«Болашақ» бағдарламасын жетілдіруді жалғастырамыз – министр
6 Мамыр, 10:24 512

«Болашақ» бағдарламасын жетілдіруді жалғастырамыз – министр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «Болашақ» бағдарламасының түлектерімен кездесу өткізді.

Бұл туралы министр әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. 

Бір жарым сағаттан астам уақытқа созылған кездесуде атқарылып жатқан жұмыстар туралы, бағдарламаны одан әрі жетілдіру және қайта бағдарлау, қазіргі стипендиаттардың таңдауы көбірек болуы үшін елдердің географиясы мен университеттер санын кеңейту туралы айттым. Сондай-ақ болашақтықтарды қызықтырған түрлі сұрақтарға жауап бердім. Алдағы жұмысымызда назарға алатын қызықты ұсыныстар да айтылды, - деп жазды министр.

Министр шетелде білім алып, ел дамуына үлес қосып жүрген түлектермен пікір алмасы қызықты болғанын жазған.

Сонымен қатар шетелдік үздік оқу орындарында білім алып, бүгінде отандастарына пайдасын тигізіп, ел дамуына маңызды үлес қосып жүрген түлектердің әңгімелерін тыңдау да қызықты болды. Мысалы, Диана Момбаева Канаданың жетекші жоғары оқу орындарының бірі Калгари университетінде «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алып, кейін Қостанай облысындағы туған ауылы Комсомолға оралды. Ол қазір ауылдық мектепте тарих пәнінен сабақ береді. Сонымен бірге Диана балаларға ағылшын тілін де тегін үйретеді. Жас педагог Канададан алған білімінің арқасында ауылда тұруға және де ауылдастарының өмірін жақсарту мақсатында қайта оралуға болатынын балалардың өзіне қарап, түсінгенін қалайтынын айтты, - деп жазды Аймағамбетов. 

Министрдің мәліметінше, қазақстандық мектептерде «Болашақтың» арқасында әлемнің жетекші университеттерінде білім алған 800-ден астам мұғалім балаларды оқытып жатыр екен.

Ал мамморадиолог дәрігер Данара Сүлейменова Ұлыбритания университетінде білім алып, кейін «Болашақ» бағдарламасы аясында АҚШ университетінде тағылымдамадан өткен. Дәрігердің айтуынша, ол қазір сүт бездерінің сәулелік диагностикасының әртүрлі әдістерін – УДЗ, маммография, МРТ-ны меңгерген және қажет болған жағдайда тиісті диагностикалық манипуляцияны тағайындап, орындайды. Жас мамандар алған білімдерін басқа әріптестерімен де бөліседі.  Қазіргі таңда қазақстандық мектептерде «Болашақтың» арқасында әлемнің жетекші университеттерінде білім алған 800-ден астам мұғалім балаларымызды оқытып жатыр. 600-ден астам дәрігер жыл сайын отандастарымыздың өмірі мен денсаулығын сақтап қалу үшін он мыңдаған ота жасайды. Әрине, «Болашақ» бағдарламасы арқылы білім алған педагогтердің, дәрігерлердің және басқа да түрлі мамандық өкілдерінің еңбегі қоғамымыз бен елімізге маңызды әрі қажет. Біз «Болашақ» бағдарламасын жетілдіруді жалғастырамыз, - деді министр.


Фото: дереккөз
Загрузка...