Бас жаңалықтар
Боксшылардың олимпиада ойындарындағы салмақ дәрежесіне өзгерістер енгізілді
20 Маусым 2019, 14:10 307

Боксшылардың олимпиада ойындарындағы салмақ дәрежесіне өзгерістер енгізілді

Алматы, BAQ.KZ. Халықаралық олимпиада комитеті бокстан Токио Олимпиадасына жолдама беретін іріктеу жарыстарының уақытын бекітті. Бұл туралы Ұлттық олимпиада комитетінен хабарлады.  

ХОК Атқарушы комитетінің Лозаннада өткен отырысында 2020 жылғы Токио ойындарына іріктеу бәсекесін өткізуге қатысты қосымша ұсыныстар жасалды.  

Іріктеу турнирлері 2020 жылдың қаңтары мен мамыры аралығында өтеді. Жалпы есебі төрт бәсеке жоспарланған. Оның біреуі әлемдік іріктеу бәсекесі. Іріктеу сындары Олимпиада ойындарын өткізген немесе төртжылдық додасын енді  қабылдайтын қалаларда  ұйымдастырылады.  

Құрлықтық дода 2020 жылдың 1 қаңтары мен 20 сәуірі аралығында өтеді. Азия және Океания аймақтық іріктеу бәсекесіне қазақстандық боксшылар да қатыспақшы. Бұл аймақта ерлер арасында 41, әйелдер арасында 22 жолдама сарапқа салынады.  

Ерлер арасындағы жолдамалар төмендегі ретпен беріледі: 52, 57 және 63 келіге дейінгі салмақ дәрежесіне алты квота, 69, 75 және 81 келіге дейінгі салмақ дәрежесіне бес квота, 91 және аса ауыр салмақта төрт квотадан бөлінген.  

Әйелдер арасындағы құрлықтық турнирде лицензия төмендегі әдіспен таратылады: 51 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде алты квота, қалған төрт салмаққа  (57, 60, 69, 75 келіге дейінгі салмақ дәрежесі) төрт квотадан беріледі.  

Аталған турнирлерде лицензияға иелік ете алмаған боксшылар 2020 жылдың мамырында өтетін әлем чемпионатында бақ сынайды. Әлемдік додада ерлер арасында 31-35, әйелдер арасында 19-21 квота сарапқа салынбақ. 

Токио Олимпиадасындағы бокс бәсекесі 2020 жылдың 25 шілдесі мен 9 тамызы аралығында өтеді.





Фото: ашық дереккөз

Сізден жаңалық