Бокстан Қазақстан командасы АҚШ-та жаттығу жиынын бастады

7 Қаңтар 2021, 14:20
1714
Бөлісу:
Бокстан Қазақстан командасы АҚШ-та жаттығу жиынын бастады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бокстан Қазақстан командасының мүшелері АҚШ-тың Майами қаласына аттанды. Команда бапкері Марат Жәкиев бастаған спортшылар 5 қаңтарда Құрама Штаттарға ұшып кеткен. Бұл туралы бас жаттықтырушы Ғалымбек Кенжебаев мәлімдеді деп хабарлайды Olympic.kz.  

Қазақстандық боксшылар Олимпиада жылын қарқынды дайындықпен бастауда. Ғаламдық пандемияға байланысты бірнеше ай бойы жарысқа қатыспай, бірлескен жаттығу жиындарын өткізбеген боксшыларды тығыз дайындық кестесі күтіп тұр.  Атап айтар болсақ, АҚШ-қа аттанған боксшылар қатарында Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Василий Левит, Азия чемпионатының жүлдегері Зәкір Сафиуллин, әлем чемпионы Бекзад Нұрдәулетов, әлем біріншіліктерінің жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев және аса ауыр салмақта ел чемпионатының жүлдегері Айболды Дәуренұлы бар.  Боксшыларды АҚШ-қа команда бапкері Марат Жәкиев бастап кеткен.  

Боксшылар кеше аман-есен Америкаға ұшып барды. Қонақүйге орналасып, бүгін жаттығу кезеңін бастайды. Олар негізінен жалпы дене жаттығуына көңіл бөледі, сондай-ақ, арнайы дайындық кестесі бар. Жаттығу жиынынан соң кәсіби бокста спаррингтік кездесулер өткізеді. Құрама команданың өзге боксшылары да қарап қалмайды. Қаңтар айының ортасында 16 боксшы Кубаның Гавана қаласына бірлескен жаттығу жиынын өткізу үшін аттанады,- дейді бас бапкер Ғалымбек Кенжебаев.  

Айта кетелік, бокстан Қазақстан ерлер командасы Токио Олимпиадасына мүмкін болған 8 жолдаманың барлығын да жеңіп алған.

Өзгелердің жаңалығы