Еліміздегі орташа айлық еңбекақы - 233 мың теңге

10 Шілде 2021, 11:49
3371
Бөлісу:
Еліміздегі орташа айлық еңбекақы - 233 мың теңге

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өтіп жатқан Үкіметтің кеңейтілген құрамдағы отырысы кезінде белгілі болды. Өз баяндамасында осындай деректер келтірген Премьер-министр Асқар Мамин бюджеттік салада қызмет ететін азаматтардың еңбекақысын арттыру жалғасатындығын айтты.

Оның айтуынша, 600 мың педагогтің жалақасын 25%-ға көбейту қамтамасыз етілсе, 247 мың медициналық қызметкер үшін 20%-дан 30%-ға дейін жоғарылату назарда.

Әлеуметтік жұмысшылардың еңбекақысы 21 мың штаттық бірлікті қамти отырып, 50%-ға дейін өсті. 82 мың мемлекеттік қызметкердің жалақысы көбейтілді. 1 шілдеден бастап жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері үшін 1,9 есе өсетін болады. Орталық мемлекеттік органдардың қызметкерлерінің жалақасы 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2024 жылға дейін жыл сайын 30%-ға өсіп отырады, - деді Асқар Мамин.

Айта кететін жайт, педагогтердің орташа айлық еңбекақысы 253 мың теңгеге дейін, дәрігерлердікі – 320 мың теңгеге дейін, әлеуметтік қызметкерлердікі – 180 мыңға дейін, мемлекеттік қызметкерлердің айлығы 267 мыңға дейін көбейген.

Ал еліміз бойынша орташа айлық еңбекақы биылғы жылдың 6 айы ішінде 233 мың теңгені құрап отыр.

Естеріңізге сала кетейік, дәл қазір бейнебайланыс режимінде Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр. Сонымен қатар Мамин инфляцияның өсуінің басты себебі – азық-түліктің қымбаттауы деген еді.


Өзгелердің жаңалығы