Жастар жылы. «Болашақ» бағдарламасы брендке айналды – сарапшы

28 Қаңтар 2019, 20:14
4812
Бөлісу:
Жастар жылы. «Болашақ» бағдарламасы брендке айналды – сарапшы

Астана, BAQ.KZ. 2019 жылды Қазақстан Республикасында Жастар жылы деп жариялау туралы бастаманы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көтерген болатын. Осыған байланысты ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ халықаралық зерттеулер бөлімінің басшысы Әсел Назарбетова өз пікірімен бөлісті.

Осыған орай 23 қаңтар Жастар жылы ресми түрде «Нұр әлем» көрме кешенінде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Жастар жылы салтанатты түрде ашылды.

"Жастар жылының Елбасының қатысуымен ресми ашылуы биылғы жылдың елеулі оқиғаларының бірі ретінде тарихта, жастардың жадында қалары сөзсіз. Осы орайда айта кетерлік жайт, бүгінде Астана жастарға жол ашатын, шын мәнінде жастардың өз мүмкіндіктерін пайдалануға қолайлы жағдайлар туғызатын қалаға айналып отырғандығы. 1993 жылдан бері келе жатқан «Болашақ» бағдарламасының 13 мыңнан астам түлектерінің басым бөлігі Астана қаласындағы мемлекеттік органдарда, квазимемлекеттік секторда, ұлттық компанияларда, қазақстандық жеке компанияларда, шетел компанияларында, халықаралық ұйымдарда, дипломатиялық мекемелерде қызмет етуде. Президенттік бағдарлама «Болашақ» стипендиясының иегерлері бүгінде әлеуметтік лифтілерді жасақтап, талантты, жасампаз қазақстандық жастардың ядросын қалыптастырып, жаңғырту үдерісінің әлеуметтік базасын құруда. Олардың шетелдің озық университеттерінде алған білімдері, алдыңғы қатарлы ғылыми орталықтарда жинаған тәжірибелері Астана қаласын дамытуға, онда ерекше рухани-мәдени атмосфера қалыптастыруға септігін тигізіп отыр. Бүгінде «Болашақ» бағдарламасы брендке айналды, сол арқылы Қазақстанды, оның елордасы Астананы әлемге таныту мүмкіндігі молайды. Осындай әлеуеті мол жастары бар мемлекет ретінде біз алдымызға күрделі және амбицициялық міндеттер қоя аламыз.

Сонымен қатар, Қазақстан жастары заманауи коммуникация жолдарына жақсы кіріккен. 20 мыңнан астам жастар шетелде білім алуда. Одан да басқа озық үлгідегі білімді шетелге шықпай да алуға мүмкіндік бар. Атап айтсақ 2009 жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан Астана қаласында орналасқан, көптеген қазақ жастарының арманы болған мүлдем жаңа сипаттағы Назарбаев Университеті. Назарбаев университетінің де түлектері инновациялық жүйелерде, ғылым мен технологиялар саласында, басқару жүйесінде еліміздің кадрлық әлеуетін анағұрлым жоғарылатуда", - деді сарапшы.

Өзгелердің жаңалығы