Чисто 15 мың доллар түсті – Қоянбаев «Бизнес по казахски» туралы

11 Қыркүйек 2019, 12:20
2834
Бөлісу:
Чисто 15 мың доллар түсті – Қоянбаев «Бизнес по казахски» туралы
Фото: Артём Чурсинов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Astana Media Week форумының бірінші күніндегі «Қазақстандағы кино мен сериалды дамыту» панельдік сессиясында кинопродюсер Нұрлан Қоянбаев «Бизнес по казахски» фильмінің кассалық түсімі 2 млн доллар болғанын айтты.

Қазақстандық кинопродюсер көпшілікке танымал болған «Бизнес по казахски» фильмінің кассалық түсімін қазақстандық киноның жеңісі деп атады.

«Кино саласында жұмыс істеп жатқанымызға 4 жыл болған жоқ, бұл аралықта кішігірім 3 кино түсірдік. Қазақстандық көрерменнің отандық киноға деген қызығушылығы өсіп жатыр. Соңғы екі жылда қазақстандық кинолар көру жағынан Голливуд киноларын қуып жетті деп айтуға болады. Қазақстан кинотеатрларынан көрсетілген үздік 5 киноның қатарына 2 қазақстандық кино енді. «Бизнес по казахски» фильмінің кассалық түсімі 2 млн доллар табыс тапты. Оны ең үздік деп отырған жоқпын. Бірақ, бұл - кинотеатр түсіміндегі қазақстандық киноның жеңісі», - деді Қоянбаев.

Продюсер кореялықтардың тәжірибесін мысал ретінде айтып, Үкімет тарапынан киноны қолдаудың маңызын атап өтті.

«Бизнес по казахски» фильмінің кезекті шығарылымын Кореяда түсіріп келдік. Ондағы әріптестермен сөйлескенде, Корея мемлекеті әлі күнге дейін жеке компанияларға көмектесіп жатқанын айтты. Нәтижесін де көріп отырсыздар, Оңтүстік Кореяның телехикаясы, киносы, мәдениеті бүкіл әлемге таралды», - деді ол.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Қоянбаев айтқан соманың киноны «айналдыруға», кинотеатрларға, ұйымдастыру жұмыстарына кеткенін атап өтті. 

«Нұрлан «Бизнес по казахски» фильмінің шығынын «кішірейтіп» айтты... Шығын көп болды. Ол тапқан үлкен қаржының көп бөлігі творчестволық топқа емес, ұйымдастырушыларға кетті», - деді Абаев.

Министрдің сөзінен кейін Қоянбаев: «Чисто 15 мың доллар түсті ғой», - деп қалжыңдады.

Қазір Astana Media Week форумының алғашқы күні өтіп жатыр. Ләззат Танысбай режиссер Ақан Сатаевты сериал түсіруге «күштеп көндіргенін» айтқан болатын.

Абаев отандық сериал индустриясындағы жоспармен бөлісті.

Өзгелердің жаңалығы