Біз бұзбайтын қамал жоқ – оқытушы

29 Мамыр 2020, 13:03
2386
Бөлісу:
Біз бұзбайтын қамал жоқ – оқытушы
Фото: ашық дереккөз

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Лев Гумилев атындағы ЕҰУ оқытушысы Жұмағали Омарбаев Президент төрағалығымен өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 3-отырысында көтерілген мәселелерге қатысты пікір білдірді.

Мемлекет басшысының Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің онлайн форматында өткен 3-отырысынан бұған дейінгі атқарылған жұмыстардың нақты нәтижесі бар екенін, оның іске асырылып жатқанын аңғардым, - дейді ұстаз.

Оқытушы отырыста әлемді алаңдатқан қауіпті дерттің, оның "батпандап кіріп, мысқылдап шығатынын", бүкіл ел болып сонымен күресіп жатқанымыз жайлы сөз болғаны елге, халыққа деген ілтипатты білдіретінін айтады.
Мемлекет басшысы өз сөзінде қазіргі таңда әлемдегі құндылықтардың айтарлықтай өзгергеніне, көп дүниенің ашылғанын тілге тиек етті. Денсаулық сақтау жүйесінің, өзін-өзі қамтудың, ынтымақтасу мен жауапкершіліктің маңызы осы дүрбелең кезеңде арта түскені айтылып өткен. Соған сәйкес мемлекет қызметінде және қоғамдық өмірдің барлық саласында түбегейлі өзгерістер болып жатқанын әлеумет көріп отыр. Атышулы індет еліміз үшін үлкен сынақ болды. Қазақ халқы ешқашан қиындыққа мойымаған. Бұл жолы да әлеумет бірлігіміздің бекем екенін көрсетті. Сондай-ақ Мемлекет басшысы білім мен ғылымды дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы бойынша жүзеге асырылатын реформаларды қайта зерделеу қажеттігіне назар аударып, осы мерзімге дейін білім саласына бөлінетін қаражат алты есе, ғылымға бөлінетін қаржы жеті есе өсетінін айтты. Бұл, әрине, үлкен көрсеткіш, - дейді Жұмағали Омарбаев. 

Сондай-ақ, ол Республика бюджетінен білім саласына бөлінетін қаржысы жеткіліксіз екенін, соның салдарынан білім беру сапасы мен мектеп инфрақұрылымы дамыған елдермен салыстырғанда әлдеқайда кенжелеп қалғанына қынжылыс білдіретінін аңғартты.
Бұл – өзекті мәселе. Осыған байланысты министрліктер мен сарапшылар қауымы Мемлекет басшысының тапсырмасымен кешенді шешімдер шығарады деген ойдамыз. Дүние жүзінде болып жатқан дағдарыстан анық байқағанымыз, адамзат баласына төнетін қауіп-қатермен күресуге тек ғылым мен білімнің қажет екенін түсінуге болады. Мемлекет тарапынан қолға алынар ауқымды істер шынайы атқарылып жатса, біз бұзбайтын қамал жоқ, - деді ұстаз.


Сонымен қатар, осы университеттің тарих факультетінің аға оқытушысы Жанар Ерденбекова да Мемлекет басшысының Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 3-отырысында оқу-білім саласын жетілдіруге байланысты сөйлеген сөзінен кейінгі түйген ой-пікірін бөлісті.
Бүкіл әлем болып дағдарысқа түскендегі анық байқағанымыз, адамзат баласына төнетін қауіп-қатермен күресуге тек қана ғылым мен білімнің қажет екенін түсіну болды, сондықтан халықтың аман сақталып, өсіп-өнуі үшін бұрынғы заманда білекті күшіне сенсе, мына өмір білімдіге арналған қоғам болғанын мойындадық, бүгінгі басымыздағы қауіп-қатерге білімсіз қауқарымыз болмайтынын түсіндірді. Бүгінгі реформалар жемісін берері сөзсіз, ал оны шешудің жолдары, әрине, қаржыландыруда. Ғылым мен білімге ден қойған азаматтарды мемлекет өз қамқорлығына алуы тиіс, - деді аға оқытушы.
Өзгелердің жаңалығы