Биылғы ҰБТ барысын кез келген адам бақылай алады

28 Мамыр 2020, 11:37
1845
Бөлісу:
Биылғы ҰБТ барысын кез келген адам бақылай алады
Фото: дереккөз

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. 2020 жылы кез келген адам Ұлттық бірыңғай тестілеу үдерісін диджитал агент қосымшасы арқылы бақылай алады. Егер ҰБТ өткізу ережелерін бұзу дерегін анықтаса оның фото немесе видеосын  жібере алады. 

Бұл туралы Аматы қаласының Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Гүлнар Ермекбаева брифинг барысында айтты.

Оның айтуынша, биыл Алматыда 14 972 адам ҰБТ тапсыруға өтініш білдірген. Оның ішінде жалпы білім беру ұйымдарынан 9 047, орта арнайы оқу орындарынан 5 925 түлек бар.

ҰБТ 20 маусымнан 5 шілде аралығында өтеді. ҰБТ-ның өткізілу барысын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жанындағы арнайы мониторингті топтың мүшелері қадағалайды. Тестілеуге кіру кезінде қатысушыдан тыйым салынған заттар, яғни смартфондар, шпаргалка, гаджет және тағы басқа заттар табылса ол адам тестілеуге жіберілмейді. Сонымен қатар, 2020 жылы ҰБТ-ны ақылы негізде тапсыру құқығынан айырылады,-деді департамент басшысы.  

Гүлнар Ермекбаева ҰБТ санитарлық-эпидемиялық нормалар ережелерін толық сақтай отырып өткізілетінін айта келе карантиндік жағдайға байланысты ата-аналардың түлектермен бірге ілесіп келмеуін өтінді. 

Сондай-ақ ол, коронавирус инфекциясының таралуына байланысты қала маңындағы лагерьлердің жұмысына шектеу қойылғанын айтты.

Тамыз айында әрбір білім беру орнында 1-11 сынып оқушылары үшін жазғы мектеп ұйымдастырылады. ІV тоқсанның материалдары бойынша білім ала алады, бірақ ол әр оқушының өз қалауы бойынша, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы