Биыл Петропавл қаласында 7 саябақ ашылады

24 Сәуір 2021, 16:44
1677
Бөлісу:
Биыл Петропавл қаласында 7 саябақ ашылады

Солтүстік Қазақстан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл жайында жалпықалалық сенбілікке шыққан Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов айтты. Облыс орталығын абаттандыру жұмыстары биыл да жалғасын табады.

Петропавлдықтар әлеуметтік желілерде өте белсенді. Жуырда Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының артындағы саябақ жабық, ешкім қарамайды дегенді оқып қалдым. Осыған дейін айналасындағы темір қоршауды алып тастаған едік. Енді міне, бүгін сенбілікті осы жерде ұйымдастырып, тұрғындардың да, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы қызметкерлерінің де назарын осы жерге аударғым келді. Алдағы уақытта осы жерге де қарап, халықтың қыдыруына, бос уақытын өткізуі үшін жағдай жасалуын қамтамасыз ету қажет. Ол үшін алдымен тазалық керек. Бұл мәселеге келгенде тек коммуналдық қызметтер ғана емес, тұрғындар да бей-жай қарамағаны дұрыс, - деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Облыс әкімінің айтуынша, былтыр Петропавлда 5 саябақ ашылса, биыл тағы 7-еуін салу жоспарланған. Брусиловский көшесіндегі саябақтың аумағы үлкейтіледі. Жуков көшесінің бойында жаңа аллея пайда болады, облыстық Қуыршақ театрының алдында балаларға арналған демалыс орны, жаңа қазақ театрының жанында және Алтынсарин көшесінің бойында жаңа саябақ ашылады. Сонымен қатар тұрғын үйлердің аулаларын көркейту жұмыстары да жалғаспақ.

Биыл Петропавл қаласында 7 саябақ ашылады

Өткен 4 жылда Петропавлдағы 386 ауланы жаңа кейіпке енгіздік десек те болады. Аула ішіндегі жолын қайтадан төсеп, балаларға ойын алаңдарын салдық. Ескілерін бұзып, жаңартып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасаудамыз. Бұған қоса, автокөлік иелері үшін қалада 45 тегін автотұрақ салдық, биыл тағы 47-сі жасаймыз. Бұл жұмыстардың барлығы да шаһарымызды көркейтіп, өмір сүруге ыңғайлы қала жасау үшін атқарылып жатқан жұмыстар, - дейді өңір басшысы.

Қаланы көркейту үшін ескі үйлер мен қала сиқын кетіретін жабайы сауда нысандарынан арылу жұмыстары да жалғасуда. Соның бірі Интернационал мен Астана көшесінің қиылысындағы «көтерме сауда орталығы» базары.

Нысанның иесі контейнерлердің орнына 18 қабатты 2 коммерциялық үй тұрғызуды қолға алмақ. Ал базар Зиксто зауыты жанындағы алаңға көшіріледі. Құрылыс жүргізу барысында жаңа заманауи тәсіл қолданылады. Үйлерді жабық екі деңгейлі автотұрақпен байланыстыру жоспарланған. Оның үстіне балаларға арналған ойын және спорт алаңы салынады. Бұл үйлер осы ауданды дамытудың бастапқы нүктесі болады. Өйткені бұл маңайда ескі үйлер көп. Бұл біріншіден инвесторлардың қызығушылығын ояту үшін де жақсы, - деді облыс әкімі Құмар Әргебайұлы.

Биыл Петропавл қаласында 7 саябақ ашылады

Қазір Петропавлды дамыту ісі жақсы жүргізіліп жатыр. Әсіресе құрылыстың қарқыны өте жоғары. Осы салаға қаржы құюға ниетті инвесторлар да көбейген. Былтыр облыс орталығында 48 құрылыс алаңы болса, биыл 56 жерде жұмыс қызады. Жалпы былтыр 24 көпқабатты үй тұрғызылған болатын, биыл тағы 23-і салынбақ. Қазір жұмыстар негізінен «Жас өркен», «Береке» шағын аудандары мен Уәлиханов көшесінің бойында жүріп жатыр. Ендігі кезек «Жағалау» мен «Копай» шағын аудандарында.  

Сондай-ақ еліміздегі ең ірі құрылыс компанияларының бірі өз қаражатына Есіл өзенінің бойында «Жағалау» мөлтек ауданында тұрғын үй кешенін салуды қолға алмақ.

Өзгелердің жаңалығы