Биыл Шымкентте 400 шақырымдай көше жөнделеді – Мақсұт Исахов

26 Шілде 2020, 18:56
3248
Бөлісу:
Биыл Шымкентте 400 шақырымдай көше жөнделеді – Мақсұт Исахов

Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Шымкент – республикалық маңызы бар қала мәртебесін алғалы шаһардың инфрақұрылым саласы, соның ішінде жол құрылысы қарқынды жүргізіле бастады. Қазір Шымкентте көптеген көше жөнделіп жатыр. Шымкенттің жол құрылысында не жағдай боп жатқанын және қандай өзгеріс боларын қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов айтып берді. 

Мақсұт Исаховтың қол астына бес басқарма, атап айтқанда жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы, еңбек инспекциясы және көші-қон басқармасы, дене шынықтыру және спорт басқармасы, туризм басқармасы, мемлекеттік сатып алу басқармасы кіреді. 

Барлығы 256 көше жөнделеді 

Әкім орынбасары Мақсұт Исаховтың айтуынша, биыл Шымкентте 400 шақырымдай көше жөнделеді.

Жалпы қала бойынша биыл 414 шақырым жолда құрылыс орташа жөндеу, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл оның 313 шақырымын пайдалануға берсек деп отырмыз. Соның ішінде 75 шақырымы магистарльды көшелерде. Барлығы 256 көше жөнделеді. Бұл – рекордты көрсеткіш. Әртүрлі жөндеуге жатады. Басым бөлігі – орташа жөндеулер. Статистикалық мәлімет келтірсем, былтыр орташа жөндеу бойынша қалада 68 шақырым жол жөнделген. Биыл бұл көрсеткіш 5,6 есе көп. Қазір сол 256 көшенің 135 көшесінің ремонтын бітірдік. Қалаішілік көшелерден Әл-Фараби ауданы, Забадам шағынауданы, Саттарханов көшесін, Қаратау ауданы, Туран шағынауданы, Байжігітов көшесін, Абай ауданы, Солтүстік-Батыс шағынауданы, Тарактас көшесін, Самал-2 шағынауданы, Болашақ көшесін жәнн Ермекбаев көшесі мен Сейтов көшелерінің орташа жол құрылыс жұмыстарын толығымен аяқтап, пайдалануға бердік. Бұл жұмысты біз жүйелді түрде жалғастырамыз. Бұрын асфальт төселмеген көп көшеге асфальт төселіп жатыр. Осы қыркүйек айының соңына дейін басты магистралдардағы асфальттардың жұмысын бітіреміз деп отырмыз. Егер де сіз тұратын көшелер ремонтқа түспей қалған болса, демек оның өзіндік себептері болуы мүмкін. Басты себебі – инженерлік жүйелердің жүрмеуі. Сондай жерлерге газ және су жүргеннен кейін барып, асфальт салынады. Біз картаға қарап, ең алдымен әр шағынауданның басты көшелеріне асфальт төсеуге тырысамыз. «Неге?» деген сұрақ туындайды, өйткені сол көшелермен қоғамдық көлік жүреді. Екіншіден, сол көшелерге кәріз жүйесі салынды ма, су, газ жүргізілді ма? Міне, соған қараймыз. Өйткені асфальт сол коммуналды инфрақұрылым жүргізілген соң төселуі керек. Асфальт бірінші түссе, онда сол жолды қайта қазуға тура келеді. Сондықтан да бірінші осындай жұмыстары жүргізілген көшелерді жөндейміз. Сондай принциппен жұмыс істейміз. Шымкент қаласына 40-тан аса елдімекен қосылып, қала аумағы едәуір ұлғайды. Енді бұдан артық басқа елдімекендер қосылмайтын шығар. Ал қосылған елдімекендер бойынша қазір үлкен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, Қошқарата өзені жағасындағы үйлерді бұзу туралы көптеген сұрақ қойылады. Бұл жерде нақты жауап берер болса, бұл Қонаев даңғылын ары қарай созу жұмыстары қазір жүргізіліп жатыр. Сол көшенің бойына түсетін жер телімдеріндегі құрылыстар сүріледі. Қазіргі таңда сол жердегі әлі сатып алынбаған 6 жер телімі қалып тұр. Қалғанының барлығын сатып алдық. Қонаев көшесін Түркістан көшесінен бастап, Оңтүстікке қарай салу жайлы үлкен жобамыз бар. Сол жолдың үстіне кететін жерлердің барлығы сүріледі, - дейді Мақсұт Исахов.

Қай көшелерді жөндеу қашан аяқталады?

Оның сөзінше, 1 қыркүйекке дейін басты магистраль жолдарды жөндеу жұмыстары аяқталады екен.

Қазір Ахмет Байтұрсынов көшесін бітірдік. Жаңарған көшемен жүріп өткен кісілер байқаған болар, көшеде белгі салу жүргізіліп жатыр. Әзірге вело жолақтарды арнайы түспен бояуға және арнайы белгі қоюға қаржы жетіңкіремей тұр. Қазір Байтұрсынов көшесінің Арғынбекова көшесінен жоғары қарай Дендросаябаққа дейінгі 500 метрдей бөлігін қалпына келтіріп жатырмыз. Мұны да таяу күндері аяқтаймыз. Байтұрсынов көшесі өте ідемі шықты. Өзіме ұнайды. Адырбеков көшесінде жөндеу жұмыстары тоқтап қалғанына қатысты көптеген сауал түсіп жатыр. Бұл көшеде жөндеу жұмыстары 2018 жылдың аяғында басталған. Өкінішке қарай сол кездегі жолды жөндеуді жеңіп алған мердігер компания жұмысты өте салбырт жүргізіп, сол мердігермен келісімшарт бұзылды. Сондықтан біз екінші рет конкурс өткіздік. Оны басқа бір мердігер компания жеңіп алды. Бірақ бірінші компанияны сотқа беруге байланысты сот процестері жүргізіліп бітті. Биыл жөндеу жұмыстары қайта басталады. Жыл аяғына дейін Рысқұлов көшесінен Жандосов көшесіне дейін жаңа аспальт саламыз. Жандосов көшесінен төмен қарай жөндеу жұмыстарын келесі жылы жалғастырамыз. Сәл шыдамдылық танытсақ, 1 қыркүйекке дейін басты магистраль көшелердің ремонт жұмыстарын бітіреміз. Қыркүйектің соңына дейін Түркістан, Асқаров, Жангелдин Қапал батыр, Жібек жолы көшелерін жөндеу жұмыстарын аяқтаймыз. Республика даңғылы мен Рысқұлов көшелерінің асфальтының бірінші қабатын салып қоюды жоспарлап отырмыз. Мұның сыртында көптеген микрорайондарда асфальт болмаған көшелер бар. Соларға асфальт төсеп жатырмыз. Мысалы топырағы жоқ тас көшелер саны 100-ден асады. Осындай 131 шақырым көшеге тас төселеді. Бұл жұмыстарды біз кезең-кезеңімен жалғастыра береміз. Енді Төлеби көшесі бойынша айтар болсам, біз өткен жексенбіде асфальт төсеуді бастадық. Ол жерде екі қабат асфальт болады. Жұмыстарын тамыз айының соңына дейін бітіреміз. Жаңа асфальтты тамыз айының ортасына дейін салсақ, содан кейін суағар арықтары, бордюр, сияқты жұмыстарын тамыз айының соңына дейін аяқталады. Жібек жолы мен Рысқұлов көшелеріне біздің жоспар бойынша үлкен жолайрық түседі. Қазіргі таңда жобалық сметалық құжаттары әзірленіп жатыр. Мемлекеттік сараптамаға енгізілуде. Осы тұста айта кетейін, қаламызда жалпы 4 жолайрығы салынады. Қазір 2 жолайрыққа мердігер компанияларды анықтап, конкурс өткіздік. Биыл бұған аз ғана қаражат бөлініп отыр. Келесі жалдан бастап қарқынды жұмыс бастаймыз. Өйткені Шымкент республикалық маңызы бар үлкен қала болғандықтан біздегі транспорттық жүйеде үлкен жолайрықтар болу керек. Өйткені жолайрықтар көлік қозғалысын реттеуге өте көп үлес қосады. Ал Алматы тас жолы А2 деп аталады. Ол үш кезеңде жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін бір кезең құрылысын бітіреміз. Яғни 2 шақырымға жуық жолды аяқтаймыз деген жоспар бар. Мал базардың түбіндегі үлкен көпірді де биыл бітіреміз. Ары қарай жұмыс кезең-кезеңімен жалғасады. Алматыдан кіреберіс жерден бастап Ташкентке шығатын жаққа дейін 31 шақырымның бәрін алдымыздағы 3-4 жылдың ішінде аяқтауға тиіспіз. Бұл жұмыс кезең-кезеңімен жүреді, - дейді Исахов.

 "Адал жол" жобалық кеңсесін ашылды 

Көше жөнделіп, жол салу көлемінен бөлек сапасы да маңызды. Мұны кім бақылайды екен. Әкім орынбасары Мақсұт Исаховтың сөзінше, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінде "Адалдық алаңы" жобалық кеңсесі бар.

Осы жоба аясында "Адал жол" деген жобалық кеңсе аштық. Бұдан бөлек департамент мамандары, қоғам белсенділері, жол жөндеушілер қауымдастығы бар. Министрлікке бағынатын "Жол зертханасы" ұйымы бар. Сол зертхана осы қаладағы барлық жөнделетін көшелерге асфальт төсегеннен кейін барып сынамасын алады. Солар тарапынан сапасы дұрыс дегеннен кейін барып жөнделген жолды қабылдап алатын келісімшартқа отырдық. Бұрын сол Жол зертханасының жұмысына мердігерлер төлейтін. Ал қазір біз олармен келістік. Олар мердігерлерге тәуелсіз болуы үшін ақшаны бюджеттен төлейміз. Ал көшелерді қабылдамас бұрын сол зертхана тексеріп, бізге қорытындысын берген жағдайда ғана біз сол жолдарды қабылдаймыз. Мұның сыртында мердігердің 3 жылдық кепілдігі де бар. Егер сол 3 жылдың ішінде жолдың бір бөлігі бұзылатын болса, өз есебінен жасап береді, - дейді Исахов.

Ауыр жүк көліктерінің қозғалысына тыйым салынды

Шымкенттің орталық көшелерімен ауыр жүк көлігін жүргізуге тыйым салынды. Бұл тыйым қала әкімдігінің бастамасымен енгізіліпті.

Біз әкім тапсырмасы бойынша осындай бір жұмыс тобын құрдық. Бұл жерде әкімнің айтып отырғаны да дұрыс. Қыруар қаржы шығындап, асфальт саламыз. Оның үстінен жүк көліктері жүреді де асфальтті бұзады. Сондықтан біз жол полициясымен бірігіп, қаланы зерттеп, негізгі магистралды көшелерді таңдадық. Қай көшеде 5 тоннадан артық жүк көлігі жүруге болады, қай көшеден 8 тоннадан артық жүк көлігі жүруге болатынын анықтадық. Ол көшелердің бәрін 1 шілдеден бастап іске қостық. Белгілерінің бәрін қойдық. Бұл жұмыс жолдарымызды сақтауға үлкен септігін тигізетініне сенеміз. Егер де жүк көліктері рұқсат етілмеген жолмен жүретін болса, жол полициялары міндетті түрде айыппұл салады. Сондықтан жүк таситын компанияларға жаңа сызбанұсқамен танысып алуға кеңес беремін. Айта кетер бір жағдай бар. Егер де сіз құрылыс объектісін салып жатқан болсаңыз, бірақ оған барар жол болмайса, соған керек затты міндетті түрде үлкен жүк көлігімен жеткізетін болса, біздің қалалық транспорт басқармасына немесе жол полиция басқармасының көмегіне жүгіне аласыз. Ол мамандар шығып көріп, егер де басқа жолы болмаса, сіздің машинаңызға рұқсат береді. Мына уақыт аралығында кіріп шығуға болатынын айтып, рұқсат етеді. Осылайша түсіністікпен қараймыз, - дейді ол.

 150 шақырымға тротуар төселеді

 Мақсұт Исаховтың сөзінше, Шымкентті екі үлкен көшеге жаяу жүргіншілер жолы мен веложолақтар кең етіп салынып жатыр. 

Мәселен, Байтұрсынов көшесі мен Түркістан көшесін алайық. Бұл екі көшеде де жаяу жүргіншілерге арналған тротуарлар өте үлкен етіп жасалып жатыр. Жанында веложолдар да салынып жатыр. Бізде веложолдардың бағдарламасы қабылданған. Биыл Республика даңғылы Ташкенттер кіре берістен бастап бері келеді да Түркістан көшесіне қосылады. Түркістаннан Байтұрсынов ал Байтұрсыновтан Рысқұловқа дейін келеді. Сол себепті де үздіксіз веложолдар жасап жатырмыз. Ал жаяу жүргіншілерге келер болсақ, биыл 150 шақырым тек қана таза тротуарлар салу жұмысы жүргізілуде. Бұрын көшелердің маңында тротуар жоқ жерлердің бәріне салынуда, - дейді әкім орынбасары.

 Қоғамдық көлік жүйесін реформалар қазанда енгізіледі

Шымкенттің қоғамдық көлік жүйесіне электронды билет енгізілмекші. Мақсұт Исаховтың сөзінше, Шымкенттік қоғамдық көлік жүйесін көптеген өзгеріс күтіп тұр.

Бізде қоғамдық көлік жүйесін реформалау, модернизациялау сияқты үлкен жоба іске қосылды. Соның арқасында біз Шымкент қаласында жаңа транспорттық жүйені енгізейін деп жатырмыз. 78 жаңа маршрут енгіземіз. Қазан айында жаңа маршрут жүйесіне өтеміз. Қоғамдық көлік жүйесін модернизациялауды Астана LRT компаниясы жасап жатыр. Олардың бізге берген ұсынымдары бойынша біз жұмыc жүргіземіз. Мұның ішінде жолдарды дамыту, веложолақтарды дамыту, жол айырықтарын салу бар.

Транспорт реформасында қала ішінде ескі жұйе бойынша 211 "маршрутка" автобус жүреді. Біз жаңа реформа жасаған кезде бар-жоғы 25-ақ "маршрутка" қалады. Ал қазір карантин кезінде бізде автобустар таңғы сағат 7-ден 11-ге дейін жүреді. Содан кейін кешкі 5-ке децін үзіліс болып 5-тен бастап 8-ге дейін тағы да жүріп жатыр. Жалпы айтар болсам, қазір карантинге байланысты көп жобалар тоқтап тұр. Автобустарға қатысты Төлем деген жобаға қажетті дүниелер Қытайдан Қазақстанға жеткізілді. Олардың құқық қорғау органдарында, кеден саласында тіркеу рәсімдері қазір жүргізіліп жатыр. Біз бұл жобаны қыркүйек айына дейін іске қосамыз деп жоспарлағанбыз. Енді сәл кешігейін деп тұр. Қыркүйек айының ішінде бұл жоба іске қосылады деген жоспарымыз бар. Сонымен қатар, кез келген базарда көлік көп болады. Өйткені, ол – базар. Енді біздің жаңа транспорттық жүйеде бұрын автобустар қатынамаған 46 шақырымға біз автобустар жүргіземіз. Маршруттар көп шоғырланған жерлерде маршруттарды азайту жұмыстарын да біраз жүргіздік. Жаңа жүйе іске қосылған, соң базар алдындағы кептелістер реттелуі мүмкін, - дейді Мақсұт Исахов.

 Қала тұрғындарын танымал спортшылар жаттықтырады

Шымкент тұрғындарының бұқаралық спортпен айналысуына жағдай жасау да қала әкімдігіне қойылар басты тапсырмалардың бірі. Бұл бағытта әкімдіктің жоспарлары бар екен.

Спорт басқармасына жаңа басшы тағайындалды. Сол кісінің ұсынысы бойынша жалпы халық спортпен айналысу бойынша үлкен бағдарлама жасап жатыр. Алдағы аптаның ішінде қала әкімінің алдына кіріп, презентация жасаймыз. Өздеріңіз теледидардан, интернеттен көріп жүрген боларсыздар. Қытайда немесе Оңтүстік Кореяда үлкен кісілер аулаға шығып, спортпен шұғылданады. Спорт басқармасы басшысының ұсынысы бойынша біздің   танымал спортшыларды осы жұмысқа қатыстыру көзделіп отыр. Күнде бір уақытты белгілеп, сол уақытта адамдар шығып, спортшының көрсеткен жаттығуларын жасау жайлы жұмыстарды бастасақ па деп жатырмыз. Мына коронавирусқа байланысты жастарды спортқа тарту жөнінде де бағдарлама әзірленіп жатыр. Сол бағдарламамен біз болашақта жұмыс істейміз, - дейді ол.

Шымкент әуежайы жаңа терминалының көлемі – 2,8 га

Қала әкімі орынбасарының сөзінше, Шымкентте туризм саласын дамытуға байланысты жұмыстар тоқтаусыз жүргізіліп жатыр.

Пандемияға байланысты туризм бизнесі өте баяулады. Дегенмен осы салаға қатысты жұмыстар бізде тоқсаусыз жүргізіліп жатыр. Мәселен Ескі қалашық Цитаделді ЮНЕСКО тізіміне кіргіздік. Fly Arystan компаниясы батыстың үш қаласымен тікелей маршрут ашылды. Атап айтқанда Атырау, Ақтау, Ақтөбеге ашылды. Қазір Қостанай, Өскемен, Қарағанды қалаларына қосымша маршруттар ашып жатыр. Біз Шымкент туризмі туралы жаңа сайт жасап жатырмыз. Өткен аптада National Geographic журналының атақты фотографы келіп, қаламызды суретке түсіріп, жарнамалап жатыр. Ақпараттық киоскілер қойып жатырмыз. Қаламызда 7 жерде қойылды. Бұл салада өте көп жоспарларымыз бар еді. Өкінішке қарай, қазір тоқтап тұр. Шымкент қаласында жаңа әуежайдың үлкен терминалы салынып жатыр. Scat компаниясы өз қаражатына салып жатыр. Жобаның жалпы көлемі 2,8 га, ал ғимараттың ауданы 35 000м2. Онда жолаушыларды өткізу қабілеті сағатына 2000 жолаушыға дейін қарастырылған. Ал мемлекет тарапынан жол және әуежай алдындағы алаңды салу құрылыстарын жүргізудеміз. Осы жылдың аяғында немесе келесі жылдың басында сол жұмыс бітуі керек. Біз соны кеңейтіп салған кезде осы халықаралық әуе қатынастар және халықаралық рейстер көбейеді деген жоспармен бастадық, - дейді Мақсұт Исахов.

Өзгелердің жаңалығы