#Bizbirgemiz. "Қазақфильм" ұлттық кино топтамасын ұсынады

7 Сәуір 2020, 12:10
1827
Бөлісу:
#Bizbirgemiz. "Қазақфильм" ұлттық кино топтамасын ұсынады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. "Қазақфильм" киностудиясы карантин кезінде қазақстандықтар үшін қызықты әрі қауіпсіз демалыс ұйымдастырады.

Киностудия ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысымен түсірілген фильмдерді #bizbirgemiz акциясы аясында отандық телеарналарға ұсынды.

"Қазақфильм" киностудиясы соңғы жылдары жарыққа шығарған туындыларды енді республикалық КТК, "Хабар" және "Қазақстан" телеарналары арқылы прайм-тайм уақытында көруге болады.

КТК арнасы: Демалыс күндері сағат 16:30 көрермендерге отандық фильмдерді көруге мүмкіндік жасап, "Үй киносеансы" жобасын бастады. Жоба 28 наурыз күні әйгілі "Айка" фильмінің көрсетілімінен басталды және әр демалыс күндері "Қазақфильмнің" "16 қыз", "Жаңғақ тал", "Ұстаз" және "Ликвидатор" сынды фильмдерін көрсетуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ бұл жобаның аясында көрермендерге беделді фестивальдерде жүлделі болған фильмдер: Эмир Байғазинның алғашқы жұмысы, қазақстандықтар арасында тұңғыш "Күміс аю" жүлдесін және 63-і Берлин кинофестивалінде Morgenpost газетінің сыйлығын алған "Асланның сабақтары"; 75-і Венеция кинофестивалінде "Үздік режиссер" номинациясын жеңіп алған "Өзен"; 41-ші Мәскеу халықаралық кинофестивалінде Гран-при ("Алтын Георгий" сыйлығы) және XV Халықаралық "Еуразия" кинофестивалінде Гран-при алған Фархат Шариповтың "Тұлғалық өсу тренингі" фильмдері көрерменге жол тартады.

"Қазақстан" Ұлттық арнасы: "Жерұйық", "Томирис", "Жаужүрек мың бала", "Анаға апарар жол", "Шырақшы/Хранитель", "Талан", "16 қыз" (2 бөлім), "Айка", "Композитор", "Қазақ хандығы. Алтын тақ" көркем фильмдерін, "Мұзбалақ", "Күлтегін", "Ер Төстік және Айдаһар" анимациялық фильмдерін көрсетеді.

"Хабар" және "Ел арна" телеарналары: Биыл "Қазақфильмнің" жүздеген көркем, деректі және анимациялық фильмдерін көрсетуді жоспарлап отыр. 5 сәуірде басталған "Отандық фильмдер онкүндігі" жобасының аясында "Хабар" телеарнасының көрермендері "16 қыз", "Қызғылт қоян туралы ертегі", "Анаға апарар жол", "Шал", "Кенже", "Томирис" және "Шырақшы" фильмдерін көре алады.

Сонымен қатар, "Қазақфильмнің" әкімшілігі киностудияның ресми Youtube-арнасының фильмотекасын белсенді толықтырып жатқандарын айта кеткен жөн.

Дәл кәзір, кез-келген ыңғайлы уақытта интернет қолданушылары қазақ киносының алтын қорына енген және Шәкен Аймановтың туындыларын, сондай-ақ "Қазақфильмнің" анимациялық фильмдерін көре алады.

Өзгелердің жаңалығы