Бас жаңалықтар
Биылғы қуаңшылық алаңдатып отыр – кәсіпкер
PHOTO
19 Маусым 2021, 09:31 3638

Биылғы қуаңшылық алаңдатып отыр – кәсіпкер

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Нұр-Сұлтан қаласынан Жидебайға дейін баратын салт аттылар экспедициясы еліміздің төрт облысын басып өтеді. Осы сапарда талай адаммен жолығып, талай пікір естіп келеміз. Соның ішінде ең көп естіген мәселе - биылғы жаздың өте ыстық екені, жаңбыр жаумай, жер жаз басталмай жатып-ақ қурап бара жатқандығы. 

Бұл жайға өзіміз де куә болып келеміз. Осыдан үш жыл бұрын 2019 жылғы сапарда ат аяғын әрең алар батпақтар қаңсыған сорға, шалғынды шалшықтар қураған қу шөпке, әжептәуір өзендер үзік-үзік сарқынды суға айналып қалыпты. 


Ал маусымда қыркүйектегідей қураған даланы көргенде еріксіз тіксінесің. 


Біз сапардың алтыншы күні Мәшһүр -Жүсіп Көпеевтің кесенесінен аттанған жолда Қамысақты қыстағында отырған Дәуіт Серіков атты шаруамен жолыққанымыз жайлы айтқан едік. Енді сол Дәуіттің биылғы қуаңшылық жайлы айтқандарын тыңдап көрейік. 


Биылғы қуаңшылық алаңдатып отыр. Жылда осы уақытта сай-сала судан арылмаушы еді. Биыл ақтаңдағы шығып жатыр. Орталықтан алыстау, малдың жайымен күнелтіп отырған шаруалар үшін бұл тым қолайсыз - дейді жас кәсіпкер. 



 Ол осыдан бір апта бұрын көрші Мәшһүр-Жүсіп ауылымен бірлесіп тасаттық бергендерін айтады. 

Бір апта бұрын тасаттық бердік, алайда одан иій қойған аспан көрінбеді. Өздеріңіз көріп отырсыздар, күн күн сайын шыжып барады, - дейді Дәуіт Серіков. 

Дәуіттің сөзінің жаны бар, біз ат басын тіреген ауылдардың көбі тасаттық беріп, Алладан жауын тілеп, құрбан шалып жатқанын байқадық. 

Өңірдегі құрғақшылықтан жергілікті атқамінерлер де хабардар. Бірақ, табиғаттың алдында қауқарсыз. 

Елуден астам жылқы, 200-ге жуық қазақы ақбас сиыр ұстаймыз. Өткен жылдан қалған азын-аулақ шөп-шалам бар, бірақ ол жаңа шөптей жұғын болмайды ғой. Десе де, жаздың бір күні, қыстың мың күнін асырайды дегендей, азар түк таппаса осы ескі шөппен де жан бағуға болады - дейді Дәуіт. 

Ол күн райына бағып шаппаға орақ та салмай отырғанын айтады. 

Кейде мына күйі тұрса, бекер күйіп кете ме деп, шабындықты бастап жіберсек пе дейміз. Дегенмен, Құдайдан үмітіміз бар пендеміз ғой, жаңбыр жауып, жер тыңая ма деген де ойымыз бар. Ондай күн болса, жастай орған шабындыққа да обал, толық жетіліп, піспеген шөптің жұғымы да аз - дейді шаруа баққан жігіт. 

Өткенде әлеуметтік желіде бір қалжың оқыған едік. Әзіл болса да астары зілді еді. 


Бір тойда жылда төменде, бала шағаның ортасында отыратын бірнеше жігіт әкімдермен тізе түйістіріп, төрге шығып алған екен. Ауыл адамдары, «мыналарға не жоқ, төрге шығып кетіпті ғой» десе қасында отырған әкім, «оларға тимеңдер, биыл бұл жігіттер жоңышқа еккен, ал жоңышқаның бағасын өздерің білесіңдер ғой» деген екен. 

Осы қалжыңда айтылғандай, биылғы жаз осы қалпы тұрса, жем-шөптің бағасы да қымбаттауы мүмкін. 


Естеріңізде болса, бұған дейін Маңғыстау облысында қуаңшылықтан болып мал қырылып жатқаны туралы жазғанбыз.




Фото: автордан
Загрузка...