Биыл СҚО-да 8 туристік нысан ашылады

9 Сәуір 2021, 12:01
3177
Бөлісу:
Биыл СҚО-да 8 туристік нысан ашылады

Солтүстік Қазақстан, BAQ.KZ тілшісі. Бұлар негізінен Шалқар-Имантау курорттық аймағында пайдалануға берілетін демалыс орындары.

Былтыр індеттен зардап шеккен салалардың бірі – туризм. Соңғы жылдары үйреншікті Түркия, Тайланд секілді елдерден гөрі, қазақстандықтар ел аумағында демалып, тарихи нысандарды тамашалауға бет бұрған. Бірақ карантиннің кесірінен былтыр туристер азайды. Соның өзінде өткен жылы Аққайыңдар өлкесіне басқа аймақтардан 102 632 адам барған екен.

Былтыр Имантау мен Шалқар көлінің жағасында 4 нысан ашылды. Олар: «Адель», «Тихая заводь», « Имантау», «Тұрпан» секілді демалыс орындары. Ал биыл 8 туристік нысан пайдалануға берілмек. Өткен жылы осы салаға қыруар инвестиция құйылды, кәсіпкерлер 3,1 млрд теңге салды. Яғни туризмді дамытудың пайдасы барын түсінген. Биыл «Шалқар Су», Қазығұрт, Имантау, Аютас, Жемчужина, Имантау - Марина Клаб пайдалануға берілмек. Сондай-ақ «Көл жағасындағы үй» мен «Солнечное VIP» демалыс орындары кеңейтіліп, жаңа кешендері ашылады, - дейді облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының туризм және лицензиялау бөлімінің басшысы Қанат Шамсутдинов.  

Солтүстік Қазақстанға жолы түскен туристердің негізінен баратын мәдени-тарихи орындары «Абылай хан резиденциясы», облыстық тарихи-өлкетану музейі, «Айғанымның қонысы», «Қарасай мен Ағынтай» батырларға арналған мемориалдық кешен және «Ботай» қонысы, Ботаникалық бақ. Ал белсенді демалысты қалайтындардың таңдауы Шалқар-Имантау курорттық аймағына, «Green Park» элиталық отбасылық парк-отелі мен «Нептун» аквапаркіне түседі.

Өкінішке қарай, былтыр шет елдерден туристер аз келді. Шекарадан өткен 2132 адам іссапармен келген екен. Оның өзі іргеміздегі Ресей бизнесмендері.       

Өзгелердің жаңалығы