Биыл Ақтөбе өңіріне 40 мың тонна тұқым себіледі

31 Қаңтар 2021, 22:26
1535
Бөлісу:
Биыл Ақтөбе өңіріне 40 мың тонна тұқым себіледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Өткен жылы басталған әлемдік пандемия облыс экономикасының көптеген  салаларына  кері әсерін тигізгенімен, ауылшаруашылық саласында оң динамика сақталып, өнім мен өсім қатар өскен. Бұл туралы жылды қорытындылаған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембай тікелей желі арқылы өткен баспасөз мәслихатында айтты.

Аqtobegazeti.kz сайтының мәліметіне қарағанда, былтыр 324,7 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, саладағы өсім былтырғы жылмен салыстырғанда 6,7% пайызды құраған.

Ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау мақсатында ағымдағы жылы республикалық және жергілікті бюджеттен 19,1 миллиард теңге субсидия бөлінді. Оның 4,4 миллиард теңгесі  мал азығын субсидиялауға жергілікті бюджеттен төленген. Қалған 1,049 миллиард теңге алдымыздағы ақпан айында төленетін болады.

Былтыр шаруашылықтарға түрлі мемлекеттік бағдарламалар аясында 25,0 миллиард теңге жеңілдетілген несие берілді. Соның арқасында ауылдық жерлерде кәсіпкерліктің тамырына қан жүгірді. Облыстың өрісі асылтұқымды малмен толықты. Мемлекеттік бағдарламалар аясында 13443  ірі қара, 23217  қой-ешкі сатып алынды.

Нағыз егін салу науқанына тап келген карантин шаруаларға тұсау бола алмады. Көктемгі егіс жұмыстары агротехникалық талаптарды сақтай отырып, уақтылы жүргізілді. Өсімдік шаруашылығына 863,1 миллион теңге субсидия төленді. Қолдау шараларының нәтижесінде 447,8 мың гектар алқаптан 513,8 мың тонна дәнді дақыл, 45,9 мың гектар алқаптан 35,4 мың тонна майлы дақыл алынды. Биыл бұдан әрі  көп өнім жинауға үміттеніп отырмыз. Себебі оған техника да, тұқым да бар жеткілікті, — деді басқарма басшысы.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес республикалық бюджеттен қомақты қаражат бөлініп, үнемі суармалы және көлтабанды суармалы жерлерді қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Оның нәтижесінде өңір жергілікті картоп, көкөніс өнімдерімен және сапалы мал азығымен қамтамасыз етілетін болады.

Мол өнім алу үшін ауылшаруашылық техникалардың да рөлі зор. Өткен жылы 929 әртүрлі техника сатып алынған. Бұрын техникаға мемлекеттің субсидиясы 25 пайыз болса, енді 30 пайыз төленеді. Бұл — шаруалар үшін жағымды жаңалық. Биылғы көктемде егіс даласына дайындық жұмыстары басталып кетті.

Облыстың  10 ауданы егін салумен айналысады. Қазіргі таңда 40 мың тонна тұқым дайындалып, шаруа қожалықтарына таратылып жатыр.

Өзгелердің жаңалығы