Бас жаңалықтар
Биыл Үржар ауылындағы әуежай қайта жөндеуден өткізілуі мүмкін
19 Ақпан 2019, 17:47 347

Биыл Үржар ауылындағы әуежай қайта жөндеуден өткізілуі мүмкін

Өскемен, BAQ.KZ тілшісі. 2019 жылы Үржар ауылындағы әуежай қайта жөндеуден өткізіліп, жолаушыларды қабылдау көлемі кеңейе түсуі мүмкін. Бұл жайында ШҚ Аймақтық коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихатын өткізген облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмәділов хабарлады.

Соңғы жылдары Шығыс Қазақстанның демалыс аумақтарының бірі саналатын Алакөл аймағына ерекше көңіл бөлінуде. Көл маңындағы инфрақұрылым жаңартылып, жолдар жөнделді, демалушылардың жайлылығы үшін жағажайлар абаттандырылып, межелі жерге тез жету қамы да қолға алынды.

«Қазіргі уақытта Өскемен қаласынан Семей арқылы Үржар ауылына субсидияланған ұшақ жолаушыларды тасымалдайды. Билет бағасы бір бағытқа 10 мың теңгені құрайды. Сондай ақ облыс орталығынан Зайсан қаласына да ұшақ қатынасы жолға қойылған. Мұнда Зайсанға тартқан жолаушы билетті бір бағытқа 8 мың теңгеге сатып алады. Бұдан бөлек, жаз мезгілінде Үржар ауылынан Астана және Алматы қалаларына ұшақ ұшатын болады».- деді Нұржан Сайлаубекұлы.

Үржар ауылындағы әуежайды қайта жөндеуден өткізу жоспарланып отырғанын алға тартқан жауапты тұлға, қазіргі уақытта оның жобалық-сметалық құжаттамасын дайындауға қажетті қаражаттың бөлінгенін хабарлады.

«Жобалық-сметалық құжаттамасы дайын болған соң әуежайда қайта жөндеу жұмыстарын бастайтын боламыз. Сонымен бірге, Зайсан қаласындағы әуежайды да қайта жөндеуді жоспарлап отырмыз», - деді Нұржан Жұмәділов.

Қоса кетсек, қазіргі уақытта Шығыс Қазақстан облысының Өскемен және Семей қалаларындағы әуежайлар халықаралық бағытқа жолаушы тасымалдаумен айналысса, Зайсан, Катонқарағай және Үржар аудандарындағы әуежайлар облысішілік және республикаішілік бағыттағы әуе кемелерін қабылдайтын "D" санатты әуежайлар қатарына жатады.

Азамат ТЕМІРБЕКОВ

Сізден жаңалық