Бас жаңалықтар
Бізде экономикалық ақпарат аз – профессор
31 Наурыз 2020, 22:25 281

Бізде экономикалық ақпарат аз – профессор

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Қазір әлемдік экономикада түрлі жағдайлар орын алып жатқаны белгілі. Коронавирус індетінің таралуына байланысты әлем елдерінде ірі кәсіпорындардың жұмысы шектелді. Мұнай бағасы арзандап, ұлттық валютамыз әлсіреді. Міне, осындай экономикалық жайттарды отандық журналистика халыққа қаншалықты деңгейде жеткізіп жатыр? Жалпы еліміздегі экономика тақырыбында жазатын журналистерді дайындау барысы қандай? Осы сауалдар бойынша экономист, ҚазҰУ Журналистика факультеті ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғамдық медиа кафедрасының профессоры Жетпісбай Бекболатұлымен сұхбаттасқан едік.

– Қазіргі экономикалық жағдайға байланысты жұрттың әрі-сәрі күйде екенін байқаймыз. Мұндай кездері ақыл айтушылар көбейіп кетеді ғой, журналистерден бөлек желіде әркім білгенін жазып жатыр. Осы орайда уәжді әңгіменің, білікті де салиқалы пікірдің ауадай қажеттігіне көзің жете түседі. Біздің журналистер осы жағдайды халыққа өз деңгейінде жеткізіп жатыр ма?

– Оныңыз рас. Кейбір зерттеушілер әлеуметтік желіні «азаматтық журналистика» нышанына балап жүр. Қалай болғанда да желіде көңіл аударалық тұстар табылғанымен, көп ретте «ауыл айтқыштарының» төңірегінен табылатыны рас. Азаматтық журналистика, қоғам пікірі деп отырмыз. Қазіргі отандық кәсіби журналистиканың деңгейі жоғары болғанымен, құрылықтар құлақ түріп жатқан қадау-қадау оқиғалардың төркініне үңіліп, оқырман-көрерменге жөн сілтеуде шарасыздық танытып жүр. Қазіргі ахуалда бұл ең алдымен экономикалық ақпаратқа, экономикалық журналистикаға қатысты. Жалпы, бізде салалық журналистика дамымай жатыр.

– Сұхбатқа әзірленіп отырып, мынадай бір анықтамаға кезіктім. Онда «экономикалық журналистика классикалық журналистика түсінігінен түбегейлі ерекшеленеді. Мұнда тілшіге қойылатын басты әрі негізгі талап – сандарды есептеп, салыстыра білу, формулаларды талдап, қандай да бір мемлекеттік орган немесе компанияның мұндай сандарға қалай қол жеткізгенін сараптап түсіну қабілеті. Экономикалық процестерді сипаттаумен айланысатын журналист тек цифрларды талдап қана қоймай, оларды қарапайым жұртқа қысқа да нұсқа түсіндіре алуға тиіс», делініпті. Осы тұжырыммен келісесіз бе?

– Әлбетте келісемін. Қазір бізде әлемдік шаруашылық байланыстар жөніндегі ақиқат ақпарға деген зәрулік бар. Одан экономикалық журналистика құтқара ала ма деген сауал тіл ұшына оралады. Бұл орайда ағылшынның "Financial Times" күнделікті газетінің саясаткерлер, бизнесмендер алдындағы беделіне жүгінейік. Олар айқын ақпаратты, тұщымды тұжырымды бульварлық басылымдардан емес, нақ осы экономикалық журналистика ардагерінен іздейді, мұның өзі сауалымызға дайын жауап емес пе? Жоғарыда айтқанымдай, қазіргі таңда бізге керегі осындай сарабдал дерек, обьективті көзқарас. Әсірелемей, ұшқары тұжырым жасамай, әлемдегі және елдегі саяси-экономикалық ахуалды талдай отырып, қарапайым халыққа бағыт-бағдар беретін нақ осы экономикалық журналист болуы тиіс. Тіпті бағыт-бағдар ғана емес, экономикалық тәрбие де беруі керек. Шынайы ақпарға зәруліктен экономикалық журналистика құтқара ала ма деген көзі қарақты оқырман Ұлттық банктің бұрынғы төрағасы Григорий Марченконы ұмыта қоймаған болар. Ол журналистерді қаржы-қаражат жөнінде асығыс пікір айтып, шалағай қорытынды жасаудан әрдайым сақтандырып отыратын. Үстірт ой білімнің таяздығынан туындайтындығын білетін банкир мырза әріптестерімізге экономика оқулығын тағы бір парақтап шығу жөнінде кеңес берген еді. Әлбетте, Марченко ұсынысының орынды екендігінде дау жоқ. Өйткені, куә болып отырғанымыздай, жоғары оқу орындарында болашақ журналистер алатын іргелі экономикалық білімнің жұтаңдығын былай қойғанда, ол сондай-ақ қалам қайраткерлерінің кәсіби ерекшеліктері мен ойлау дағдысына лайықталмаған.

Экономиканы жазатын журналист алдымен нені ескерген жөн?

– Заманымыздың көкейкесті мәселелері туралы пайымды пікір өрбіткісі келетін журналист өзі көтерген тақырыпты терең игеруі, жоғарыда айтылғандай, бұл үшін нақты бір салаға мамандануы қажет. Бүгін билік туралы сөз қозғап, ертең егінге ойысатын әмбебап жазғыштардың дәурені өткен. Қазақ көсемсөзінде сорабы түсіп, сүрлеуі айқындала бастаған экономикалық журналистикаға келетін болсақ, оның әліппесін қоғамның, мемлекет пен мекеме-кәсіпорынның, отбасының пайда, шығын, қаржы, салық, бәсеке сияқты шаруашылық жүргізу тетіктері түсіндірілетін "Экономика теориясынан" бастау керектігі әмбеге аян. Соңғы онжылдықта сөздік қорымызға енген, бұрындары "Саяси экономия" деген атаумен белгілі осы ұғымның ағылшын-американ әдебиетіндегі атауы "Экономикс" ("Economics"). Бұл ғылымның "атасы" ағылшынның экономист ғалымы, неоклассикалық бағыттың негізін қалаған Альфред Маршалл Кембридж мектебінің өкілі болып табылады.   1890 жылы жарық көрген өзінің "Экономикс қағидаттары" (ағылшынша "Principles of Economics" деп аталады, "Приципы экономической науки" деген атпен орысша 2010 жылы басылған) атты еңбегінде ол осы терминді алғаш қолданып, тұжырымдайды. Экономикалық құбылыстардың мәнін математикалық әдістер арқылы ашқан А.Маршалдың графиктері бүгінгі оқулықтарда да кеңінен пайдаланылады. Атақты ғалым Джон Мейнард Кейнс өзінің ұстазын "ХІХ ғасырдың ұлы экономисі" деп атағаны бекер емес.

"Экономикс" оқулықтары экономика негіздерін игеруге ұмтылған ынталылардың қолынан түспейтін кітап болуға тиіс. "Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық" жобасы негізінде жуырда Н.Грегори Менкью мен Марк Тейлордың "Экономикс" атты бірегей туындысы қазақ тіліне аударылды. Негізі бұл кітаптың бірінші басылымы 1997 жылы шыққан, ал тәржімаланғаны 2017 жылы басылды. Әлемнің 25 тілінде жарық көрген төртінші басылымды әзірлеуге кезінде біз де атсалыстық.

Осы әңгімені өрбіте түссек, экономикалық журналистер алатын білім іргетасында макро-және микроэкономика қандай орын алуы тиіс деп ойлайсыз?

– Қоғамдық өндірісті нарықтық тұрғыдан ұйымдастыру заңдылықтарын зерделейтін жоғарыдағы экономикстің, яғни экономикалық теория ілімінің макроэкономика және микроэкономика тәрізді құрамдас бөліктері бар. Атауы әйгілеп тұрғандай, микроэкономика шектеулі, шағын нарықтардың-фирмалар мен кәсіпорындардың, үй шаруашылықтарының, жекеменшік бизнестің қалыптасу және даму ерекшеліктеріне ден қойса, макроэкономиканың талдау аясына тұтас мемлекеттер, сондай-ақ АСЕАН, Еуропалық одақ, Еуразиялық одақ, тағы басқа ғаламдық бірлестіктер мен ұйымдар енеді.  

Сондықтан да болар, бүгінде кейбір зерттеушілер макроэкономика ғылымы қарастыратын мәселелер шоғыры микроэкономикаға қарағанда әлдеқайда қомақты, деген пікірге көбірек ден қояды. Өйткені, макроэкономика проблемалары тұтас бір елдің шаруашылық ауқымын қамтиды. Құстың қос қанатындай осы екі саланы бөле-жармасақ та, макроэкономика айналысатын мәселелерді атап өткен орынды. Кез келген мемлекет үшін маңызы зор жұмыспен қамту, бағаның жалпы деңгейі, ақша айналымы, пайыз кесімі деңгейі, мемлекеттік бюджет, сауда теңгерімі, экономикалық өсу сияқты көкейкесті сауалдар солардың санатында.

Міне, осыған орай макроэкономикалық теория экономика ғылымының күрмеуі қиын күрделі тармағы саналады. Макроэкономикалық модельдердің байыбына бару экономикалық білімді меңгерумен, экономикалық мәдениетті игерумен барабар ұғынылатыны сондықтан. Таудың тасындай іріктеліп, ірілендерілген, басқаша айтқанда агрегатталған экономикалық көрсеткіштер жиынтығының өзара тәуелділігін тұжырымдау осы макроэкономикалық талдаудың өзегі болып табылады. Мәселен, көмірсутекті шикізат нарығында қазіргі қалыптасып отырған ахуал талдамашы экономистер мен журналистердің күн тәртібінде болуы тиіс.

"Экономикалық журналистика әлемінде time management қолдану аса маңызды, өйткені қаржы журналисінің әр күні ел экономикасына ықпал ететін бағамдарды қараудан басталады" деген тұжырым экономикалық тәрбие ұғымымен ұштасып жатқан жоқ па?

– Мәселені кеңінен қарастырайық. Time management дегеніміз уақытты басқару. Ерте шықсаң, алдыңнан күн шығады, кеш шықсаң, алдыңнан түн шығады, деген. Бүгінгі ұлт зиялыларының, қаламгерлер мен ұстаздардың басты міндеті-қазақты уақытты бағалауға үйрету. Еріншектің ертеңі бітпейтінін, қазақтың бүгінгі шаруаны келесі күнге ысыруға бейім тұратынын жақсы білген Алаш арыстары барлық қарым-қабілетін халқымызды жалқаулықтан арылтуға, оятуға арнады. Өйткені, қазіргі ғылыми көзқарас бойынша да халықты уақытты үнемдеуге, еңбекке және еңбек нәтижелеріне ұқыпты қарауға үйрету экономикалық тәрбиенің басты міндеттері болып табылады. Ал, уақытты үнемдей білу дегеніміз адамның бүкіл кәсіп-қызметін қамтиды. Экономикалық ұғым-түсініктердің бірде-біреуі дәл осындай жалпылық пен әмбебаптыққа ие емес. Экономикалық тәрбие арқылы алынған білім әлеуметтік жанжалдардан, күйзелістер мен қателіктерден аулақ болуға, оларды қайталамауға мүмкіндік береді. Және де шаруашылық қарым-қатынастар мәдениеті жоғары болуына, жеке адамның экономикалық еркіндігіне, адал табыс табуына, кәсіпкерлік құқығын қорғай алуына жол ашады. Осының арқасында өндірісті реттеудің оңтайлы тетігі жасалады.

Есепсіз дүние жоқ. Қазақ "үйдегі есепті базардағы нарық бұзар", "есепсіз дүние жоқ", "судың да сұрауы бар", "алтын тапсаң, санап ал", "ақша кетуге тырысады, есеп ұстауға тырысады", "есептемегенге бәрі түгел" деген. Сондықтан үйдегі есепті базардағы нарық бұзбас үшін экономикалық тәрбие жеке тұлғаның экономикалық мінез-құлқын, дағдылары мен машықтарын, қадір-қасиеттерін, әлеуметтік-экономикалық белсенділігін қалыптастыруды көздейді. Біздің еліміз бүгінде ақыл-ой экономикасына, инновацияға аяқ басты. Сөйтіп, экономикалық тәрбие рөлі ақпаратқа негізделетін және сонымен қатар оны ұдайы толықтырып әрі жетілдіріп отыруды қажет етенін білім экономикасын қалыптастыру жағдайында өсе түсуде. Осы орайда қазіргі заманғы әлеуметтік-экономикалық дамудың құрамдасы бөлігі жәй ғана білім емес, "білімнің білімі", яғни ғылыми ізденістермен және ақпаратпен, атап айтқанда оның технологиясымен байланысты білім болып табылатынына баса назар аударған абзал. Зияткерлік қоғамдағы білім берудің жаңа үдерісі білімді ұстаздан шәкіртке жеткізу ғана емес, сондай-ақ шәкіртті өндірістің жаңа технологиясы мен ғылыми ізденістерді түсінуге үйрету, шаруашылық жүргізу мен өмір сүрудің сапалық тұрғыдан жаңа жағдайларына икемделуге, ұдайы өзгеріп отыратын экономикалық, әлеуметтік және өзге орталарға сіңісуге бейімдеу болып табылады.

Бүгінде елімізге жоғары кәсіби машықтарымен қоса басқарушылық және кәсіпкерлік қызметке икемі бар, іскерлік байланыстарды жолға қоя алатын, жеке шығармашылық қызметті жүргізе білетін, ғаламдық ақпараттық желіде "балықтай жүзетін" жаңа тұрпатты мамандар ауадай қажет. Бұған тек экономикалық білім мен экономикалық тәрбиені ұдайы жетілдіру арқылы ғана қол жеткізе алатынымыз айдай анық. Экономикалық білімді және экономикалық тәрбиені жетілдіру экономикалық қарым-қатынастарды ұдайы жетілдіру және соның негізінде қоғамдық қатынастардың бүкіл жүйесін дамыту үшін қажет.

– Қазақстан экономикасы томаға-тұйық емес, жоғарыда айтылған АСЕАН, Еуропалық одақ, БРИКС сияқты одақтармен, Әлемдік банк, Дүниежүзілік сауда ұйымы сияқты халықаралық ұйымдармен қоян-қолтық араласып келеді. Елдер арасындағы саяси-экономикалық байланыстарды ой елегінен өткізіп отыратын халықаралық журналистиканың біздегі жағдайы қандай?

– Қысқаша ғана тоқталып өтейін. Көрші Ресейде бұл мамандықты оқыту бойынша жарты ғасырлық тәжірибе жинақталған, мол әдістемелік және ғылыми әдебиет қоры бар, түрлі зерттеулер жүргізіліп, диссертациялар қорғалуда. Ал, біздің елімізде бұл бағытта әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде халықаралық журналистика бойынша бакалавриат пен магистратура, докторантура ашылғанына көп бола қойған жоқ. Мамандық бойынша ғылыми-әдістемелік әдебиеттің тапшылығын осы арқылы түсіндіруге болар. Сондай-ақ көштің жүре түзелеріне күмән жоқ.   

Қызмет бағытына сай болашақ халықаралық журналистер арнайы сабақтармен қатар дипломатияға және елтануға қатысты пәндерді меңгерулері, сондай-ақ халықаралық саясат және халықаралық экономика бойынша терең білім алулары қажет болады.

Қазіргі таңда әлем елдерінде отандық бұқаралық ақпарат құралдарының тілшілік желілері бар. Бірақ, оларда негізінен алғанда халықаралық саясаттан, экономикадан, журналистикадан хабары жоқ филологтар, тарихшылар, басқа да мамандық өкілдері жұмыс істеуде. Сондай-ақ орталық басылымдардағы халықаралық бөлімдерде де осындай ахуал қалыптасқан. Аталған қызметтерде арнайы мамандығы бар журналистер еңбек етуі керек. Оларды дайындап жатқан жалғыз оқу орны - ҚазҰУ-дың ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғамдық медиа кафедрасы.

- Әңгімеңізге рахмет.



Фото: ашық дереккөз
Загрузка...