге дейін төмендетуді талап еткен деген болжам жасады.  Сотқа дейінгі тергеу кезеңінде екі ай мерзімге қамауға алуға санкция берілді.  Бір айдан кейін бұлтартпау шарасы бойынга үй қамауына ауыстырылды. Оған себеп -  экс-әкімнің денсаулығының нашарлауы болды. Тергеу төрт айға жуық уақыт жүргізілді.



Өзгелердің жаңалығы