Бас жаңалықтар
Жаппай вакциналау тетіктерін талқылау қажет – Атамекен
24 Маусым 2021, 12:00 372

Жаппай вакциналау тетіктерін талқылау қажет – Атамекен

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Кеше Ведомствоаралық комиссияның отырысында COVID-19 таралуын бәсеңдету бойынша ұсыныстар берілді.  

«Атамекен» де маңызды шаралар қабылдау қажеттігін түсінеді. Дегенмен бұл ұсыныстар жұмыс берушілер мен қызметкерлерге маңызды міндеттемелер жүктейді. Осыған байланысты Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Денсаулық сақтау министрлігіне ұсынысын жолдады.

Кәсіпкерлер өздерінің еңбек ұжымы мен клиенті алдындағы жауапкершілікті біледі, сондықтан бизнес нысандарында, өнеркәсіптік кәсіпорындарда вакциналау жүргізіліп жатыр.

Нарық субъектілері Ashyq жобасына белсенді қатысып жатыр. Бүгінде 11 мың бизнес нысаны жобаға қосылды, тағы 500-ге жуық кәсіпорын Infokazakhstan платформасындағы өтінімдердің мақұлдауын күтуде. Ashyq жобасы қосылғаннан бері «қызыл» мәртебесі бар 5 мың азамат (COVID-19 жұқтырған адамдар) және «сары» мәртебесі бар 4,8 мың адам (байланыста болғандар) анықталды.

Жұмыс берушілер дәрігерлер емес, олар вакциналаудың пайдасы туралы түсіндіру жұмыстарын өз бетінше жүргізе алмайды.

Осыған байланысты «Атамекен» Денсаулық сақтау министрлігіне ресми ұстанымы мен бірқатар нақты ұсынысын жолдады. Атап айтқанда:

- Еуропа елдерінің тәжірибесіне сәйкес вакциналауға және ПТР-тестілеуге балама ретінде коронавирус жұқтырған азамат сауыққан сәттен бастап өткен мерзімге қарамастан (азаматтарда аутоиммундық және басқа вакцинадан кейінгі асқынулардың қаупін болдырмау үшін) антиденелердің (жиынтық немесе IgG класының) бар-жоғын растайтын тестілерді пайдалану керек. Антиденелерді тексеру нәтижелерін Ashyq жобасына интеграциялау;

- вакциналау процесіне халықты тарту бойынша жергілікті атқару органдары және Денсаулық сақтау министрлігінің түсіндіру жұмыстарын жандандыру;

- міндетті вакциналау бойынша ұсынылған шаралардың заңнамаға сәйкестігін түсіндіру, себебі жұмыс беруші мен қызметкердің өзара қарым-қатынасы Еңбек кодексінде және еңбек шартында нақтыланған;

- Ashyq жобасына базарлар мен сауда-ойын-сауық орталықтарын қосу кестесін айқындау, жергілікті атқару органдарына тиісті тапсырма беру;

- Ashyq жобасына қатысушы субъектілер үшін жаңа шектеулерді енгізу тетіктерін тағы бір рет нақтылау маңызды деп санаймыз, өйткені бұл нысандар жұмысшылар мен келушілер үшін қауіпсіздікті қамтамасыз етіп келеді.

Мәжбүрлі шектеу шаралары енгізілген жағдайда бизнеске қосымша қолдау шаралары қажет болатынын атап өткіміз келеді.


Фото: дереккөз
Загрузка...