Біз "Жошы ұлысының" тікелей мұрагеріміз – Берік Әбдіғали

23 Қазан 2019, 16:33
4656
Бөлісу:
Біз "Жошы ұлысының" тікелей мұрагеріміз – Берік Әбдіғали
PHOTO
Фото: автордан

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қарағандыда Алтын Орданың 750 жылдығына орай ауқымды шара ұйымдастырылып, ғалымдар мен мамандардың қатысуымен ғылыми конференция өтіп жатыр.

Конференция барысында сөз алған мемлекет және қоғам қайраткері, "Қазақстанның киелі жерлері географиясы" жобасының жетекшісі, Қарағанды облысы Ұлытау ауданының әкімі Берік Әбдіғали "Жошы ұлысының" яғни "Алтын Орданың" Қазақ хандығына, Қазақстанға қаншалықты қатысы бар екендігіне тоқталды.

"Біздің тарихымыз өте тереңде жатыр. Қазіргі Қазақстан жерінде көптеген мемлекеттер болған. Өздеріңіз білетіндей, сақ, ғұн, қыпшақ, оғыздар болған. Соның ішінде ең алпауыты – Шыңғысхан құрған империя, оның мұрагері "Жошы ұлысы". Сол кезеңдері ұлы ұлыс атанған "Жошы ұлысының", кейінгі деректерде "Алтын Орда" деген ұғыммен белгілі болған мемлекеттің 750 жылдығын тойлау Қазақстанда биылғы жылдан бастап басталып жатыр. Бұл шаралар 2020 жылы да жалғасын табады", - деді Берік Әбдіғали.

ЖОШЫ.jpg

Елбасының екі жарым жыл бұрын көтерген "Рухани жаңғыру" бағдарламасының аясында ұрпақ бойында біртұтас тарихи сана қалыптастыру мақсатында атқарылған шаралар легінде осы "Алтын Орда" хандығының тарихын толық зерттеу және насихаттау қолға алынған.

"Жошы ұлысы" тарихта "Алтын Орда" атауымен белгілі. Өкінішке орай, бұл хандық әлі де болса толық зерттелмеген. Бұл ұлысты зерттеп жүрген ғалымдар бар, дегенменде тарихшылардың еңбектеріне толық көңіл бөлінбеген деп есептейміз. Бүгінде ұйымдастырылып жатқан іс-шаралардың бір мақсаты сол ғалымдарға қолдау көрсету. Конференцияға тек еліміздің ғана емес, шетелдік ғалымдар да келіп жатыр. Сонау Германиядан, Ресейден, Жапониядан, Түркиядан келген ғалымдардың барлығы тарихтың осы кезеңін, Жошы ханды, Жошы ұлысын зерттеген", - деді ол. 
Аудан әкімінің айтуныша, ғалымдар жаңа деректерімен келіп жатыр. 
"Шын мәнінде, "Жошы ұлысының" қара шаңырағы біздің жеріміз. Оған қазіргі Ресейдің территориясы, Еуропа жерлері, бүкіл Орта Азия жері кірсе де, қара шаңырақ осы біздің жерімізде деп есептейміз. Барлық әлемде Шыңғысханның империясына, оның ішінде Жошы хан ұлысына қызығушылық бар. Біз Қазақ хандығы осы Жошы хан қалыптастырған ұлы империяның мұрагеріміз. Сондықтан да, осы саланы, осы тақырыпты археология, деректану жағынан тереңірек, толықтай зерттесек деген жауапкершілігіміз бар. "Жошы ұлысын" әлемдік деңгейде насихаттасақ, арнайы фильмдер шығарып, туристерді халықаралық деңгейде тарта білуіміз қажет. Оған лайықты іс-шаралар ұйымдастырып, тарихи ескерткіштерімізді қалпына келтіру керек. Бұл іс-шаралар ауыл-аймақтың, елді мекендердің дамуына өз үлесін қосады. Жолдар дұрысталады, туристер келе бастайды. Бұның із үшін экономикалық жағынан да тиімділі бар", - дейді Ұлытау ауданының әкімі.

ЖОШЫ1.jpg

Берік Әбдіғалидың пікірінше, Жошы хан мен оның ұрпақтары толық зерттеуді қажет етеді.

"Біз әлі де болса Жошы ханның келбетін, образын толық білмейміз. Жошы хан тұлға ретінде, мемлекет басшысы ретінде зерттеуді қажет етеді. Біз мақтаныш ететін Абылай хан, Әлихан Бөкейхан, Шоқан Уәлихановтар Жошының ұрпақтары. Бұл тұлғалардың қазақ халқының қалыптасуына, қоғамға қосқан үлесі өте зор. Бұл үлкен тарихи сабақтастық және тарихтың осы саласын зерттеу біртұтас үлкен тарихи сананы қалыптастыруға өз үлесін қосады деп ойлаймын. Біз тек Қазақ хандығымен шектелмеуіміз қажет. Қазақ хандығына дейін біздің жерімізде бірқатар мемлекеттер болған. Алтын Орданы, Жошы ұлысын бізге байланысы жоқ бөтен мемлекет, өзге ел ретінде қабылдаймыз. Шын мәнісінде бұл біздің мемлекет. Сол сияқты Түрік қағанаты да, сақ, ғұн мемлекеттері де біздікі. Соның барлығының мұрагеріміз, ие болуымыз керек. Осы тарихты санаға сіңдіру қажет. Бұл "Рухани жаңғыру" жағынан үлкен жұмыс", - деді тарихшы.
Қарағандыда Алтын Орданың 750 жылдығына арналған халықаралық конференция басталғаны туралы осыған дейін хабарлағанбыз.


Өзгелердің жаңалығы