Бас жаңалықтар
Биыл көпбалалы отбасыларға 12 мың пәтер беріледі
09 Сәуiр 2019, 10:11 1020

Биыл көпбалалы отбасыларға 12 мың пәтер беріледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев Үкімет отырысында көпбалалы отбасыларды баспанамен қамту мәселесі туралы баяндады. 

«Келесі мәселе – осы аналарды әлеуметтік қолдаудағы пәтермен қамтамасыз ету. Жоспар бойынша жылына 6 мыңға жуық жалдамалы пәтер, оған 2019-2020 жылдары ТҮҚЖБ арқылы жеңілдетілген займмен қосымша 6 мыңға жуық үйлер беріледі», - деді Бердібек Сапарбаев Үкімет отырысында.

Министр 7 жылда ең кемінде 40 мыңға жуық жалдамалы пәтер, оған қосымша үш жыл ішінде ТҮҚЖБ арқылы жеңілдетілген займмен ең кемінде 18 мың пәтер берілуі керек екенін айтты. Осының барлығын есептегенде осы мерзімде жалпы 54 мыңға жуық пәтер берілуі қажет. Оның 12 мыңы биыл беріледі деп жоспарланып отыр.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі биыл 370 мыңға жуық жұмыс орны ашылатынын, оның ең кем дегенде 285 мыңы көпбалалы отбасыларға арнап ашылатынын айтты.

Естеріңізге сала кетсек, Бердібек Сапарбаев Мемлекет басшысының, Премьер-министр тапсырмасына сәйкес Гүлшара Наушанқызы бастаған үкімет мүшелері 7 өңірі мен Нұр-Сұлтан қаласының кейбір ауданында 40-қа жуық, 5 мыңға жуық адам қатысқан кездесулер өткізген. Ол кездесулердегі негізгі көтерілген мәселелер: бірінші – пәтермен қамту, екінші – жұмыс орны, үшінші – атаулы әлеуметтік көмектің мөлшерін көбейту, төртінші – мүмкіндігі шектеулі азаматтарды техникалық құралдармен қамтамасыз ету.

Сонымен қатар, бұған дейін Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев 340 мың көпбалалы анаға қалай қолдау көрсетілетіні туралы айтқан болатын.

Фото: ашық дереккөз
Загрузка...