Биыл Шығыс Қазақстанда облыстық маңыздағы алты автожол жөнделеді

30 Қаңтар 2019, 15:29
2120
Бөлісу:
Биыл Шығыс Қазақстанда облыстық маңыздағы алты автожол жөнделеді

Өскемен, BAQ.KZ тілшісі. 2019 жылы Шығыс Қазақстан облысының билігі жол жөндеу жұмыстары қарқынын арттыру мақсатында 50 де 50 сызбасы бойынша республикалық бюджеттен орташа жөндеуге паритетті негізде қаржыландыру қарастырмақ. Жалпы, жыл көлемінде өңірде облыстық маңыздағы алты және аудандық маңыздағы бес автожолды орташа жөндеуден өткізу жоспарланған. Бұл жөнінде облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы хабарлап отыр.

Қазіргі уақытта орташа жөндеуден өтетін облыстық маңыздағы автожолдар белгіленіп те қойған. Атап айтсақ, биыл Бородулиха-Жезкент, Шүлбі-Жаңа Шүлбі, Өскемен-Самар, Семей-Курчатов, Семей-Қарауыл және Үлкен Нарын-Күршім бағытындағы тасжолдарға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілмек.

«Анықталған алты автожолдың жөндеу жоспары облыстық бюджеттік комиссияға қарап, бекіту үшін жолданды. Жол жөндеу жұмыстарының жоспары бекітілгеннен кейін толық ақпарат қосымша хабарланатын болады», - дейді ШҚО Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмәділов.

Бұдан бөлек, биылғы жылы Мақаншы-Келдімұрат, Парыгино-Кутиха, Технологиялық тас жол-Парыгино, Жамбыл-Дайыр-Көкжыра, Ақтоғай-облыс шекарасы сияқты аудандық маңыздағы тасжолдардың да орташа жөндеуден өткізілуі жоспарланған

Азамат ТЕМІРБЕКОВ

Өзгелердің жаңалығы