Бізде басынан бастап ойлап тапқан платформа жоқ. Мусин «Сбербанкпен» жасалған меморандум туралы айтты

25 Қазан 2021, 14:28
4161
Бөлісу:
Бізде басынан бастап ойлап тапқан платформа жоқ. Мусин «Сбербанкпен» жасалған меморандум туралы айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілісте Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин депутаттарға ресейлік «Сбербанкпен» «электрондық үкіметті» қайта бастау туралы меморандумның қалай жүзеге асырылатыны туралы айтып берді.

Цифрлық даму министрлігі мен Ресейдің «Сбербанк» арасында қойылған меморандум жұртшылық арасында резонанс туғызды. Біз жобаны іске асыру әділеттілік принциптеріне сәйкес келуі керек деп есептейміз. Яғни цифрлық платформа бойынша нақты көрсеткіштері бар тиісті техникалық тапсырма әзірленіп, жобада қазақстандық үлесті қамту жоғары деңгейде болуы керек. Қазақстанның цифрлық платформасын әзірлеуге халықаралық ашық тендер жарияланғаны абзал. Онда елдің цифрлық тәуелсіздігіне, азаматтарымыздың деректерін қорғауға қатысты барлық талап белгіленуі қажет. Жобаны отандық цифрлық индустрияны дамыту мен әртараптандыруға қуатты серпін беретіндей етіп, іске асыруға тиіспіз. Осындай серпін болуы үшін нормалар мен процедуралар анық, әділетті, түсінікті халықаралық стандарттарға сәйкес болуы шарт. Осыған орай мынадай сұрақтар туындайды: Нақты техникалық тапсырма бар ма? Жобаны іс жүзінде жүзеге асыруға ашық конкурс қашан жарияланады? – деп депутат Ерлан Саиров сұрақ қойды.

Өз кезегінде Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин қойылған меморандум халықтың наразылығын туғызғанын атап өтті.

Нақты айтып кету керек, ол меморандум. Бұл ешқандай келісім емес, ол – меморандум. Ол құжатқа Премьер-министр мен «Сбербанк» төрағасы қол қойған. Егер техникалық негіздеме және техникалық құжаттама туралы айтатын болсақ, қазір «ҰАТ» АҚ және «Зерде» АҚ өз құзыреттері аясында зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Желтоқсанның 15-не дейін зерттеу жұмыстарын жүргізіп, техникалық құжаттамаға көшеміз. Ол ақпанның 15-не дейін дайындалады. Кейін оның негізінде техникалық-экономикалық негіздеме әзірленеді, - деп айтты министр.

Оның сөзінше, жоғарыда аталған процедуралар жасалмаса, ешқандай келісімшарт жасалмайды.

Ең басты мәселе – қазақстандық IT сала не істейді? Осыны сатып алғаннан кейін қалай болады? Платформалық жүйені 30 жыл бойы Open Source не басқа технологиялар болсын, біздің елде жасалмаған платформалардың арқасында цифрландыруды жүргіздік. Яғни өзімізде, қазақтарда басынан бастап ойлап тапқан платформа жоқ. Бірақ мемлекет шетелдік платформаларды алып, қазақстандықтардың арқасында осындай цифрландыру деңгейіне жеттік. Енді осы цифрландыру бір орында тұрып қалмас үшін жаңа платформалық модельге көшу туралы айтып жатырмыз, - дейді Цифрлық даму министрі.

Мусиннің айтуынша, ашық тендердің болу не болмауы заңға сәйкес жүруі керек. Сол себепті оның қандай жоба (мысалы, инвестициялық жоба) болатындығы Үкімет талқылап жатыр.

Жылпы бүгінгі қол қойылған құжат – ол меморандум. Неліктен біз оған қол қойдық? Өйткені бүгінгі таңда ашық кодтарды берейін деп жатқан тек сол платформа ғана. Барлық технологиясы бар, біріктірілген платформалар болса және ашық кодтарды бізге беріп, өзіміз ашық кодтардың арқасында сүйемелдеу жұмыстарын жүргізе алсақ, әрине, оларды да қарастырамыз, - деп толықтырды Бағдат Мусин.




Өзгелердің жаңалығы