Бас жаңалықтар
Бізде ортақ үй деген түсінік жоқ. Ермек Тұрсынов жемқорлық жайлы
08 Қараша 2019, 15:33 195

Бізде ортақ үй деген түсінік жоқ. Ермек Тұрсынов жемқорлық жайлы

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бізде Қазақстан ортақ үйіміз деген түсінік жоқ, барлығы елді пайдаланып қалғысы келеді. Мәселен, америкалықтарда, немістерде, голандықтарда ондай сезім бар. Біздің түсінігіміздегі "үй" табалдырықты аттаған соң-ақ аяқталады. Бұл туралы кино режиссер Ермек Тұрсынов сыбайлас жемқорлыққа қарсы форумда айтты.

Жиын барысында ол, жемқорлық тек Шпекбаевтың жалғыз проблемасы емес екенін, онымен кешенді түрде күресу қажеттігін айтты.
Жемқорлық деген жаңа сөз. Бұған дейін естімегенбіз. Алайда ол сөздің көптеген баламасы болды. Жемқорлық бізде достықтың, кейде туыстық қатынастың астарында жатты. Біз оның жемқорлық екенін де байқамағанбыз. Ауылдағы малын сатып қалаға оқуға келген адам қазір де тамыр-таныс іздейді. Бұл әдеттен біз әлі айырылмадық. Америкалық пен британдықтардың Оксфордтан таныс іздеу ешбірінің басына да келмейді. Яғни тамыр-таныс іздеу әдеті бізге бұрыннан қанымызға сіңген. Мәселен Илион Маск ғарышқа зымыран ұшырып жатқанда, біз сол ескіріп кеткен бұрынғы мәселенің төңірегінен шыға алмай жатырмыз, - деді ол. 
Сөз арасында ол елдегі жемқорлықты сынап қана қоймай, оны шешу жолын да ұсынды.
Бізге ойды өзгерту керек, бізге сананы өзгерту қажет. Ол үшін баланы ерте жастан тәрбиелеу керек. Баланы сөзбен емес, іспен тәрбиелейтініміз анық. Балалар біздің ісімізді қайталайды. Сондықтан оларға үлгі көрсету керек, - деді ол.

Сондай-ақ ол, бізде дүниеге деген ынтызарлық ерекше екенін жеткізді. Ал өркениетті елдер оны баяғыдан басынан өткерген көрінеді.
Бізде адамдар қажеттіліктің шегін білмей жатыр, ала бергісі келеді. Кейбір адамдар бюджеттің қаржысын жымқырады, ол халықтың ақшасын ғана емес өз баласының, немерелеріңнің қаражатын жымқырып отырғанын ойлағысы келмейді. Егер балаңның ертеңін ойласаң не үшін ол қаражаттан жымқырып отырсың? Ол жағын да ойлану керек сияқты. Ұрылар әрқашан қорқумен жүреді, қашан оны жауапқа тартады екен деп қуыстанумен болады. Ондай өмірдің не қажеті бар, - деді ол.
Ермек Тұрсынов сөз арасында балаларға бизнес класқа билет алып беруді доғару керектігін жеткізді.
Бір жерге ұшқан сайын бизнес класта жастардың көп отыратынын байқаймын. Ол тек бізде ғана солай, Америка басқа елдерде балалар бизнес класпен ұшпайды. Баланы үлдемен-бүлдеге орау арқылы оларды бұзып жатырмыз. Оларды шыңдаудың орнына масыл етіп отырмыз. Болашағымыз мықты болсын десек қазірден ойлануымыз керек,-деді ол.



Фото: автордан
Загрузка...