Биыл құрғақшылықтан жалпы өнімнің көлемі 2,3 пайызға төмендеді - Қарашөкеев

3 Желтоқсан 2021, 11:11
1118
Бөлісу:
Биыл құрғақшылықтан жалпы өнімнің көлемі 2,3 пайызға төмендеді - Қарашөкеев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенатта өткен парламенттік тыңдауда Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев 10 айдағы көрсеткіштерге тоқталды.

Осы жылдың 10 айында саланың жалпы өнімінің көлемі 2,3%-ға төмендеп, 6,4 трлн теңгені құрады. Оның басты себебі - биылғы аномалды құрғақшылық. Соның салдарынан өсімдік шаруашылығының өнімі 6,1%-ға азайды. Ал мал шаруашылығында өнім 3,7%-ға, тамақ өндірісінде 3,6%-ға өсті, - деді министр.

Ербол Қарашөкеев баяндағандай, саланың негізгі капиталына құйылатын инвестициялар тұрақты түрде өсіп, олардың жалпы көлемі 41,9%-ға көбейді, бұл көрсеткіш тамақ өнеркәсібінде 5,9%-ға артты.

Алайда сала әлі де болса тәуекелі жоғары, табиғи-климаттық жағдайларға тәуелді болып отыр. Оның негізгі себептері – техникалық және технологиялық артта қалушылық пен өндірістегі экстенсивтік әдістердің басымдылығы. Атап айтсам, өсімдік шаруашылығы әртараптандыруды аяғына жеткізуді қажет етеді. Онда қолданыста артта қалған агротехнологиялар әлі де болса басым, ауыспалы егіс қағидалары дұрыс сақталмайды, топырақ құнарлылығы төмендеп отыр, - деп түсіндірді министр Сенатта.

Ауыл шаруашылығы министрінің айтуынша, мұның бәрі жер процестерін бақылаудың жетік тетіктерінің әлі де болса жоқтығынан болып отыр. Сонымен қатар селекцияның ескірген әдістеріне негізделген тұқым шаруашылығы жүйесі де уақыт талаптарына сай емес және соның салдарынан тұқымдар бойынша импортқа тәуелді болу қауіпі бар.

Өзгелердің жаңалығы