Біз барынша үнемді жолды таңдаймыз - Бақыт Сұлтанов

24 Наурыз 2019, 18:02
1862
Бөлісу:
 Біз барынша үнемді жолды таңдаймыз - Бақыт Сұлтанов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елорда әкімі қала атауын өзгертуге қатысты пікірін білдіре отырып, барлық баннерлер, маңдайшалар, хабарландырулар мен басқа да атрибутиканы бір күнде ауыстыру міндетінің тұрмағандығын мәлімдеді. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

«Ең алдымен, біз мемлекеттік бюджет үшін барынша үнемді жолды таңдайтын боламыз. Баннерлер, маңдайшалар, хабарландыру мен басқа атрибутиканы бір күнде ауыстыру міндетін біздің алдымызға ешкім қойып жатқан жоқ. Қаланың «Астана-Арена», «Астана-Опера» сияқты нысандары, спорттық клубтары өз атауларын өзгертпейді. «Астана» сөзі бәрімізге ыңғайлы. Ол мемлекеттің елордасы деген мағынаны білдіреді. Қазақ тілінде елорда тұрғындарын «астаналықтар» деп атайды. Біз оларды орыс тілінде де бұрынғыдай атауды ұсынамыз», – деді Сұлтанов.

Сонымен қатар, ол әлемдегі көрнекті мемлекеттік қайраткерлердің есімімен аталатын бірнеше қаланы мысалға келтірді.

«АҚШ сияқты алып мемлекеттің астанасының өзі де елдің Тұңғыш президентінің есімімен аталған. Сондай-ақ, Хошимин, Санкт-Петербург, Джорджтаун сияқты дүниежүзінде ондаған қала бар», – деп атап өтті ол.

Елорда әкімінің айтуынша, ел астанасының ескі атауы жазылған жеке және заңды тұлғалардың ресми құжаттары өз күшін жоймайды. ХҚКО-на барып, оларды ауыстыру қажет емес.

«Құжаттар тек олардың мерзімінің өтуі немесе жоғалуы себептерімен ғана ауыстырылатын болады»,  – деп мәлімдеді Сұлтанов.



Өзгелердің жаңалығы