Биыл Өскеменде 18 аула қайта жөнделеді

14 Ақпан 2019, 14:24
2125
Бөлісу:
Биыл Өскеменде 18 аула қайта жөнделеді

Өскемен, BAQ.KZ тілшісі. Өткен жылы қалада бес жүзден астам интерактивті жарық шамдары орнатылып, аулалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында энергия үнемдегіш жарық шамдары бар 187 баған сатып алынған. Бұл жөнінде тұрғындар алдында есеп берген Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар мәлімдеді.

«Тұрғындардың қауіпсіздігі көшелері мен аулалары жарықтандырылған елді мекендерде 25 пайызға жоғары болатынын әлемдік тәжірибе дәлелдеп отыр. Осы себепті біз бұл мәселеге жіті көңіл аударудамыз. Атап айтсақ, өткен жылы 511 интерактивті жарық шамдарын орнатып, аулалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында энергия үнемдегіш жарық шамдары бар 187 баған сатып алдық. Сонымен қатар 10 орта мектепке апаратын жолдар жарықтандырылды. Биыл да бұл жұмысты жалғастырамыз. Яғни биыл біз қаланың шет аудандарын жарықтандыруды қолға аламыз», - деді қала әкімі өз сөзінде.

2019 жылы тағы да 10 орта мектепке бастайтын көше жарықтандырылып, жалпы сомасы 2,9 миллиард теңгеге 17 мыңнан астам көше шамы энергия үнемдегіш жарық шамдарына алмастырылады.

«Сондай-ақ «Менің аулам» жобасы аясындағы жұмыстар да жүргізілуде. Аулалардағы балалар ойын алаңдары жаңартылып, аула ішіндегі жолдар алты метрге дейін кеңейтілуде. 2018 жылы аталмыш жоба шеңберінде 12 аула жөнделіп, үшеуіне әмбебап спорт алаңдары орнатылды. Биыл аталмыш жоба аясында 50 көпқабатты тұрғын үйді қамтитын 18 ауланы жөндеуден өткізбекпіз», - деп қосты Жақсылық Мұқашұлы.

Азамат ТЕМІРБЕКОВ

Фото: шартты


Өзгелердің жаңалығы