Биыл білім қызметкерлерінің жалақысы өседі

20 Сәуір 2019, 10:32
2331
Бөлісу:
Биыл білім қызметкерлерінің жалақысы өседі

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Биыл жалақысы аз білім қызметкерлерінің жалақысы үстемеленеді. Бұл жөнінде Өскемен қаласына атбасын бұрған еліміздің Білім және ғылым министрі Күләш Шамшидинова хабарлады.

«Білім қызметкерлерінің жалақысы мынадай үш санат бойынша өсетін болады: біріншісі негізгі персонал, яғни мектептер мен мектепке дейінгі мекемелердің педагогтары, мектеп психологтары, әдіскерлер, екінші санат техникалық персонал, оларға кіші қамту қызметкерлері, электршілер, сантехниктер жатады. Келесі санат басқарушы персонал, яғни мектеп директорлары, олардың орынбасарлары, балабақша меңгерушілері. Қазіргі уақытта Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен қажетті есептеулер жүргізілуде», - деді Күләш Шамшидинова.

Министрдің айтуынша, бюджеттен бөлінетін қаражаттың 75 пайызы білім саласына бағытталатын көрінеді. Бұл еліміздің 500 мың білім саласы қызметкерін қамтиды деген сөз.

«Біз Тәуелсіздік алғаннан бері елімізде 1672 мектеп салсақ, оның 143-і Шығыс Қазақстан облысында бой көтерген. Соңғы жылдары білім сапасына көбірек көңіл аударыла бастады. Бұл ретте педагог кадрлардың білім деңгейі назарға жиі алынуда. Естеріңізде болса, біз мектептерді жаңартылған оқу мазмұнына көшіруге деген дайындықты 2012 жылдан бастаған болатынбыз. Алдағы үш жыл көлемінде 143 мың ұстазды біліктілігін көтеру курстарынан өткіземіз. Сонымен қатар мектеп психологтары мен сынып жетекшілерінің біліктілігін көтеру бойынша арнайы бағдарламалар дайындап жатырмыз», - деді Күләш Ноғатайқызы.

Бұл бүгінгі күннің талабы екенін алға тартқан министр ханым қазіргі уақытта психолог көмегі оқушыларға ғана емес, сондай-ақ олардың ата аналары мен мектеп мұғалімдеріне де қажет екенін айтты. Мұндай курстардан ата-ана мен бала арасындағы байланыстыратын буын сынып жетекшілері де қалыс қалмайды. Бұдан бөлек, колледждер мен жоғары оқу орындарының 17 мыңнан астам оқытушысы да біліктілікті арттыру курстарынан өтпек.

«Бұл бірінші кезекте педагогикалық кадрларды даярлайтын жоғары оқу орындарына қолданылмақ. Сондай-ақ, бүгінгі таңда қазақ, орыс және ағылшын тілі пәндері мұғалімдерінің әлеуетін арттыру қажеттігі туындап отыр. Ғылым мен техника тілінің ағылшын тілі екенін естен шығармауымыз керек. Мысалы бағдарламалаудың алты тілі ағылшын тілінде жасалған. Сондықтан заман ағымынан қалып қоймас үшін жоғары сыныптарда жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқытуымыз керек», - деді министр.

 

Өзгелердің жаңалығы