Биыл "Музей түні" онлайн өтеді

16 Мамыр 2020, 17:37
2103
Бөлісу:
Биыл "Музей түні" онлайн өтеді

Алматы, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі 2020 жылдың 18 мамырында 15-ші рет "Музей түні" акциясын өткізеді. Пандемияға байланысты акция онлайн форматта өтеді.

Орталық музей 2006 жылы отандық музей ісі тарихында тұңғыш рет "Музей түнін" ұйымдастыруды алды. Сөйтіп осынау бірегей халықаралық мәдени-білім беру акциясына қосылды. 
Бүгінде бұл акция республиканың барлық музейлерінде өткізіліп келеді. Акция аясында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі қабырғасында он бес жыл бойы 50-ден аса көрме ұйымдастырылып, музей қорындағы бірегей және сирек кездесетін артефактілер келушілер назарына ұсынылды. Олардың қатарында орден, медальдар коллекциясы, ХІХ ғасырдағы самаурындар, көне сағаттар, XVIII-XIX ғғ. көркем керамика мен фарфор, тіпті көне египеттік фараон мумиясының қолы да бар, - делінген хабарламада. 

Келушілер сондай-ақ, Абай Құнанбаев, А.Байтұрсынов, С.Сейфуллин, Қ.Сәтбаев, Ә.Марғұлан, М.Төлебаев, Ш.Айманов, К.Кенжетаев сияқты көрнекті ғылым, мәдениет және өнер саңлақтары, қазіргі қазақстандық бейнелеу өнерінің негізін қалаған ХІХ ғ. соңы - ХХ ғ. Қазақстанның әйгілі суретшілері Н.Хлудов, Ә.Қастеев, Ф.Болкоевтардың туындыларымен танысты. 
 
Сонымен бірге "Алғашқы қоғам адамы", "Қола дәуіріндегі андроновтардың мәдениеті мен тұрмысы", тұңғыс шаманы, Қорқыт ата, Ыбырай Алтынсарин, қазақстандық мергендер сияқты «тірілген» кейіпкерлер мен «қайта оралған» тарихи кезеңдер келушілердің ерекше ықыласын тудырды.  

Биыл ҚР Орталық музейі келушілерге үйден шықпай-ақ Музей кеңістігі арқылы тарих пен мәдениет әлеміне саяхат жасауға мүмкіндік беріп отыр. Осы дәстүрлі де бірегей акция аясында сан алуан коллекциялар мен бағдарламалар таныстырылады.
Шараның бағдарламасында "Халықаралық музейлер күні" мерекесімен ҚР Мемлекеттік орталық музейі басшылығының және музей серіктестерінің құттықтауы, онлайн көрмелер, оның ішінде "Музей түні – 2020: 15 жылдағы ерекше оқиғалар хроникасы" ұсынылады. Сонымен қатар,  Онлайн шара аясында  "Бірегей артефакт: ҚР Мемлекеттік орталық музейі қорындағы бірегей заттың тарихы": "Аққу ішік", "Фивы жерлеу кешенінен әкелінген көне египеттік фараон мумиясының қолы", "Ділданың домбырасы" видео-таныстырылымдары көрсетіледі, - делінген хабарламада.

Өзгелердің жаңалығы