Биыл Сарыарқа ауданында 100-ден астам аула мен қоғамдық кеңістік жөнделеді – Көлгінов
12 Мамыр, 23:38 437

Биыл Сарыарқа ауданында 100-ден астам аула мен қоғамдық кеңістік жөнделеді – Көлгінов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Сарыарқа ауданын дамыту мәселесі жөнінде жергілікті тұрғындармен кездесті.

Кездесуіміз 3 сағатқа созылып, «ашық микрофон» форматында өтті. Ниет білдіргендердің бәрі толғандырған сауалдары мен ұсыныстарын айтты, – деп жазды әкім әлеуметтік желідегі парақшасында.

Қала әкімі алдымен атқарылған шаруаларға тоқталды.

Қала тұрғындары инженерлік желілер, жолдар мен тротуарлар, әлеуметтік нысандар, аулалар мен қоғамдық кеңістіктер салу, тұрғын үй кешендерін жөндеу, ықшамдалған құрылыс, аялдамалар орнату, жаңа автобус бағыттарын іске қосу, интернет, жылу және қараусыз қалған желілер секілді түрлі мәселелерді көтерді. Мәселен қаланың энергия торабын күшейту үшін 3,4 км жылу желісі салынды және қайта жаңартылды, 1000 мекенжай бойынша қараусыз қалған желілер анықталып, теңгерімге алынды.

Өздеріңіз білетіндей, Сарыарқа – халық тығыз орналасқан аудан. Мұнда шамамен 345 мың адам тұрады, жеке секторлары да бар. Экологияны жақсарту үшін газ тарату желісі салынды. Елорданың екі ауданы, оның ішінде Сарыарқа ауданы толығымен газдандырылған. Сарыарқа ауданында 1700-ге жуық отбасы көгілдір отынға көшті. Бұл экологиялық жағынан да тиімді әрі тұрғындардың да өмірін жеңілдетеді. Бұдан бөлек тағы 2800 отбасы техникалық шарттар алды.

Сонымен  қатар, қалада биылға жоспарланған жұмыстармен таныстырды.

Биыл қалада 100-ге тарта көше салу және жөндеу жоспарланып отыр. Сарыарқа ауданында былтыр 110 көшеде жарықтандыру жұмысы жүргізілген болатын. Сол сияқты ауданда бірқатар әлеуметтік нысандар салынып, 100-ден астам аула мен қоғамдық кеңістік абаттандырылып, жөнделеді.

Алтай Көлгінов кездесу барысында түскен сұрақтарды шешуді қысқа мерзімді, орта мерзімді және ұзақ мерзімді деп бөліп, олардың іске асыру уақытын белгілейтіндігін жазды.

Айта кетейік, бас шаһарды дамыту мәселесі тікелей Мемлекет басшысының бақылауында.


Фото: дереккөз
Загрузка...