"Бизнестің жол картасы - 2020": Қарағанды облысында 22 мыңға тарта жаңа жұмыс орны ашылған

17 Қараша 2019, 10:49
4182
Бөлісу:
"Бизнестің жол картасы - 2020": Қарағанды облысында 22 мыңға тарта жаңа жұмыс орны ашылған

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы жүзеге асқан он жыл ішінде Қарағанды облысында 185,8 млрд. теңге инвестиция сомасына 1761 жоба мақұлданған. Бұл жобалар өңірде 22 мыңға тарта жаңа жұмыс орнының ашылуына түрткі болды. 

"Бизнестің жол картасы – 2020" мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылған жылдары қарағандылық кәсіпкерлер арасында бизнесті қолдау мен дамытудың ең тиімді және сұранысқа ие құралына айналды. "БЖК – 2020" шеңберінде қаржылық қолдау, яғни пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау және кредиттер бойынша кепілдік беру, гранттар беру, жетіспейтін инфрақұрылымды жеткізу және қаржылық емес қолдау, оның ішінде кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, консалтинг сияқты шаралар іске асырылды. Аталған бағдарламаның Қарағанды өңіріне қандай өзгерістер әкелгендігі жайлы облыстық Кәсіпкерлік басқармасының басшысы Татьяна Аблаева баяндаған болатын.

20191115_173252.jpg
2010 жылдан бастап "Бизнестің жол картасы - 2020" бағдарламасы шеңберінде 185,8 млрд. теңге инвестиция сомасына 1761 жоба мақұлданды, оның ішінде несие бойынша сыйақыны субсидиялауға 165,9 млрд. теңге сомасына 1213 жоба, кредиттерді ішінара кепілдендіру бойынша жалпы сомасы 7,8 млрд. теңгеге 305 жоба, жетіспейтін инфрақұрылымды жүргізуге 11,7 млрд. теңге сомасына 67 жоба және гранттық қаржыландыру бойынша 439,0 млн теңгеге 176 жоба мақұлданды. Бағдарламаға қатысушылардан бюджет кірісіне 24,3 млрд.теңге салық төлемдері түсті. Бағдарлама нәтижесінде 73,7 мың қолда бар жұмыс орындары сақталып, 21,9 мың жаңа жұмыс орындары құрылды. Оның ішінде 2019 жылдың басынан бастап бағдарлама шеңберінде 497 жаңа жұмыс орны құрылды, - дейді Татьяна Аблаева.

"Бизнестің жол картасы-2020" мемлекеттік бағдарламасының арқасында аймақта кәсіпкерліктің жыл сайын өсуі байқалады. Қарағанды облысының Кәсіпкерлік басқармасының мәліметінше, 2018 жылдың қорытындысы бойынша "БЖК - 2020" бағдарламасының нәтижесінде ЖӨӨ құрылымындағы өңдеу өнеркәсібінің үлесі 32,1% құраса, ШОК өнімін шығару көлемі 2014 жылғы деңгейден 2 есеге артқан. Яғни, 2014 жылы – 660,8 млрд теңге болса, 2018 жылы бұл сомма 1 трлн 325 млрд теңгеге жеткен. Сондай-ақ, ШОК белсенді жұмыс істейтін субъектілерінің саны 2014 жылмен салыстырғанда 24,4 пайызға артты. ШОК жұмыспен қамтылғандар саны 2014 жылғы деңгейден 6,3 пайызға артып, 222,1 мың адамнан 236,1 мың адамға жеткен.

"Бизнестің жол картасы – 2020" бағдарламасы моноқалаларда, шағын қалаларда және өңірдің ауылдық елді мекендерінде кәсіпкерлердің жаңа бизнес бастамаларын қолдау мәселесін шешуге де қолдау көрсетті. Аталмыш бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында облыстың әр өңіріндегі жаңа бизнес бастамаларды қолдау мақсатында гранттық қаржыландыру құралы бойынша 2013 жылдан бастап 439,0 млн теңгеге 176 жоба мақұлданса, 465 жұмыс орны құрылған.

20191115_173314.jpg

Моноқалалар кәсіпкерлерінің проблемаларын шешу үшін Кәсіпкерлер палатасымен және "Сарыарқа" ӘКК бірлесіп, 2018 жылдың соңында "Atameken-Qaraganda" өңірлік микроқаржы ұйымы құрылды. Оны қорландыру облыстың ірі компаниялары - "Қазақмыс", "АрселорМиттал Теміртау", "Жәйрем КБК" және "ERG" (Шұбаркөл разрезі) қаражаты есебінен болады. Бүгінгі күні "Atameken Qaragandy" қаржы ұйымымен ынтымақтастық туралы алғашқы шартты "Қазмырыш" ЖШС жасады. Компания Қаражал қаласы мен Жәйрем кентінде кәсіпкерлікті дамыту үшін 200 млн теңге бөледі. Жалпы, жыл сайын 200 стартап-жобаға дейін несие беруді жоспарлап отырмыз, бұл кем дегенде 400 жаңа жұмыс орны. Сонымен қатар, жастар кәсіпкерлігін қолдау үшін қала және аудан бюджеттерінен 2019 жылы 67,5 млн теңге бөлінді, бүгінгі күні 37,1 млн теңгеге 88 грант игерілді, - дейді басқарма басшысы.

Аталған бағдарлама аясында экономиканың басым салаларында, оның ішінде өңдеуші өнеркәсіп саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлерді салалық қолдау жүзеге асырылды. Жергілікті тауар өндірушілердің өнімдерін танымал ету үшін көрмелерге қатысуға жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары тұрақты негізде тартылған.

Бағдарламаны іске асыру шеңберінде, 2010 жылдан бастап гранттық қаржыландыру құралы бойынша бағдарламаны іске асыру шеңберінде 439,0 млн теңге сомасына 176 жоба мақұлданды. Микрокредиттеу құралын 775,6 млн теңгеге 232 кәсіпкер қолданған. Жалпы, мемлекеттік бағдарламаны іске асыруға 2010 жылдан бастап 20 млрд теңге бөлінген, - дейді Татьяна Аблаева.
20191115_173404.jpg

Басқарма басшысының сөзінше, мемлекет қолдауының арқасында өңірде шағын және орта бизнеспен айналысатындардың саны артқан.

Бүгінгі күні Қарағанды облысында 89,3 мың шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері жұмыс істейді. 2018 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда өсім 7,3 пайызды құрады. Жыл сайын бизнес-тіркелім 9 мың жаңа бизнес субъектілерімен толықтырылуда. "Еңбек" бағдарламасы бойынша 2017 жылдан бастап 2019 жылдың қыркүйегіне дейін 3055 шағын несие берілді, оның басым бөлігін жаңа кәсіпкерлер құрайды. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасының (2017 ж. бастап 2019 ж. қыркүйекке дейін) арқасында "Бастау Бизнес" жобасы бойынша 4302 адам, "Жас кәсіпкер" бағдарламасы бойынша 1000 адам кәсіпкерлік дағдыларға оқытылды. 2019 жылдың соңына дейін тағы 2700 адам оқытылады, - дейді ол.
20191115_173436.jpg

Бүгінгі таңда аймақтағы Қазақстандағы ең үлкен жоба – "Global City көлік логистикалық кешені" осы "Бизнестің жол картасы-2020" бағдарламасымен қолдауға ие болып, құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Көтерме сату орталығының жалпы ауданы 60 га құрайды, ғимараттың ауданы 190 мың шаршы метрден асады. Кешен 8 инфрақұрылымдық объектіден құралады. Мұнда бір мезгілде 164 жүк көлігімен сауда жүзеге асырылуы мүмкін. Кешенде кедендік рәсімдеу орталығы, конейнер және сауда орталығы болады.

svh-1.jpg

КСО-ның ашылуы - аймақтағы бизнесті дамытудың жаңа серпінінің пайда болуы, макроэкономикалық тиімділік-экономикалық өсу, жаңа жұмыс орындарын құру, яғни 5000 жұмыс орнына дейін, импортқа тәуелділіктің төмендетілуі, азық-түлік қауіпсіздігін жақсарту, электронды сауда платформасын құру, азық-түлік бағасының маусымдық ауытқуын теңестіру, отандық және шетелдік инвесторларды тарту үшін алаң құру болып табылады, - дейді басқарма басшысы. 

Өзгелердің жаңалығы