Бизнесін он биемен бастаған

9 Тамыз 2020, 20:20
3470
Бөлісу:
Бизнесін он биемен бастаған
Фото: автордан

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. "Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған "Еңбек" бағдарламасының" шапағатын анық сезінген жандардың бірі - Сарыкемер ауылының тумасы 24 жасар Альмейр Иманбеков. Тараз қаласының іргесінде тұратын ол өткен жылдың қыркүйек айында өзінің жеке дара кәсібін бастап, бүгінде жемісін көруде.

Альмейр Алматы қаласындағы Еуразиялық техникалық университетінің электроэнергетика факультетінде оқыпты. Екі жыл бұрын оқуын бітіре салып, мамандығы бойынша жұмыс істейді. Уақыт өте келе ешкімге тәуелді болмай жеке кәсіп бастап, өз-өзімен жұмыс істеген тиімді екенін түсінеді. Содан, өткен жылдың тамыз айында Байзақ аудандық "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлік палатасында оқып, өзінің таңдаған кәсібі – жылқы шаруашылығы бағытындағы бизнес жобасын әзірлейді. Бір айдан соң "Бастау Бизнес" жобасының "Жас кәсіпкер" бағдарламасы аясында 6 пайызбен 4 миллион теңге несие алып, ата кәсіпке бет бұрады.
Мамандығым - электроэнергетик, бірақ жеке кәсіпте жүргенді дұрыс көрдім. Мемлекеттік бағдарламалар ауыл шаруашылығын қолдап, төмен пайызбен несие беріп жатқанын естіген соң, ойланбастан кірісіп кеттім. Жылқы өсірумен отбасымызбен бұрыннан айналысамыз, сол үшін де осы кәсіпті таңдадым. Несиені алған соң ауданды аралап, таңдап жүріп әрқайсысы 350 мың теңге көлемінде 10 бас буаз бие сатып алдым. Қалған қаражатқа жем-шөп алдым, - дейді жас кәсіпкер.

Альмейр малды күтіп-баптаудағы барлық шаруалармен өзі айналысады екен. Алдағы уақытта кәсібі үлкейген соң, малды тек көбейтіп қана қоймай, қымыз, шұбат, саумал сусындарын өндіріп, сатуды қолға алмақшы.

Ал осы аудандағы сазтеректік тұрғын Самат Қайратұлының кәсіпкерлікке бет бұруы нәтижесінде осы ауылдық округтегі мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатары азайды. Жары екеуі бес бала тәрбиелеп отырған Самат атаулы көмек алатын отбасы қатарында болатын. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы арқылы құжаттарын өткізген Самат қайтарымсыз 555 мың теңге грант ұтып алып, қаржысына 13 бас аналық қой алып өсіруде.

Құмжота ауылының тұрғыны 22 жасар Жанеля Маделиева да өзінің жеке кәсібін ашып, бүгінде өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған жайы бар. Оған жеке кәсібін ашуға мемлекеттік грант септігін тигізген.

Өткен жылы "Атамекен" кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалына жүгінген жас ана құжаттарын өткізіп, арнайы кәсіптік оқудан өткен соң сертификат алған. Жеке бизнес жоспарын дайындап, 505 мың теңге көлеміндегі грантқа қатысуға құжат тапсырып, нәтижесінде комиссияның оң қорытындысын алады. Осылайша, қайтарымсыз қаражатқа екі тігін машинасын, бір оберлок машинасын, бір-бірден парагенератор, үтік және үтіктеу тақтасын сатып алды. Өз қаражатын қосып, қажетті қосалқы бөлшектері мен ине, түрлі-түсті жіп, моншақ, мата мен қайшы алған.

Өткен жылдың қазан айында Жанеля Халмаханбетқызы туған ауылының орталық көшесінде орналасқан сауда үйі ғимаратының бос тұрған екі бөлмесін жалға алып, жеке  кәсібін бастаған. Бүгінде ол тапсырыспен ұлттық нақышта безендірілген құрақ көрпе, көпшік пен жастық тігеді. Сондай-ақ, балаларға арналған ертегі кейіпкерлерінің костюмдерін тігумен айналысады. Одан бөлек, киімді қалпына келтіру де қолынан келеді.

Тігін ісі – жаныма жақын кәсіп, сол үшін де мен Алматы қаласындағы оқу орындарының біріне түсіп, тігінші мамандығын алып шықтым. Жақында тұрмысқа шығып, бала күтімімен үйде отырған соң, кәсібімді тоқтатпай, үйде жалғастырудамын. Өзінің жеке кәсібін бастағысы келетін жастарға айтарым - өз ісіңізді қаншалықты жақсы біліп, ұнатсаңыз, кәсібіңіз де соншалықты өрге жүзбек, - дейді жас кәсіпкер.

Биыл Байзақ ауданындағы мемлекеттік грантты жеңіп алған 292 азаматтың 119-ы атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарында болса, бағдарлама арқылы үлкен мүмкіндіктерге жол жеткізген олар қазіргі таңда өз кәсіптерін дөңгелете бастады.

Өзгелердің жаңалығы