Биыл Павлодар облысында жемқорлыққа жол берген бес полицей жұмыстан босатылды

20 Қыркүйек 2019, 20:31
1729
Бөлісу:
Биыл Павлодар облысында жемқорлыққа жол берген бес полицей жұмыстан босатылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Облыстық полиция департаментінде ішкі істер органдарындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері талқыланды. Бұл туралы pavlodarnews.kz сайтында хабарланды.

Дөңгелек үстел форматында өткен отырысты ашқан облыстық ПД бастығы, полиция генералы Амантай Әубәкіров департамент бірінші кезекте қоғаммен сындарлы диалог құруға мүдделі екендігін жеткізді. Облыстық Полиция департаменті өзіндік қауіпсіздік басқармасының бастығы полковник Асқар Серғазин қатысушыларды тәртіп сақшылары арасында жемқорлықтың алдын алу мақсатындағы жұмыспен таныстырып өтті.

«Мәселен, жылдың басынан бастап 98 жедел алдын алу және рейдтік іс-шара өткізілді, нәтижесінде 51 құқық бұзушылық анықталды. Тәртіптік жауапкершілікке 25 қызметкер тартылса, үш адам ішкі істер органдарындағы қызметтен босатылды. Одан бөлек, жемқорлықтың алдын алу бағытында БАҚ және әлеуметтік желілердегі сын жариялымдарына күнделікті мониторинг жүргізіледі», - деді Асқар Серғазин.

Асқар Серғазиннің айтуынша, аталған жұмыстың нәтижесінде алты қызметтік тексеру жүргізіліп, үш полицейге қатысты тәртіптік жаза қолданылса, екеуі қызметтен босатылды. Павлодар облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы департаментінің басшысы Айдар Тастеміров полициядағы қылмыстық топтардың ықпалы тыйылғанына ризашылығын білдіре отыра, тәртіп сақшыларын «Ертіс – адалдық алаңы» жобасына белсене қатысуға шақырды.

Өзгелердің жаңалығы