Биыл ипотекалық кредит беру айтарлықтай ұлғайған

13 Қазан 2021, 17:02
4712
Бөлісу:
Биыл ипотекалық кредит беру айтарлықтай ұлғайған

Алматы, BAQ.KZ. ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2021 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша ипотекалық кредит беру бойынша мәліметтерді жариялады.

Агенттіктің мәліметінше, соңғы жылдары ипотекалық қарыздар портфелінің айтарлықтай өсуі байқалған, 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 2,8 трлн теңге немесе экономикаға берілген кредиттердің 17%-ын құраған (жыл басында – 16,2%).

Жыл басынан бері ипотекалық қарыздардың өсуі 2020 жылдың ұқсас кезеңіндегі 14,6%-дан жеделдеп (2020 жылы – 34,3%), 18,1%-ды құрады.

Ипотекалық портфельдің жалпы көлеміндегі ең үлкен үлес мына банктердің еншісінде: 

«Отбасы Банк» АҚ – 58%, 

«Сбербанк» АҚ ЕБ – 17%, 

«ЦентрКредит Банкі» АҚ – 13%. 

Ипотекалық кредиттер негізінен еліміздің ірі қалалары – Алматы (23,2%) және Нұр-Сұлтан (28,6%) қалаларында шоғырланған,-делінген хабараламада.

Соңғы жылдары ипотекалық кредит беру көлемінің айтарлықтай ұлғаюына қарамастан, оның елдегі ЖІӨ-ге қатынасы ЕАЭО-ға қатысушы елдерден айтарлықтай төмен екен. Ипотекалық кредиттер көлемінің ЖІӨ-ге қатынасы тамыз айының қорытындысы бойынша Қазақстанда 3,8%-ды, Ресейде – 9,5%-ды , Беларусьте – 6,7%-ды , Арменияда – 6,7%-ды құрапты.

Қаңтар-тамыз айларында жаңадан берілген ипотекалық қарыздар көлемі 2020 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 2,1 есе 1 032 млрд теңгеге дейін өсті, бұл 2020 жылы берілген қарыздардың жылдық көлемінен 6,6%-ға жоғары (2020 жылы – 967,7 млрд теңге). Ипотекалық қарыздарды беру көлемінің өсу факторларының бірі азаматтардың зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алуы болды, олар ипотекалық тұрғын үй қарызын алу мақсатында бастапқы жарна салу үшін пайдаланылды, - делінген хабарламада.

Жылжымайтын мүлік нарығындағы бағаның өсуі ұсыныстардың ұлғаюына қарамастан жалғасуда. Биылғы 8 айда пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы алаңы 10,5%-ға ұлғайып, 8,9 млн ш.м. (2020 жылғы 8 айда – 8,1 млн ш.м.) болған.

Тұрғын үйге сұраныстың өсуін сатып алу-сату мәмілелерінің рекордтық саны куәландырады, ол 2020 жылғы 8 аймен салыстырғанда, 2,1 есе (177,6 мың мәміле) ұлғайып, 2021 жылғы 8 айда 370,2 мың мәміле болыпты.

Өзгелердің жаңалығы