Бас жаңалықтар
«Болашақ» бағдарламасымен шетелден 10 мыңнан астам түлек оқып келген
14 Тамыз 2019, 16:05 372

«Болашақ» бағдарламасымен шетелден 10 мыңнан астам түлек оқып келген

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Әлемнің беделді жоғары оқу орындарында «Болашақ» бағдарламасымен осы күнге дейін 10 мыңнан астам түлек оқып келген. Бұл туралы бүгін елордада өткен «JOB FAIR- 2019» бос орындар жәрмеңкесінде ҚР білім және ғылым вице-министрі Рүстем Биғари айтты. 

«Осы уақытқа дейін «Болашақ» бағдарламасымен 10 мыңнан астам түлек бітіріп, елге оралды. Олардың 98%-ы жұмыс істеп жүр. Биылғы жылы тағы 600-ден аса жаңа түлек бітіріп шығады. «Болашақ» түлектері экономиканың түрлі секторларында, мұнай-газ саласында, ІТ саласында, ғарыштық және өнеркәсіптік инжиниринг, білім және ғылым саласында, медицина және басқа да салаларда еңбек етеді», - дейді Рүстем Биғари. 

Бұл жылы жәрмеңке жұмысында 500-ден астам бос жұмыс орынын ұсынған 80 жұмыс беруші қатысты. Дәстүрлі түрде іс-шара шеңберінде жұмыс іздеушілерге жұмысқа орналастыру саласының сарапшыларынан тиімді кеңестер берілді. Сонымен қатар, мынадай ұйымдардың таныстыру рәсімдері өткізілді: PWC, E&Y, Deloitte, KPMG, Shell Kazakhstan B. V., BCPD AIFC, UNDP, Nazarbayev University, KEGOС, «Қазатомпром», «Тау-кен Самрұқ», АО «Қазақстанның даму банкі», BI-Group, HireBee Kazakhstan.

«Өзі қалаған жұмыс берушімен бетпе-бет кездесіп, пікір алмаса алады. Өз түйіндемелерін беріп, әріқарай жақсы жұмыс орнына орналасуға мүмкіндіктері бар. Жалпы, бұл іс-шара дәстүрлі жыл сайын ұйымдастырылады. Оған қажеттілік жұмыс берушілердің тарапынан болған сұраныстың арқасында. Осы себепті жұмыс берушілердің сұрауымен және түлектерге де мүмкіндік болсын деген ниетпен өткізіп отырмыз. Соңғы кездері IT саласындағы мамандарға, маркетинг, менеджмент мамандарына үлкен сұраныс бар», - дейді Халықаралық бағдарламалар орталығы АҚ Career Centre директоры Ақмарал Есқараева.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...